Жол түсiп, Степногорск қаласына бара қалсаңыз, ат басын тiреп, жөн-жоба сұрайтын кiсi таба алмай қиналасыз. Әрине, қалалық әкiмдiкке барып, әркiммен бiрер ауыз тiлдескен боласыз. Бiрақ мардымды мәлiмет алу қиын. Әсiресе, ұлты басқа шенеунiктер бiрдеңе сұрай қалсаң, “мынау қайдан адасып жүрген адам” дегендей үрке қарайды. Өйтетiн жөнi де бар. Кезiнде “құпия қала” атанып, тiкелей Мәскеудiң өзiне ғана есеп берген Степногорскiнiң байырғы тұрғындары әлi де сол қалпынан өзгергiсi келмейтiн секiлдi. Әкiмдiктiң төбесiнде көк ту желбiреп тұрғанымен, басқасы бұрынғы қалпынан әлi көп өзгере қоймаған. Тiптi қаладағы 66 мыңнан аса тұрғынның әзiрше 30 пайыздайы ғана жергiлiктi ұлт өкiлдерiн құрайды. Сондықтан бұл жақта ұлттық руханият жайлы сөз қозғаудың өзi қиын.
Қалалық “Степногорск ақшамы” деп аталатын басылымының редакциясына бас сұғып едiк, Полатбек Жанбаев деген бауырымыз өзi редактор, өзi тiлшi болып, газеттi жалғыз шығарып отыр екен. Сол баяғы қаржыға байланысты, ыңғайластыру, қысқартудың салдары. Оның үстiне ресми саналатын аудандық, қалалық, облыстық газеттер қазiр қатаң бақылауда. Артық-ауыс сөз жаздырмайды. Қаржыны игеру деген себеппен көбiнесе ешкiм тұшынып оқи қоймайтын дүниелердi жариялайды. Әкiмдердiң анда-мұнда жүрiп-тұрғаны, түрлi қызмет жүйелерiнiң есеп-қисабы деген секiлдi.
Бiр жақсысы, қалада “Халық қазынасы” қоғамдық ұйымы бар екенiн бiлдiк. Бұл қоғамды құрып, оған басшы болып жүрген Қайырым Хабар атты азамат екен. “Негiзгi мақсатымыз – қазақ тiлiнiң мәселесi, оның қолданыс аясын кеңейту. Бұған әрине, негiз керек, iргетас қажет. Ол iргетас – балалар бақшасы. Қазақша балабақша көбiрек болса, балалар сәби шағынан ұлттық құндылықтарды бойына сiңiрер едi. Бiз жалғыз тiл ғана емес, ұлттық мәдениет пен өнерге де шама келгенше қолдау жасағымыз келедi. Әйтеуiр қай салада болсын ұлттық құндылықтарымыз аяқасты қалмаса екен деймiз. Ат спортын дамыту үшiн қаланың iргесiнен жер телiмiн алдық, атшабар жасамақпыз. Ара-тұра белгiл өнер иелерi мен әртiстердi шақырамыз осы жаққа. Қалада бiздерге бүйрегi бұратын азаматтар бар, солар да қол ұшын бередi”, – дейдi Қайырым.
Әйтеуiр айналадағы қасаң тiрлiкке қарамастан, осылай ұлт болашағы үшiн өздерiнше тiрлiк жасап жүрген жiгiттер бар әр аймақта. Соған шүкiр дейсiң iштей.
Қазақстанда “қазақ ұлттық орталығы”, “қазақ тiлi қоғамы” дегендер болуы керек пе?
