Еуропа Одағы елдерінің кейбір жеміс пен көкөніс түрлері нарығына Ресей эмбаргосы қалай әсер етіп жатыр?
Польшаның Краков қаласындағы туристер жақсы көретін Казимеж ауданындағы көкөніс сататын дүкеннің кірі берісінде ілінген үлкен плакатта қызыл алма толтырылған себет бейнеленген. Плакаттағы Putinówki деген жазудың астында қазір Польшада алманың арзандап кету себебі туралы қысқаша түсіндірме жазылған. Себеп – Украинадағы дағдарысқа байланысты АҚШ пен Еуропа Одағы (ЕО) елдері салған санкцияға қарымта ретінде тамыздың 7-сінде Ресейдің Батыс елдерінің ауыл шаруашылық өнімдерінің кейбір түрлеріне енгізген эмбаргосы. Эмбарго енгізілгеннен бергі үш айда Кремль санкциясы Еуропа нарығына қаншалықты әсер еткенін шамалап бағалауға болады.
Еуростаттың қыркүйектің аяғындағы дерегінше, тамызға дейін ЕО елдерінің көпшілігінде Ресей нарығында сатылған жеміс, көкөніс түрлерінің бағасы біраз арзандағаны байқалған. Мысалы, алмұрттың бағасы – 50, шабдалы – 40, тәтті бұрыш – 35, гүлді капуста – 30, алма 20 пайызға арзандаған. Бұған тұтынушылар риза болса да, өндірушілер қапалы.
Эмбаргоның кесірінен өнімін Ресейге сата алмаған поляк фермерлері басқа нарық көзін іздеуге мәжбүр. Еуропалық комиссияның дерегінше, былтыр Ресейге шамамен 340 миллион еуроның жемісін сатқан Польша бағбандары эмбаргодан көбірек зардап шеккен. 2013 жылы Ресейге 174 миллион еуроның өнімін сатқан көкөніс өндірушілердің де жағдайы мәз емес. Бұл соманың үштен бірі – қызанақ, қалғаны капуста түрлері, тәтті бұрыш сияқты көкөністер.
Бірақ Польша алмасы эмбарго символына айналды. Елде жергілікті алманы табиғи түрде де, шырын, сидр шарабы немесе джем сияқты өңделген түрде де тұтынуды ұлғайту мақсатын көздейтін жалпыұлттық науқан басталды.
Польша Еуропадағы ең ірі алма өндіруші ел екенін ескерсек, бұл науқаннан шығатын нәтиже мардымсыз. Бірақ эмбрагодан келген зиянның орнын толтыру үшін ЕО-ға мүше 28 елдің фермерлеріне Еуропалық комиссия бөлген 125 миллион еуро өтемақы да жеткіліксіз болып шықты. Алдын ала деректер бойынша, Польша бағбандарының өзі ғана 146 миллион еуро көлеміндегі өтемақыға өтініш берген.
Ауыл шаруашылығы министрі Марек Савицкийдің ұсынысымен поляктар әуелі осындай өтініш берген. Бірақ өтемақы мөлшері мардымсыз (килограмына 7-8 центтен аспайды), ал өтемақы төлеу мерзімі созылып кеткен соң фермерлер өтемақыдан бас тартып, тауарын өз күшімен сатуға тырыса бастаған.
Әуелі бюрократиясы мен шабандығы үшін ЕО-ны сынаған министр Савицкий кейін «өтемақыны сәл күте тұруға төзімі жетпей, өнімдерін тиын-тебенге сатып жатқан ашықауыздар» деп фермерлердің өзін сөге бастады.
Польшада жергілікті билік органдарына сайлау жақындап келе жатқанын ескерген ауыл шаруашылығы министрі де, Польшаның жаңа премьері Эва Копач та қиын жағдайда қалды. Оппозиция министрдің отставкасын талап етіп еді, бірақ министр фермерлерді сөгіп сынағаны үшін кешірім сұрап, үкімет басшысының қолдауына ие болды.
– Менің білуімше, министр мырза фермерлерден кешірім сұрады. Марек Савицкийдің шындығында сіздердің қамдарыңызды ойлап Брюссельде айтысып-тартысып жүргенін Польша фермерлеріне айтқым келеді, бұған шүбәларыңыз болмасын. Кейде жүйкесі сыр беретін шығар, бірақ министр Еуропарламенттегі поляк депутаттармен бірлесіп Польшаға барынша көбірек өтемақы бөлінуіне жанталасып жүр, – дейді Эва Копач.
Қазір елде эмбаргодан зардап шеккен фермерлерден өтемақы бөлу туралы өтініш қабылдаудың екінші кезеңі жарияланды. Саясаткерлер тарапынан өтемақы төлеу мерзіміне қатысты нақты мәлімдемелер болмаған соң фермерлер өнімдерін өз күшімен сатуға тырысуда.
