Ресейдің Қырымды өз құрамына озбырлықпен қосып алуы, әлемдегі 20 жылдан бері қалыптасып қалған қалыпты жағдайды мүлдем өзгертіп жіберуі мүмкін. Әлемдік сарапшылар үшінші дүниежүзілік соғыс басталмаса да, жаңа қырғиқабақ соғыстың басталуы бек мүмкін деген болжам айтуда.
Егер жаңа қырғиқабақ соғыс басталатын болса, бұның әлемдік экономикаға кері әсер етері анық. Әлемдік экономистер кемінде бес жаһандық салдары болатындығын айтады. Оның ең әуелгісі – Ресей мен Еуропа арасындағы энергетикалық ресурстар саудасы. Біріншіден, Еуропа Ресейге энергетика тасымалдау жағынан тәуелді. Жиырма жыл бойы Орталық Азия елдерінен және посткеңестік елдерден тасымалданатын газдың Ресейді айналып өтіп, Баку-Жейхан бағыты арқылы тасымалдануын қамтамасыз ете алмаған Еуропа үшін газ қымбаттайтыны анық. Алайда бұл ретте Батыстан бұрын Ресей экономикасының зардап шегетінін ұмытпаған жөн. Осыдан он жыл бұрын ЕО пен Ресей арасындағы сауда айналымы – 90 миллиард долларға жеткен болса, бүгінде оның көлемі 335 миллиард доллар. Германия газының 40 пайызы, Австрия газының – 50 пайызы Ресейден тасымалданады. Оның үстіне Ресейге тасымалданатын Еуропа экспорты Еуропаның ішкі жалпы өнімінің 0,6 пайызын құрайды. Егер Ресейге қарсы санкция жарияланса, екі ел арасындағы сауда кедергілері артады және Еуропа экономикасы да зардап шегетін болады.
Дегенмен, сарапшылар Ресейдің негізінен шикізатқа тәуелді екендігіне баса назар аударады. «Ресейдің мұнайдан өзге әлемге ұсынар өнімі аз. Одан өзге оның экспортының негізгі екі түрі – металл және химия – мұнай мен газдан доллар көлемі жағынан тым төмен. Әзірге экономиканы алға сүйреуші фактор – мұнай. Ресей күніне мұнайдың 10 миллион баррелін өндіреді (әлемдегі мұнай өндірісінің 13%-ы). Мұнайды экспорттау жағынан Сауд Арабиясымен қатар ірі экспортерге айналды. Мұнай мен газ экспорты Ресейдің жалпы ішкі өнімінің 20%-ын құрайды» деп жаза отырып, РБКdaily.ru порталы әлемге енді мұндай мұнай мен газдың қажеті болмай қалғандығын айтады. «Ресей қазір ескі әдіспен мұнайды бұрғылаумен өндіріп жатса, әлем сланц және мұхиттың тереңінен мұнай алатын жаңа технологияны ойлап тапты, энергияның жаңа көздерін пайдаланады және энергияны үнемдеуге көшті. Мәселен, АҚШ 2000 жылдардың ортасынан бастап, мұнай өндіруді 50 пайызға арттырды. Канада шамамен сланцтық құмнан өндірілген мұнайдың көлемін миллион баррельге жеткізді. Бразилия мұхиттың түбінен кен қазуға кірісті әрі мұнайдың жаңаша өндірісін он бес жылға ілгерілетуді көздейді. Көп жылғы тыйымнан кейін, мұнай рыногына Иран мұнайы шықпақ. Оның да мұнай өндіруші елдердің алдыңғы қатарында тұрғаны айқын» делінген онда. Яғни әлем Ресей мұнайына тәуелді емес. Керісінше, Ресей экономикасы мұнайдың әлемдік рыноктағы бағасына тәуелді. ВВС телерадиокорпорациясының орыс қызметі «Простите меня, я сразу не разобрался… Меня Янукович подставил!» атты мақала жариялады. Бұл мақалада Американың өзіндегі мұнай қорын айналымға шығара бастағандығы жайында айтылады. «Бүгін АҚШ 1990 жылдан бері сақтап келе жатқан стратегиялық қорын мұнай рыногына шығара бастады. Бұл 1990 жылдан бері тұңғыш рет қолға алынып отырған шара. Саудаға салынған 5 миллион баррель мұнай Америка мұнай қорының 1 пайызын ғана құрайды. Алайда оның әсері ойдағыдан да артып түсті. Нью-Йоркте мұнай бағасы бірден екі пайызға, 98 долларға дейін арзандаған. Ресей экономикасы үшін бұл өлімге тең. Бұл бүгін, ертең белгілі болатын жағдай емес. Алайда өте жақын болашақта мұнай бағасының құлдырауы Ресей экономикасына кері ықпал етпек» делінген онда. Өйткені мұнай сатудан түсетін қаржы Ресей қазынасының тең жарымын толтырады. Кремльдің 2014 жылғы бюджетіндегі мұнай бағасының баррелі 102 долларға есептелген. Оның құнының бұл бағадан құлдырауы бюджеттің орындалмауына бастауы мүмкін.
