Ресейдің жоғарғы соты «Ротенберг заңы» деп аталып кеткен заң жобасын сынады. «Коммерсанть» басылымының жазуынша, енді шет мемлекет соттарының шешімімен ресейліктердің тәркіленген мүлкі мен қаржысын Ресей бюджеті есебінен өтеп беру туралы заң жобасы мемлекеттік думаның екінші оқылымына түспеуі мүмкін.
Жоғарғы сот заң жобасына қатысты берген жауабында «шетел соттарының шешімімен қаржысынан айырылған жекелеген ұйымдар мен азаматтардың шығынын салық төлеушілердің мойнына артуға болмайтыны» айтылады. Бұл заң жобасына биыл тамыз айында жоғарғы арбитраждық сот та қарсылық білдірген еді.
Ресей мемлекеттік думасы шетел соттарының шешімі үшін өтемақы төлеу туралы заң жобасын биыл қазанның 8-інде алғашқы оқылымда мақұлдаған. Құжатты «Единая Россия» партиясының 233 депутаты қолдап, 202 депутат қарсы дауыс берген.
Думадағы оппозиция заң жобасын «жомарттықтың шегі» деп атап, бюджетте өтемақыға төлейтін қаржы жоғын айтқан. Үкімет заң жобасының халықаралық нормаларға қайшы келетінін айтып, оны «капиталдың сыртқа кетуіне жағдай жасайды» деп сынаған.
Заң жобасы президент Владимир Путинге жақын ресейлік бизнесмен Аркадий Ротенбергтің жылжымайтын мүлкін Италия қамауға алған күні мемлекеттік думаға түскендіктен ақпарат құралдары оны «Ротенберг заңы» деп атап кетті.
Еуропа Одағы Аркадий Ротенбергті санкция салынған ресейліктер тізіміне қосқан.
http://www.azattyq.org/archive/news/20141106/330/330.html?id=26677191