Познер ақсақалдың өзі аттас бағдарламасын қарағанды аса ұнатамын. Уақытқа қарай шама келгенше үзбей қараймын. Ол — сұхбат жанрының сайыпқыраны. Өзі айтпақшы сұхбатында ол теледидардан шығып көрерменнің, сенің қасыңа кеп жайғасатындай күй қалдырады. Әркімнің еркін ойлап, өзінше тұжырымдауына да сеп бола алады. Сұхбат сайын түрлі ой тастап кететін ақсақалдың соңғы – “Говорит Москва» радиостанциясының бас редакторы Сергей Доренкомен әңгімесі тіпті әсерлі болды мен үшін. Әсіресе соңғы түйінге келгенде тағы да…
Владимир Познер бүй деді: «Былтыр Сталинград шайқасына 70 жыл толғанда, осы ұлы шайқастың көптеген ардагерлері қалалық биліктен бастап, жоғары жаққа өтініш жасап, қалаға бұрнағы атауын қайтаруды сұрады. Оларды түсінуге болады: олар үшін Сталинград ұмытылмас ерліктің тарихы, ұлы шайқастың естелігі. Тіпті КСРО мен Сталинді соншалықты жақтырмайтын Черчилльдің өзі Сталинград шайқасын соғыс барысын өзгертетін “тағдырдың ілмегі” деп атаған».
Сөйтіп, Волгоградтың атауын Сталинград деп өзгерту сұрағы күн тәртібінде деген сөз. Бұл бұған дейін де дүркін-дүркін көтерілген мәселе. Бірақ әр жылдары әртүрлі деңгейде әңгіме болды. Дегенмен, биылғы әңгіменің ауаны біртүрлі. Бұған Познер өз көзқарасын да білдіре кетті: “Дәл осы Волгоград атауында шындығында түк мән қалмады, дегенмен ақыры ауыстырады екенбіз ілгерідегі Царицын дұрыс”. “
Әрине, бастысы бұл емес. «Жақында ғана Путин қалаға бұрынғы атауды қайтаруды қалалық референдум аясында шешуге болар еді деп қалды. Заңда солай жазылса, бәлкім солай болып та қалар. Алайда, менде бірнеше сұрақтар туды. 2002 жылы президент Путин Сталинград атауын қайта жаңғыртуға қарсы пікір білдірді. «Сталинградқа қайта оралу, біз үшін сталинизм дәуіріне қайта оралатындай күдік тудыратын еді» деген болатын Путин. Менің сұрағым келетіні: сол атауға бүгін қайта оралсақ, онда жоғарыда айтылғандай күдік енді тумай ма, бізге? Әйтпесе, бұрын бұл мәселе бізді алаңдатып келсе, қазір сонда ондай алаңдаушылық жойылғаны ма? Не болмаса бұл «Күдік болса болсын, қайтеміз!» дегеніміз емес пе? Жоқ әлде, біз шындығында да сталинизм дәуіріне қайта қош келіп жатқан жоқпыз ба? Бәлкім сол үшін де бізді ештеңе алаңдатпайтын шығар? Мен бұндай сұрақты ешқандай да мысқыл үшін айтып отырғаным жоқ, бар болғаны түсінгім келеді: қазір не болып жатыр, осы 12 жылда бізде не өзгерді?»- деп толғанады Познер.
Шындығында Ресей өзгерді. Көп өзгерді. Тіпті бұрынғының барлығын қайта қарап, тарихты қайта жазуға кірісті. Бұқаралық ақпарат құралдары көтеріп, білімділері бұқара алдына шығып, әңгіме-дүкен құрып, Сталинның серігі болған Берияны ақтауға ұмтылыстың өзі соны аңғартпай ма? Жә, бұл Ресей. Ал бізде не өзгерді? Соңғы 12 жыл емес, 20 жылда не өзгерді? Басқаны ысырып қойып, жаңағы атауға қатысты мәселені алайық. Мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда ел аумағында 36 облыстық бағынысты қала, 170 аудан, 47 аудандық бағынысты қала, сегіз мыңнан астам елді мекен бар болса, осы әкімшілік аумақтық бірліктер атауларының 1579-ы Кеңес дәуірін дәріптейтін атаулар екен. Сонымен қатар, 1922 елді мекеннің аты орысша аталады. Тәуелсіздік алғанымызға 23 жылдың жүзі болғанымен ономастикалық кеңістік Кеңестік дәуірден, тоталитарлық режімнен қалған атаулардың шырмауынан арыла алмай келеді. Мәліметтерге тағы шүйліксеңіз, еліміздегі атауы өзгертілуі тиіс 12 424 көше, 103 даңғыл, 283 тұйық көше, 113 теміржол стансалары, әуежайлар мен порттар, 143 әлеуметтік-мәдени нысан, 17 парк, 335 мектеп, 13 көпір, 100 ықшамаудан мен 459 аялдамалар бар екеніне көзіңіз жетеді. 1579 әкімшілік-аумақтық бірліктер атау беру немесе қайта атауды қажет ететіні тағы бар. Ал бұл атаулар қашан қазақшаға көшеді?
Заңымызды да, басқасын да теріскейдегі алып көршіге қарап түзеп жүргеніміз жасырын емес. Ендеше, ономастика мәселесі келешекте де оңбайды ма деп қаламыз. Гитлерге жыны келетін Путин үшін Сталинизм ешқандай алаңдатпайтын мәселеге айнала бастаса, онда Қазақстандағы атаулардың да қалпында қалғанын құп көретіндер табылмай ма? Құдай бетін әрі қылсын…
Автор: Қанат Қазы
http://alashainasy.kz/politics/51579/