Латвияға жуырда қоныс аударған ресейлік эмигранттар Ресейден неге кеткендерін түсіндірді.
Ригаға көшіп келген бұрынғы мәскеулік үш азамат Ресей саясатының беталысынан сақтанып, Латвияға қоныс аударуға мәжбүр болғандарын айтады.
ЖУРНАЛИСТ КОЛПАКОВ
«Лента. ру» сайтының арнайы тілшілер бөлімінің бұрынғы басшысы, қазан айының басынан бері Ригада тұрып жатқан Иван Колпаков қазір тәуелсіз «Медуза» жаңалықтар порталында жұмыс істейді. Ол «өзімді эмигрант санамаймын, ұзақ іссапарда жүрмін деп есептеймін» дейді.
«Бұрынғы Совет Одағы елдерінің біріне немесе Израильге кетуді ойлағанбыз. Бірақ Мәскеуден Ригаға дейін ұшақпен бір сағатта жетесің, әрі екі қаланың уақыт айырмашылығы жоқ. Заңдары түсінікті, қызметкерлерді заңдастыру процесі де белгілі. Оның үстіне, мұнда қымбатшылық жоқ, жұрттың бәрі орысша біледі. Жазатын адам үшін бұл да маңызды. Компания ашып, Ригадан қызметкерлер іздедік. Мұндағы заң бойынша, жұмысқа әуелгі кезекте жергілікті тұрғындарды алу керек. Бірақ Латвияда Ресейдің саяси-қоғамдық өмірін жақсы білетін, орыс тілінде жақсы жазатын адам аз, әріптестеріміздің көбін Ресейден әкелуге тура келді» деп түсіндіреді Иван Колпаков.
— Мұнда 20 шақты адамбыз, негізі Ресейден кетуді ешқайсымыз армандаған емеспіз. Бізді елден ешкім қуған жоқ. Алайда Ресейдегі қазіргі қоғамдық-саяси ахуал көбіміздің «тынысымызды» тарылтты. Бірақ Ресейді бәріміз жақсы көреміз әрі сонда тұрғымыз келеді. Мұнда шаруа бабымен келдік. Басылымды күнделікті шығару үшін осылай біршама адам көштік, — дейді ол.
Бас редактордан өзге әріптестері сияқты Колпаковтың да жұмыс істеуге рұқсат беретін ықтиярхаты бар. Бірнеше жылға берілгенімен, ықтиярхатты жыл сайын ұзартып тұру керек. «Егер ертеңгі күні бас редактор менімен еңбек шартын бұзғысы келсе, Латвиядан кетуіме тура келеді» деп түсіндіреді журналист. Колпаков Ригаға әзірше үйде отырған әйелімен бірге келген.
Колпаковқа мұнда құжаттардың тез әрі ашық рәсімделетіні, шенеуніктердің тиісті нұсқаулықты бұлжытпай орындайтыны ұнаған. Редакция қызметкерлері пәтер жалдап тұрады.
— Бәріміз Мәскеуден келгендіктен мұнда бәрі арзан әрі жылжымайтын мүлік нарығы тиімді көрінеді, — дейді Колпаков.
АУДАРМАШЫ КУЗЬМИН
Тамыздың аяғында Латвияда тұруға ықтиярхат алған ақын, аудармашы әрі баспагер Дмитрий Кузьминнің мұнда келгеніне бір жарым ай болған. Ол Рига қаласын таңдау себебін: «Ақшасы аз адамдардың Ресейден заңды жолмен кету мүмкіндігі аз. Бір жағдайларыма байланысты (Кузьмин өзінің гей екенін жасырмайды, бір ай бұрын Латвияда қызы дүниеге келді – ред.) оқытушы ретінде виза ала алмадым. Мұның алдында АҚШ-тың Принстон университетінде жарты жылдай сабақ бергенмін. Сол жақта қалуыма да болушы еді, бірақ онда тиісті адамдарымның бәрін көшіре алмадым» деп түсіндіреді.
Бұрын мұнда адам басына немесе отбасына шаққанда 74 мың еуроға үй сатып алғандарға уақытша ықтиярхат жеңілдікпен берілетін. Бірақ қыркүйектен бастап ықтиярхаттың бағасы 250 мың еуроға қымбаттап кетті. Мұнша ақшасы жоқ Кузьминнің Ригаға бұрынғы бағамен көшіп келуге екі ай ғана уақыты болған. Ол үй сатып алған Озолниеки кенті Ригадан шамамен 40 шақырымдай жерде. Бұл — ықтиярхатты жеңілдікпен беретін Ригаға ең жақын елдімекен. Дмитрийдің айтуынша, үй сатып алғанын растайтын құжаттарын өткізген соң 14 күннен кейін ықтиярхат алған.