Польша азық-түлік өндірушілер федерациясының бас директоры Анджей Гантнер:
– Бұл жағдай – белгілі бір дәрежедегі ақпараттық былықтың кесірі. Өтемақы берілетінінен де, оны көлемі қанша екенінен де көпке дейін хабарсыз болған соң фермерлер мен бағбандардың бір бөлігі өнімдерін базарға шығарып сатуды ұйғарды. Бұл бағаны арзандап жіберді. Бірақ нарықтағы қазіргі баға да, Еуропалық комиссия белгілеген өтемақы да өнімнің өзіндік құнын бәрібір жаба алмайды. Өндірушілер бәрібір шығынға батады, бірақ оның көлемі қанша болатыны белгісіз, – дейді.
Оның айтуынша, Ресей эмбаргосынан Польша азық-түлік өндірушілері шеккен зиян мөлшерін дәл қазір мұны анықтау қиын, жағдай әлі тұрақты емес.
– Тамыз, қыркүйек және қазан айындағы шығынды есептеп көруге болады, бірақ бәрібір толық мәлімет шықпайды. Долбарлап айтқанда, Ресейге экспорттауға арналған өнім мүлде сатылмай қалса, 1 миллиард еуро көлемінде шығын болады. Бірақ олай болмайды, өйткені өнімнің бір бөлігі бәрібір сатылады, бір бөлігі қайта өңделеді, сондықтан қазір нақты айту қиын. Менің болжамымша, жарты миллиардтай еуро жоғалтамыз, – дейді ол.
Ол бұл қиындықтан шығу үшін жаңа нарық іздеу керек немесе бұрынғы нарықпен дұрыстап жұмыс істеу қажет екенін айтады.
– Қазір бұл процесс жүріп жатыр. Біздің алманы Қытай, Үндістан, АҚШ-қа әкетіп жатыр. Ет өндірушілер де жаңа нарық іздестіріп жатыр. Бірақ бір қиыны, бұрын Ресей Польша алмасына эмбарго салған кезде (түрлі себеппен мұндай жағдай талай болған ) өнімімізді ЕО елдеріне сататынбыз. Енді ЕО-ның басқа елдері де санкцияға ұшырғандықтан, әр ел өз нарығын құтқаруға тырысады. Нәтижесінде Еуропаның өзінде бәсекелестік өршіп кетті. Еуропалық комиссияның кеш қимылдауы да жағдайды ушықтырып жіберді. Бұл да қосымша шығынға батырады, – дейді Польша азық-түлік өндірушілер федерациясының бас директоры Анджей Гантнер Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында.
Ауыл шарушылығы өнімдеріне Ресей салған эмбарго тұсында фермерлерді қолдауға қатысты шараларды Варшава ғана емес, Брюссель де ойластырып жатыр. Бұл мақсатта ауыл шаруашылығы саласына жыл сайын 432 миллион еуро мөлшерінде көмек беру үшін құрылған ЕО дағдарыс қоры іске қосылады. Бірақ Брюссель бұл ақшаның жыл аяғына дейін, яғни 2015 жылға арналған бюджетті бекітпей берілмейтінін ескертті. Ал әзірше ЕО елдерінің әрқайсысы өзінің агроөнімдерін сататын балама нарық іздеуде.
Франция Ресейдің қарымта санкциясы туралы хабарды у-шусыз қабылдаған еді. Франция ауыл шаруашылығы кәсіподақтарының ұлттық федерациясы (FNSEA) өкілдері «санкция үш-төрт айға ғана созылса, оның әсерін тіпті сезбейміз» деп мәлімдейді. Бірақ ол Мәскеу мәлімдегендей бір жылға, яғни 2015 жылдың тамызына дейін созылып кетсе жағдай қиындауы мүмкін. Бұл жағдайда ауыл шаруашылығы өнімдерін Ресейге экспорттайтын негізгі ел емес Франция жалпы еуропалық нарықтың бір бөлігі ретінде біраз шығынға бәрібір батады» дейді FNSEA вице-президенті Анри Бришар Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында.
– Ресей мен Еуропа арасындағы дағдарыс зардаптары Францияға да тиді. Өйткені Еуропа нарығы ортақ. ЕО-ның барлық елдері, әсіресе Польша, Балтық елдері мен Финляндия сияқты Ресеймен қарқынды сауда жүргізетін елдер Ресейге арналған өнімін енді Еуропаның ішкі нарығына жіберуі тиіс. Бұл қалған елдерге, оның ішінде Францияға да әсерін тигізеді, – дейді ол.
Өткен жылдың деректері бойынша, Франция жалпы көлемі 60 миллиард еуроның ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттаған. Бұл көлемдегі Ресейдің үлесі 1,2 пайыз ғана, яғни 750 миллион еуро. Ал Ресей эмбаргосына ілінген өнім көлемі 273 миллион еуроға бағаланады, яғни Францияның жалпы ауыл шаруашылық экспортының 0,4 пайызы. Бұл – көбінесе шошқа еті, ірімшік және сүт өнімдері сияқты өнімдер.
