Ресейдің қаржы омбудсмендері кешелі бері Ресейді келер жылы аса үлкен қиындық күтіп тұрғанын, егер Ресей билігі Батыспен санкция алмасуды доғармаса 2015 жылы елдің 40 миллионнан астам тұрғыны аш қалатынын ашып айтуда. Мәселен, елдің белгілі қаржы омбудсмені Павел Медведев бұл ретте былай деп отыр: «Экономист-сарапшылар, әлеуметтанушылар бізге жуырда елдің 16 млн халқы өте кедей тұратынын, жағдайлары тіптен төмен екенін жеткізді. Бұған қоса елдің қаржы министрлігі жыл аяғында инфляция көлемі 10 пайыз болатынын мәлім етті. Қазірдің өзінде елде азық-түліктің көлемі 10 пайыздық межеден асып қымбаттады. Өте кедей тұрады деген 16 млн халықтың санатына ай сайын 8 мың рубль жалақы алатындар енген. Сондай-ақ елде қазір 9 мың рубль кіріс алатындардың саны 25 млнға жеткен. Ойлап қарасақ, 9 мың рубль мен 8 мың рубльдің арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Бұл есеп арқылы сол 8 мың рубль алатын 16 млн халыққа, 9 мың рубль алатын 25 млн халықты қоссаңыздар, қазірдің өзінде елде 41 млн адамның жағдайы өте төмен екенін аңғарамыз. Егер жағдай осылай ұласа беретін болса, санкциялар салқынынан Ресейде 40 млн адам ашығуы әбден мүмкін».
Міне, Ресей қаржыгерлері нақ қазір осылай деп даурығуда. Бұған байланысты олар «билік жуық арада сауатты шешімдер қабылдап, алдымен Ресей тарапынан Батысқа салынған шектеулерді алып тастауы тиіс. Бұдан соң Батыспен мәмілеге келуге тырысу керек» дейді. Дегенмен, қаржы омбудсмендерінің бұл пікірін ресми биліктің құптай қоюуы екіталай. Себебі Ресей президенті Путин кеше ғана 2015-2016-2017 жылғы ел бюджетіне қол қойып, «Батыстың санкциясы да мұнайдың түсуі де оны аса қорқытпайтынын» қоса айтты.
Сөйтіп, Ресей билігі санкциялардан ықпайтынын, бұл арқылы Батыс оларға қысым жасай алмайтынын айтса, елдің қаржыгерлері бұл «ақылға сыймайтын әзіл» екенін, салмақты әрі сауатты шешімдер қабылданбаса халықтың жаппай ашығатынын айтып отыр.
Жалпы, экономист-сарапшылардың байыптауынша, Ресейде расымен де қазір азық-түлік тапшылығы туындай бастаған. Бұрын ішкі нарығын Батыстан келетін азық-түлік өнімдерімен толтырып отырған Ресейдің қазір ішкі нарығы бос қалған. Норвегия, Греция, Австралия, Аргентина, Канада елдерінен ауыл шаруашылығы өнімдерін аста-төк алатын Ресей қазір біршама өнім түрлерінен аса тарығып отыр. Мысалы, Ресейде қарақұмық, қант, картоп, балалар тағамдары, тұрмысқа қажетті заттар 10 пайыздық межеден де аса қымбаттаған.
Мұны төмендегі инфографикадан көріп білуге болады.
Байқағанымыздай, халыққа ең қажетті тауар түрлері бірнеше есеге қымбаттаған. Ал біздің қазақстандық мамандар «Ресейде тапшылықтың болуы бізге де салқынын тигізбей қоймайды» деседі.
Абзалында «Алаш айнасы» бұған дейін Ресейдің өз санкциясына өзі сүрінетінін, Батыс тауарына шектеу қою бұл елдің өзіне ғана емес одақтастарына да ауыр тиетінін бірнеше мәрте жазды. Санкция алмасулардың соңы орасан шығынға апаратынын да талай мәрте қаузадық. Ал енді Ресейдің азық-түліктен тарыға бастауы сауатты шешімдер қабылдай алсақ, бұл бір жағынан біздің аграрийлерге ашылған мүмкіндік те болар еді.
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
– Ресейде қазір азық-түлік тапшылығы орын алып отыр. Осы сәтті біздің Үкімет сауатты пайдалана білуі керек. Осы тұста Үкімет отандық өндірісшілерге қолдау білдірсе біз ұтып шығар едік. Себебі Ресейдің бос жатқан нарығын игере алса, біздің аграрийлер үлкен пайда көрере еді. Сондықтан бұл санкциялар салқыны бізге тимесін десек, біз мынаны ескеруіміз керек. Мысалы, ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу, астық сақтайтын орындардың қасынан, ұн тартатын диірмен орындарын ашу, мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді. Өкініштісі бізде осы жағына мән берілмей отыр жоқ па? Қазір Қазақстанда 7002 ауыл бар, оның 4258-нің даму потенциалы орташа, 102 ауылдың келешегі бұлыңғыр, ал 32 ауыл қаңырап бос қалған. Осыған қарап айтсақ: негізінде біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді. Қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан көрші елдегі жағдайды ескере отырып алдағы уақытта мемлекеттік шығынның жартысы ауылға жұмсалуы керек. Бұған қоса ауылдың шаруашылығын дамытуды бір ғана Ауыл шаруашылығы министрлігіне таңып қою дұрыс болмады. Бұл шаруаны Ұлттық экономика министрлігіне де жүктеу керек. Тереңнен байыптағанға Ресей мен Еуроодақ арасындағы санкциялар салқынын бізге тигізбей ұтымды алып шығатын сала — ауыл шаруашылығы. Сондықтан Ауыл шаруашылығы министрлігіне құрылымдық өзгерістер жасаудың реті келді. Егер біз болашақта ауыл шаруашылығын жандандыра алмасақ, агро-өнімдер өндіруге, отандық ет-сүт өндірісіне жан бітіре алмасақ, онда Ресейдің кебін біз де киеміз. Біз енді Ресейден азық-түлік ала алмаймыз. Себебі Ресейдің өзіне жетпей жатыр. Мұнай арзандап, одан түсетін түсімі азайып, Еуропа елдері де ауыл шаруашылығы өнімдерін қымбаттатып жіберді. Қазір арзан азық-түлік импорты деген әңгіме жоқ. Себебі Ресейге тауар тасымалдай алмай қалған бірқатар Еуропа елдері бізге және басқа елдерге арзан азық-түлік енді бермейді. Сондықтан әркім өз күнін өзі көретін заман туып келеді. Ал бұл арада біз отандық өндіріске ғана арқа сүйей аламыз. Демек бізге шикізатты сыртқа шикі күйінше жібере бермей ең соңғы дайын өнімге дейін өнім өндіру саласының дамуына күш салу керек. Олай етпесек күні ертең біздің ішер асқа жарымай аш құрсақ ел атануымыз ғажап емес.
Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы
Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/reseyde-40-million-adam-ash-kaluyi-mumkn-munyin-salkyinyi-bzge-tie-me-58587/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі