АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей шекарадағы «арандату» туралы айтты

Симферопольде (Қырым) жүрген белгісіз жауынгерлер. (Көрнекі сурет)Ресейдің Белгород облысының губернаторы Евгений Савченко «Украинамен арадағы шекарада белгісіз қарулы адамдардың пайда болғанын» айтты. 

Ол «Россия-24» телеарнасының эфирінен «Облыста қарулы адамдардың тобы байқалды. Олардың қайдан келгені белгісіз. Белгісіз топ әртүрлі арандату әрекеттерін жасады» деп мәлімдеді.

Савченко «таяуда Мәскеу-Қырым жолын жабу әрекеттері болды. Мұның бәрі бізді қатты алаңдатып отыр» дейді.

ИТАР-ТАСС Ресейдің шекара қызметіне сілтеме жасай отырып, «шекарадағы жағдай тыныш» деген ақпарат таратты.

Кремль баспасөз қызметі «Ресей президенті Владимир Путиннің Франция президенті Франсуа Олландпен 1 наурыз күні Украинадағы жағдай туралы телефонмен сөйлескенін, Путиннің оған «Ресей азаматтарының өміріне нақты қатер төнгенін айтқанын» хабарлады.

Мәскеуде бүгін кешке жастар ұйымдары Украинадағы орыстарды қолдау акциясын өткізеді. Акция билікпен келісілген. Шеру Мәскеудегі Пушкин алаңынан басталады. Оған студенттердің құрылыс отрядтары, бүкілресейлік «Боевое братство» ардагерлер ұйымының өкілдері, жоғары оқу орындарының бірлестіктері қатысады.

«Дождь» телеарнасының хабарлауынша, әлеуметтік желілерге Мәскеудегі бюджеттік мекемелер қызметкерлерінің шеруге қатысуға бастықтардың мәжбүрлеп жатқаны туралы жазбалары шыққан. Әзірге бұл ақпаратты я терістеу, я растау мүмкін болмай тұр.

http://www.azattyq.org/content/news/25282274.html