АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Ресей мен АҚШ текетіресі әлемдік саясатқа қалай әсер етеді?

©Алаш айнасы иллюстрациясыКеше АҚШ Сириямен дипломатиялық байланысын үзді. Себебі үш жарым жыл барысында 150 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған Сириядағы азаматтық соғысқа әрең дегенде былтыр жазда нүкте қоюға ықпал еткен АҚШ пен Ресей бүгіндері Қырымдағы референдумға қатысты қайтадан дүрдараз боп тұр. «Ит ашуын тырнадан алады» демекші, АҚШ сөзіне құлақ салмаған Ресейді сабасына түсіру үшін енді бар кәрін Сирияға төгуі бек мүмкін. Қалай дегенмен де осы күнге дейін Ресейді экономикалық санкциямен қорқытып-үркітіп келген АҚШ кеше саяси-әскери ықпал тетіктерін пайдалануға шындап кірісетінін де байқатты. Осыған байланысты «Алаш айнасы» басылымы өз кезегінде бұл шиеленістің әлемдік саясатқа қалай әсер ететіндігін пайымдап көрмекші…

«Бұл – екі жақтың ықпалымен жасалған қадам. Сондықтан бұл арада дипломатиялық ізденіс керек» дейді БҰҰ бас хатшысының ресми өкілі Стефан Дужаррик. Әзірге АҚШ-тың Сириямен барлық байланысын үзетіндігіне қатысты халықаралық қауымдастық тарапынан айтылған ресми мәлімдеме осы ғана. Ал ресейлік сарапшылар сөзіне сүйенсек, олар Қырым мен Сирияның бір-біріне не қатысы бар десіп алақан жаяды. Мүмкін саяси ойын тәртібі бойынша солай ету керек шығар. Алайда Қырым мен Сирияның жағдайы бір-бірімен байланысты екендігі бесенеден белгілі.

Соңғы кездері Сочи Олимпиадасы және Украинадағы жағдай әлем назарына қатар ұсынылып жатты. Бірақ бір мәселе әрдайым тасада қалып келді. Ол – Сирия тақырыбы. Естеріңізде болса, 2013 жылдың маусымында «Үлкен сегіздік» көшбасшылары Сириядағы шиеленісті бейбіт жолмен реттеу туралы халақыралық консенсусқа келген болатын. Міне, осымен мұндағы әскери қақтығысқа нүкте қойылуы керек-ті. Дегенмен бұл мүмкін емес боп шықты. Өткен бір ай барысында Башар Асад әскері ислам сарбаздарын тықсырып, елдің батысындағы стратегиялық өңір – Зараны басып алды. Қазір Сирия әскери қызметкерлері ұлттық қорғаныс күштерімен бірігіп Хасраджия аймағында майдан жүргізіп жатыр. Сондықтан бұл арада Асадтан құтылғысы келетін «Үлкен жетіліктің» мақсаты бұзылды. Алайда халықаралық келісімде Асад билігінің болашағы туралы сөз мүлде қозғалмаған болатын.

Негізінен, Башар Асад режимі ішкі шиеленістен соққы алды. Одан кейін көмек көрсетуші ретінде сыртқы «ойыншылар» оған қатыса бастады. Нақтырақ айтқанда, америкалықтар, орыстар және Парсы шығанағының суннит монархтары бұл шиеленісті өз ұпайына пайдалануға тырысты. Ресей Асадты қолдады. Өйткені олар Сирияның талқаны шықса, Ресейдің оңтүстігі ойсырап, жауға ыңғайлы боп қалады деп санайды. «Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка мемлекеттеріне қатысты АҚШ пен Батыстың жүргізіп жатқан «қырғи-қабақ шабуылында» Сирия Ресейге өтудің алаңы боп табылады. Егер Сирия талқандалса, онда Түркия мен Ираннан соң Ресейге кезек келеді» дейді Ресей Думасы сенаторы Александр Ющенко.

Бейресми деректер бойынша, соңғы кездері ондағы әскери қақтығысқа жалдамалы түрде қатысушылар тарапында ресейліктер, Украина татарлары мен беларустар да бар көрінеді.

Өткен жылдың мамыр айында Украина полковнигі Сергей Разумовский бұрынғы КСРО құрамындағы мемлекеттердің әскерлерін Сириядағы соғысқа ат салысуға, Башар Асад билігін қорғап қалуға шақырған бейнежазбасын ғаламторға орналастырған болатын. Одан кейін ол Украина, Ресей, Молдова және Белоруссиядан 50 мың қол жинап қойғандығын мәлімдеген. Бірақ ресми дерек бойынша Башар Асад бұл әскери көмекті қабыл алмаған.