Қазір Ресейден шетелдік инвесторлар кете бастады, олармен бірге 20 жыл бойы құйылған капитал да кетпек. Ал шетелдік банктер ресейлік банктердегі қарыздарын талап етуде. Ресейдің алтын-валюта қорында 650 миллиард, доллар қорында 500 миллиард доллар ғана бар. Егер елден капиталдың кетуі дәл қазіргідей қарқынмен жалғаса беретін болса, алғашқы тоқсанда ол 70 миллиард долларға жетпек немесе ішкі жалпы өнімнің 3,2 пайызын құрайтын болады. Ресей мұнай, газ және өзге де минералдық байлықтарға бай. Бірақ соған қарамастан, Ресей жекелеген инвестициялардың жетіспеушілігінен зардап шегуде. Бұл инвестиция экономиканы диверсификациялап, оның тауарлық бағамының тұрақсыздығынан қорғар еді.
Әлемнің Ресейді өзге мемлекеттерден оқшаулауға талпынуы, сол арқылы жазаламақ ниеті – оның экономикасын тұралататындығын өзге түгілі Ресей саясаткерлерінің өзі мойындап отыр. Қазіргі есеппен Ресей импорты ішкі жалпы өнімнің 20 пайызын құрайды. Ал Ресейдің өзінде өндірілетін автомобильдер мен азық-түлік, өзге де тауарлардың біразы шетелдік фирмалар арқылы өндіріледі. Енді осы фирмалардың бәрі Ресейден кетуге мәжбүр. Бұндай жағдайда Ресей экономикасы Қытайға тәуелді болмақ.
Сонымен қатар, Қырым жағдайы Ресей мен Украина арасындағы қарым-қатынастың бәріне нүкте қояды. Ал Ресейге Қырымды аяғынан тұрғызу үшін де қаржы керек. Ресей Федерациясы Қаржы министрлігінің есебіне сілтеме жасай отырып, «Вести Экономики» газетінің жазуы бойынша, бюджет дефицитінің шығындарын жабу үшін 1 миллиард доллар қажет екен, ал Қырым бюджетін қалыптастыру үшін ай сайын федералдық бюджеттен айына 70-80 миллион доллар кететін болады.
Путин маңайындағы саясаткерлер жеке меншік капиталдың орнын толтыру мақсатында, мемлекеттік инвестицияны пайдалану керек деп есептейді. Алайда әлемдік экономистер бұндай қадамның ешқандай жақсылық әкелмейтіндігін айтады.
Тағы бір назарға алатын мәселе, әлем қорғаныс саласына бөлетін қаржысын бұрынғыдан бірталай төмендеткен болса, ол қаржы енді қайта молаятын болады. Мәселен, Берлин қабырғасы құлаған кезде Ұлыбритания ішкі жалпы өнімнің 4 пайызын қорғаныс саласына бөліп келсе, қазір оның көлемі – 3 пайыздан да төмендеп кетті. Ресейдің аумақтық агрессиясы жалғаса беретін болса, әскери шығындар өсе беретін болады.
Ресей экономикасына Қазақстан экономикасы да қатты тәуелді. Өйткені біз экономикалық одақтағы елміз. Ресей экономикасының құлдырауы біздің экономикамызды да құлдыратуы бек мүмкін. Наурыздың 25-інде Нидерланды астанасы Гаагада өткен Үлкен жетілік елдерінің бас қосуына қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев дүниежүзілік сауда ұйымына енуге дайын екендігімізді жеткізді. Әрине, дүниежүзілік сауда ұйымына мүшелікке өту – шет мемлекеттермен арадағы сауда кедергілерін жояды. Дегенмен, Кедендік одақты бірге жасақтаған Ресей экономикасы дағдарысқа ұшырап жатқанда, ол біздің экономикамызды айналып өтеді деу ойға қонымсыз. Өйткені Ресейде жақында орын алған девальвацияның ұшығы Қазақстанға да келді. Біздің теңге долларға шаққанда жиырма пайызға құлдырады. Бүгінде рубльдің жағдайы күн өткен сайын қиындап барады. Күн сайын құлдырауда, бұның біздің экономикамызға да тигізер әсері орасан.
Есенгул Кәпқызы