АЛТЫНОРДА
Новости

Ресей Украина қорғаныс министріне іс қозғады

Украина қорғаныс министрі Валерий Гелетей.Ресейдің федералдық тергеу комитеті Украинаның қорғаныс министрі Валерий Гелетей мен Украина қарулы күштері бас штабының бастығы Виктор Муженкоға қарсы қылмыстық іс қозғады. Ресей билігі оларға кісі өлімін, геноцидті және соғыстың тыйым салынған түрін ұйымдастырды деп айып таққан.

Іс қозғау туралы қаулыда олардан бөлек 25-бригаданың командирі Олег Микас пен 93-бригада басшылығының «әзірге аты-жөні аталмаған» өкілі де бар.

Қыркүйектің соңында тергеу комитеті Украинаның шығысындағы орыс тілді тұрғындарға «геноцид жасалуы» жөнінде қылмыстық іс қозғаған. Ол кезде ресми Киев бұл айыптауларды «бос сандырақ және өзін-өзі жарнамалау» деп атаған. Ресей тергеу комитетінің ресми өкілі Владимир Маркин ол кезде «геноцидтен» үш мыңға тарта адам құрбан болды деген.

БҰҰ-ның тамыздағы есебінде сол кезге дейін қақтығыстардан Украинада барлығы 2 мың 220 адам қаза тапқаны, оның 700-ге жуығы украин сарбаздары екені айтылған.

Ресей мен Украина соңғы айларда жоғары шенді шенеуніктеріне қарсы бірнеше қылмыстық іс қозғаған. Украина жағы шілдеде Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгудің үстінен «заңда қарастырылмаған әскерилендірілген немесе қарулы құрылым құрды» деген айыппен іс қозғаған.

Оның алдында Ресей билігі Украина ішкі істер министрі Арсен Аваков пен Днепропетровск облысының губернаторы Игорь Коломойскийге «соғыс жүргізудің тыйым салынған әдіс-тәсілдерін қолданды» деген айыппен іс қозғап, халықаралық іздеу жариялаған.

http://www.azattyq.org/content/news/26617052.html