Сол кездегі украин полковнигінің мәлімдемесінен үзінді келтіре кетсек: «2012 жылы Ливияда болған әскерилермен жолықтық. Олар Сирия соңғы жаттығу алаңы екенін ескертті. Одан кейін ол жақтағы қырғын Қырымда ұласады десті. Біреулері «20 жыл бойы уәде еткен Қырым хандығы қайда?», тағы біреулері «Татар мемлекеті қайда?», не болмаса мұнда ислам мен шариат неге сақталмайды?» деп жан-жақтан ұмтылып, ел ішінде лаң шығарады, арты жаман болады деді олар. Сондықтан соғысқа дайындық керек, біз кез келген «қызыл нүктеде» шыңдалуға дайын болуымыз керек. Жау жар астында ». Міне, айтылғандардың барлығынан түйетін ой, Қырым мен Сирия оқиғасы әу бастан түзілген, демек бұл ислам елдерінен бастау алған аласапыран біздің өңірге де келу қаупі бар деген сөз. Лаңкесшілер, фашистер деген айыппен бүтін елдің ойран-топырын шығаратын бұл ойын келесісінде кімді нысанаға алады? Халықаралық сарапшылардың пайымынша, келесі Каспий аймағы болады деседі. «Жаман айтпай, жақсы жоқ демекші», былтыр Ақтауда өткен «Каспийдегі халықаралық әріптестіктің парадигмасы» атты конференцияда мұндай болжамның бір шеті қылтиып еді. «2015 жылы Каспий әлемдегі ең тұрақсыз аймақ болуы мүмкін. Мұндай байлам жасауға объективті және субъективті себептер бар» дейді Қазақстан қорғаныс министрлігінің Әскери-стратегиялық зерттеу орталығының сарапшысы Рафик Таиров. Оның айтуынша, соңғы кездері осы аумаққа АҚШ, Батыс және ислам мемлекеттері экономикалық, саяси және әскери ықпалын белсенді өрістетуге кіріскен. Сондықтан қазіргі Украинаға қатысты халықаралық арендағы дипломатиялық тараптардың шешімі бір полиярлық жүйенің келесі сценариіне жол ашып береді немесе оны жояды. Осы жағынан алғанда, бұл мәселенің біздің мемлекеттің тағдырына да белгілі бір деңгейде қатысты бар деп айтуға болады.

 

КӨЗҚАРАС

Нұрлан Сейдін, саясаттанушы:

– Әлемде ықпалын өрістетуге бағыт алған ірі державалар бар кезде жер шарындағы кез келген мемлекет абсолютті тұрғыда тәуелсіз емес. Сондықтан сыртқы қауіп-қатер тәуекелдеріне тойтарыс беруге әрдайым дайын болуымыз керек. Сыртқы қауіп-қатерлер экономикалық, саяси, діни, әлеуметтік, ұлтшылдық сипатта бола береді. Соңғы кездері АҚШ Еуропалық одақпен бас қосып, Иран, Ирак, Сирия, Ливия өңірлерінде ықпалын арттырды. Мәселен, Сирия халқы араға салынған оттың құрбанына айналды. Қазір мұндағы азаматтық соғысты тоқтату мүмкін болмай тұр. Өйткені екі тарап әбден жауығып алған. Бірақ бұдан басқалардың ештеңесі кетпейді. Ауғанстандағы соғыс та көпке созылды. Ірі державалар оны өз ықпалы мен күшін сынаудың полигонына айналдырды.

Жалпы, бұл – қалыпты табиғи құбылыс. Әлсіздер күштілердің жемтігіне айналатыны секілді. Ең бастысы, осындай сындарлы сәтте елдің бірлігін сақтап қалған дұрыс. Ел ішіне іріткі түсірмеу керек. Сол секілді ірілермен иық тірестіретіндей күшті мемлекет болуға ұмтылу қажет.

Юрий Романенко, саясаттанушы:

– Қазір бұрынғыдай бір мемлекетті басып алу деген жоқ. Оны сырттан басқара беруге болады. КСРО-ға дейін геосаяси карта қалыптасып, бір тыныштық орнаған секілді еді. Ал КСРО қалай ыдырады, АҚШ қайтадан өз ықпалын арттыру үшін басқа мемлекеттердің ішкі ісіне белсене араласа бастады.

Джордж Фридманның «Келесі он жылдық» деген кітабын алыңыз. Онда қазіргі АҚШ-тың геосаясаты жақсы сипатталған. Ол сыртқы саясатта АҚШ мықты болуы үшін одақтастан үшбұрыш құруы керек дейді. Мысалы, Парсы шығанағы: Сауд Арабиясы, АҚШ және Иран. Одан кейін: Сирия, АҚШ, Израиль. Израиль – одақтас. Сирия – қарсылас. Түркия, Иран, АҚШ. Немесе Түркия, Ресей, АҚШ. Еуропадағы Наполеон соғысы кезінде Ұлыбритания тура осылайша ойын ойнаған.

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/sabaktar/49822/