«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры бұдан былай өздерінің ең үздік қызметкерлерін арнайы іріктеп, олардың білім арттыру мен тәжірибесін жетілдіруді үнемі бақылауда ұстап отырмақшы. Компанияның 2013-2022 жылдарға арналған кадр саясатына орай қабылданған «Топ-100» атты жаңа бағдарламаның тағы да бірқатар ерекшеліктері бар. Қор төрағасы Өмірзақ Шөкеевтің басқарумен өткен «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының тәуелсіз директорларының отырысында осындай жаңалықтармен қатар, алдағы бағыт-бағдарлар туралы талқылау жасалды. Екі жылдан бері тұрақты ұйымдастырылатын тәуелсіз директорлардың кеңесінде қорға қарасты құрылымдардың даму жайы пысықталды. Әрине, негізгі жұмысты атқаратын адам. Әсіресе. басқарушы топ-менеджерлерге де көп мәселе байланысты. Сондықтан да тоғыз жылға жоспарланған кадр саясатын жүргізуде еңбек ресурстарының сапасын көтеруге, біліктілік деңгейін жоғарылатуға және білім беру орталықтарын күшейту мен дуальдық оқыту жүйесін пайдалануға барынша назар аударылады. Ал мықты қабілетін ісімен дәлелдеген мамандар топтастырылатын «Топ-100» жобасына енген әрбір кадрдың жауапкершілігі зор болмақ. Әзірге мұқият жүргізілген іріктеудің нәтижесінде топқа 35 қызметкер өтіпті. – Сіздер, тәуелсіз директорлар әртүрлі компанияларда қызмет атқарғандарыңызбен негізгі мақсатқа жету жолында барлығымыз бір топпыз. Әрбір шешім қабылданар сәтте осы маңызды жайтты ұмытпауымыз қажет. Қорға қарасты компаниялардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, заман талабымен дамытуымыз аса жауапты. Осыны ескеріп дайындалған «Топ-100» бағдарламасындағы қызметкерлермен тәуелсіз директорлар жеке танысып, олардың келесі қадамдарын жіті қадағалау керек. Ал жалпы қордың басқару құрамындағы басшылардың қабілетін бағалау барысында олардың 30 пайызының біліктілігінің талапқа сәйкес келмейтінін білдік. Енді әлемдік үдерістерге жауап беретін компанияны қалыптастырғымыз келсе, жаңа қадамға қорықпай барып, қордың басқарушы құрамындағы кадрларға ауқымды реформа жүргізуге тиіспіз және оған дайынбыз, – деді Ө.Шөкеев. Төрағаның айтуынша, қор мен оған қарасты еншілес компаниялардағы басқарушы құрамдардың кәсіби біліктілігін саралау барысында, олардың 30 пайызының талапқа толықтай жауап бермейтіндігі анықталыпты. Енді 350 мыңдай қызметкері бар алып құрылымды алдағы күндері кезекті реформа күтіп тұр. Сонымен бірге тәуелсіз директорлар тобы корпоративті заңнаманы жетілді-руді ортаға салып, ішкі аудиттің міндеті мен «Халықтық IPO» бағдарламасын табысты жүргізудің жолдарын қарастырды. «Самұрық-Қазынаның» тәуелсіз директорларының бірі Питер Хауздың айтуынша, ағымдағы жылдың екінші жартысында нарықтық сатылымға KEGOC компаниясының акцияларын шығару көзделуде. Бейсенбай Дәулетұлы |