Қазақ елі Тәуелсіздігінің 24 жылдығы құрметіне әлем елдерінің басшылары Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа құттықтау хаттарын жолдап жатыр. Мәселен, ең бірінші болып АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Джордж Крол қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен қазақ тілінде құттықтады. Алайда, іргеміздегі кейбір көрші мемлекеттердің басшылары Тәуелсіздігіміздің 24 жылдығымен құттықтамағанын айта кеткен жөн.
Әрине, әлемнің барша мемлекеттерінің басшылары Қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтауға міндетті емес. Оның үстіне, Тәуелсіздікктің 24 жылдығы «дөңгелек дата» емес. Әйтсе де, Қазақ елінің Тәуелсіздігімен алыстағы АҚШ пен Ұлыбритания құттықтап жатқанда құдайы көршілеріміз «ауылдастың тайы озсын» деп ниеттестік танытпады. Мәселен, Ұлыбританияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кэролин Браун қазақстандықтарды қазақ тілінде Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Бір қызығы, тек АҚШ пен Ұлыбритания елшілері ғана қазақ тілінде құттықтау жасады.
Ал, бауырлас Өзбекстан мен Қырғызстан және Қытай халық Республикасы ресми құттықтау жолдамады. Сондай-ақ, Қазақ елінің Тәуелсіздігін ең бірінші болып мойындады деп жүрген Түркия да бұл жолы үнсіз қалды. Біздің ойымызша, бұл үнсіздік Ресей-Түркия жан-жалына байланысты болса керек. Өйткені, ұшақ дауына байланысты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ресейдің ұстанымын қолдаған болатын. Соған қарағанда, ресми Анкара президенттің ұстанымына өкпелі сияқты.
Ал, РФ президенті Владимир Путин ең соңғы болып Қазақ елінің Тәуелсіздік күнімен құттықтады. «Мәңгілік досымыздың» АҚШ пен Ұлыбританиядан кейін құттықтау хат жолдауы нені аңғартады? Өйткені, құдайы көршіміз әлі күнге дейін Қазақ елінің Тәуелсіз ел болғанын қаламайды. Қаламайды дегеніміз сыпайылық, тіпті Ресей біздің Тәуелсіз ел болғанымызға қарсы.
Мәселен, 16 желтоқсан күні «Другая Россия» партиясының 20 шақты белсендісі Петербургтегі Қазақ елінің елшілігіне барып наразылық акциясын ұйымдастырды. Белсенділер Ресей билігі рұқсат еткен акцияға Қазақ елінің Тәуелсіздігіне қарсы жазылған плакаттар ұстап шықты. Аталған плакаттарда «Мұндай тәуелсіздік құрысын!», «Біздің отанымыз – КСРО», «Назарбаев, орыстардың мазасын алма, оның арты жаман болады» деп жазылған.
Белсенділердің айтуынша, Қазақ елі мен Украинаның тәуелсіздік алуы Ресей үшін қаралы күн. Өйткені, аталған күндер КСРО сынды алып империяның құлағанын еске салады. Сондай-ақ, партия өкілдері Қазақ елін Ресейдің сенімді серіктесі дегенге күмән келтіріп отыр. Себебі, шовинистер Ақорданың Түркия мен Қытай мемлекеттерімен тығыз қарым-қатынас орнатып отырғанын сынапты. Бұдан бөлек, олар ресми Астананың ресейлік көзқарастағы азаматтарды қуын-сүргінге ұшыратып отырғанын жақтырмайтынын жеткізіпті.
Ұзын сөздің қысқасы, Реседегі ең ірі партия Қазақ елінің Тәуелсіз ел болуына қарсы. Алайда Қазақ елі «Друга Россия» партиясы қарсы болды екен деп Тәуелсіздіктен бас тартпақ емес. Өйткені, біз үшін Тәуелсіздіктен асқан байлық жоқ.
Негізінде, белгілі бір елдің тәуелсіздігіне қарсы акция тек Ресейде ғана өтетін шығар. Өйткені, әлемдегі дамыған өркениетті елдерде мұндай акция өткен емес. Мәселен, Жапония – Оңтүстік Кореяның, Ұлыбритания – Үндістанның Тәуелсіздігіне қарсы акция өткізген жоқ. Соған қарамастан, аталған мемлекеттер Ресейден көш ілгері дамып отыр. Ал, алдағы уақытта жарым-жан көзқарасты Ресей тастама оның дамып, өсіп-өркендеуі мүмкін емес.
Серік ЖОЛДАСБАЙ
Астана