Францияның ауыл шаруашылығы және тамақ өнімдері экспортының негізгі түрлері – спиртті ішімдіктер мен дақылдар Кремль эмбаргосына әзірше ілінбеген. Бірақ эмбарго жалпы еуропалық нарыққа әсерін тигізетіндіктен, Франция фермерлері жанама түрде болсын бәрібір зардап шегеді. Мысалы, бұрын Ресейге сатылатын Польша алмасы қазір Франция дүкендеріне де түсіп жатыр.
– Бұл бағаны арзандатып жіберді. Ресей санкциясының әсері алма және алмұрт нарығында бірден байқалды. Қыркүйекте екеуінің бағасы ЕО елдеріндегі орташа бағадан шамамен 20 пайызға арзан болды. Бұдан кейін сүт өнімдері де арзандап кетті. Бұл нарық та тұрақсыз болып тұр. Баға арзандауын күткен сатып алушылар сақтық танытып, тапсырыс беруге асықпай отыр, ал бұл бірден бағаға әсер етті, – дейді Анри Бришар.
Еуропаның өзге елдерінің ішінде Ресей эмбаргосынан ең қатты қиналған ел – экономикасы осал Грекия. Грекияның жеміс экспортерлері қауымдастығының өкілі Георгиос Полихронакистің айтуынша, Кремль эмбарго жариялаған алғашқы күндері Ресейге бара жатқан жолдан шабдалы мен нектарин тиелген 250 жүк көлігін кері қайтаруға тура келген.
Былтыр Ресейге алмұрттың өзін ғана шамамен 100 миллион еуроға (Бельгия фермерлері қауымдастығының дерегі) сатқан экономикасы мықтырақ Бельгия да абыржып отыр. «Бұл үлкен проблема. Еуропа Украина халқын қолдайтынын көрсетті. Шығынымызды жарым-жартылай болсын жабу үшін Еуропа салық төлеушілері енді бізді қолдаса дейміз» дейді ұйым сарапшысы Питер Верхельст.
Аграрлық сала – еуропалық құрылымдар ішіндегі ең ықпалды саланың бірі. Мұның дәлелі – Еуропа фермерлерін қыруар дотациямен қамтамасыз етіп отырған «ЕО-ның бірыңғай ауыл шаруашылығы саясаты» (Common Agricultural policy, CAP) ұйымы. Ауыл шаруашылығы саласы жылына ЕО елдерінің бюджетінің шығысының 40 пайызын құрайтын 55 миллиард еуро алады. Мұны ескергенде Ресей эмбаргосы Еуропаның ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін апатқа айналады деп айта алмайсың. Мұны проблеманың ауқымы да көрсетіп отыр. Ресейге Еуропадан жылына шамамен 11 миллиард еуроның ауыл шаруашылығы өнімі экспортталады, бұл – жалпы экспорт көлемінің 10 пайызы. Яғни эмбарго ЕО-ның аграрлық саласының шағын бөлігін ғана қамтиды. Кейбір елдер мен кәсіпорындар көбірек зардап шеккенімен, көбін Ресей санкциясы жанаған да жоқ. Сарапшылардың көбі «Кремль санкциясы Еуропаның ауыл шаруашылығы саласына елеулі соққы болғанымен, күйретердей әсер етпеді» деп есептейді.
Еуропа фермерлері мен ауыл шаруашылығы кооперативтерінің Copa-Cogeca лоббистік бірлестігінің басшысы Пекка Песоненнің пікірінше, бұл жағдай Еуропа және әлем нарығында экспорт-импорт ағынын өзгертуге түрткі болуы мүмкін. «Еуропаның көптеген өндірушілері Ресей санкциясын Таяу Шығыс пен Оңтүстік-Шығыс Азияның бай елдері нарығына шығу мүмкіндігі ретінде бағалады» дейді ол. Бұдан өзге де бағыттар бар. Мысалы, Норвегияның теңіз өнімдерін өндірушілерінің көбі Ресей тұтынушыларына Солтүстік Америкадан балама тапты. Қысқасы, эмбарго режимі 2015 жылға толық немесе жарты жылдай созылса, Ресейдің ғана емес, басқа елдердің де азық-түлік дүкендері сөрелеріндегі тауар өзгеруі мүмкін.
Ал әзірше Еуропадағы жеміс-көкөніс бағасының арзандағанына сатып алушылар ғана емес, дұрыс тамақтану саласы мамандары да қуанып жатыр. Олар баға арзандаған соң еуропалық тұрғындардың рационы дұрысталады деп үміттенеді. Өйткені қазір дәрігерлер күніне 400 грамм жеміс пен көкөніс жеуге кеңес береді. Ал ЕО-ның 28 елінде бұл норманы төрт елдің – Германия, Польша, Италия және Австрияның тұрғындары ғана ұстанады. Демек Владимир Путин мұны қаламаса да, эмбарго арқылы еуропалықтардың денсулығын нығайтады.
Алексей Дзикавицкий, Наталья Каневская мен Ярослав Шимовтың мақаласын орыс тілінен аударған – Айжан Оралғазы.