— Эмиграция сияқты үйреншікті өміріңді түбегейлі өзгертетін шешімді ойланып-толғанып барып қабылдайсың. Латвияға жайлы өмір іздеп келген жоқпын, ішкі еркіндікті іздеп келдім. Былайша айтқанда, Ресей мемлекетінен аулақ жүргім келді. Озолниеки өңірінің Озолниеки кентінде тұрып жатқалы Ресейге еш қатысым жоқ, соған қатты қуанамын, — дейді Дмитрий Кузьмин.
БИЗНЕСМЕН СОЛОДОВ
Бизнес-кеңесші Александр Солодов Латвияға жұбайы және екі баласымен бір жыл бұрын көшіп келген. Ол қоныс аудару себебін: «Экономикадан біраз хабарымыз бар, әйелім екеуміз Ресейде көп ұзамай дағдарыс болатынын 2011 жылдан бастап болжай бастадық. Отбасымның қауіпсіздігі, әсіресе екі баланың әкесі ретінде Мәскеуде есірткіні еш қиындықсыз сатып алуға болатыны мені алаңдатты. Еуропадан отбасымызға қауіпсіз орын тапқымыз келді» деп түсіндіреді.
Цесисе деген шағын қаладан бірін — 28 мың еуроға, екіншісін 46 мың еуроға екі пәтер сатып алып, ықтиярхатқа жеңілдікпен қол жеткізген Солодов Латвияға былтыр желтоқсанда көшіп келген. Кейін Латвия астанасынан пәтер сатып алып, сонда көшкен. Ал «инвестициялық» баспанасын жалға беріп, көп болмағанымен, тұрақты кіріс көзіне айналдырған. Бүкіл отбасы, дүние-мүлкімен Латвияға көшу процесіне бес ай уақыт кеткен.
Латвияға келгеннен кейін Солодов мұндағы жұртты мұқият бақылап, алғашқы жылдың соңына қарай саяси карта туралы өз пікірін қалыптастырған.
— Адамның негізгі құқықтарын қорғау тұрғысынан алғанда, мұндағы жағдайға разымыз. Мұнда сайлау да әділірек өтеді, полиция да адал жұмыс істейді, шенеуніктері де адамға жанашыр. Туған елімізден гөрі мұнда бақыттырақпыз, — дейді ол.
Оның үлкен ұлы жетінші сыныпта тегін оқиды. Мектепте сабақ екі тілде жүреді, оқу пәндерінің шамамен 70 пайызы мемлекеттік тілде оқытылады. Баласы сабақтарға репетитор көмегімен дайындалады. Физика, химия, геометрия сияқты оқулықтарды латыш тілінде түсіну қиын болғанымен, мұғалімдер әрқашан балаға көмектесуге әзір тұрады.
— Мәскеуде әзірше клиенттерім бар әрі шекара ашық тұрғанда ақша тауып қалу үшін бір апта үйде болсам, бір апта іссапарда жүремін. Екатеринбург немесе Новосибирскіде тұратын мәскеулік немесе питерлік кеңесші өмірінен менің қазіргі өмірімнің әзірше ешқандай айырмасы жоқ, — дейді ол.
Бірақ Солодов Украина, Беларусь, Қазақстан сияқты басқа елдерден де клиент тапқысы келеді.
Латвияның бұрынғы парламенті ресейліктерге арналған инвесторлық ықтиярхат бағдарламасын жабу туралы заң жобасын бірінші оқылымда қабылдаған еді. 2010 жылғы шілденің 1-інен бері бұл бағдарламаны 10 мың ресейлік тұрғын Еуропаға кетудің қосымша мүмкіндігі ретінде пайдаланған. Егер жаңа сейм заң жобасын бекітсе, қыркүйектен бері онсыз да тарыла бастаған «Еуропаның есігі» мүлде жабылып қалмақ. Енді Латвияға қоныс аудару үшін жұмыс беруші іздеуге тура келеді немесе саяси босқын мәртебесін алуға тырысып көруге болады. Латвияның азаматтық және иммиграция істері жөніндегі басқармасы сайтында жарияланған дерекке қарағанда, кейінгі жеті жылда саяси босқын мәртебесін 52 адам алған.
http://www.azattyq.org/content/latvia_and_russia_emigrants/26695578.html