Қалада “Мирас” қазақ ұлттық мәдени орталығы бар. Негiзi 70 пайызы бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттiк мекеме. Жоспармен жұмыс iстейдi. Бiр қарасаң, бәрi дұрыс секiлдi. Бiрақ осыны “қазақ ұлттық мәдени орталығы” демей-ақ, жай ғана мәдени орталық не болмаса мәдениет үйi десе жарасып-ақ кетер едi. Қазақстанның өз iшiнде “қазақтың ұлттық мәдени орталығы” деген тiптi құлаққа оғаш естiледi. Бiз бұл мемлекетте тұратын диаспора емеспiз ғой. Егер Қазақстанда тұратын басқа халықтардың ұлттық мәдени орталығы десе жарасар едi. Ал өз мемлекетiңде жүрiп, “қазақ ұлттық орталығы”, “қазақ тiлi қоғамы” дегендi естiгенде, дәл бiр бөтен жерде жүргендей сезiнесiң. Шын мәнiнде, қазақтың ұлттық құндылықтары өз деңгейiнде ұлықталып, бiз, қазақтар, Қазақстанда тұратын басқа ұлттардың мәдениетi мен тiлiнiң дамуына қолдау жасауымыз керек едi. Бiрақ қазiр барлығы керiсiнше. “Сосын келiп, қазақ ұлттық орталықтарының жұмысын басқа аз ұлттардың мәдени орталықтарының жұмысымен салыстырады. Шындығында, бiздiң тiлiмiз бен мәдениетiмiз мемлекетқұраушы ұлт ретiнде бәрiнiң алдында тұруы керек қой”, – деп қынжылады Қайырым бауырымыз.
“АТАЛЫҚ IШКИIМ” НЕМЕСЕ ҚАПТАҒАН ҚАТЕЛЕР
Осы “Халық қазынасы” қоғамдық ұйымы жарнамалардағы толып кеткен қателерге де ескерту жасап, ұсыныстар айтатынын бiлдiк. Бiрақ оны түзете қою оңай емес. Бұл мәселе жайлы бұрын да жазғанбыз. Жарнама иелерi: “Бiзге мәтiндер жоғарғы жақтағы бас мекемелерiмiзден келедi, оны өзгертуге құқымыз жоқ”, – дейдi.
Тiл жанашырларының сiлтеуiмен қаланың орталық базарына барып, мына бiр жарнамаларды әдейi суретке түсiрiп алдық. “Женское и мужское нижнее белье” деген мәтiн “әйел және аталық iш киiм” деп аударылыпты. Бiрақ оны ескерiп жатқан адам жоқ. Әкiмдiктiң жанында осындай шаруамен тiкелей айналысатын мәдениет және тiлдердi дамыту басқармасы бар. “Аталық, аналық” деген сөздер малға қатысты айтылатынын олар бiлмейтiн секiлдi. Мына бiр “Голод достал? Съешь караван!” деген мәтiн “Аштық түбiңе жеттi ме? Караван! Ауыз тиiңiз!” – деп аударылыпты. Шындығында, тек Степногорск ғана емес, тiлiмiздi қорлайтын бұл секiлдi өрескел аудармаларды Қазақстанның қай бұрышынан да молынан кездестiресiз.
ЛЕНИННЕН АБАЙ ЖАСАУ ОП-ОҢАЙ ЕКЕН
Солтүстiктегi басқа қалалардай, Степногорскiде де көше атаулары жаппай орыс тiлiнде. Мир, Ленин, Парковая, Степная, Целинная, Свердлов болып кете бередi. Тек кейiнгi жылдары Коммунальная деген көше ғана Жастар деп өзгертiлiптi. Бiрақ бұл жақтағы қазағы көп елдiмекендердiң өзi көше атауларын өзгерте алмай отырғанда, Степногорскiге өкпе айту да қиын.
Бәрiнен қызығы, қаладағы №6 мектеп-гимназияның алдында Абайдың ескерткiш-бюстi тұр. Барып көрiп едiк, басындағы тақиясы болмаса, аумаған Лениннiң өзi. Бәрiмiздiң есiмiзде, кеңес заманында әр қалада Лениннiң бес-алтаудан осындай бюстi тұратын. Егемендiк алғаннан кейiн, қолы шебер бiреу солардың бiрiне “тақия кигiзiп”, Абайға айналдыра салған секiлдi. “Бұл туралы кезiнде телеарналардан да көрсетiп, сан мәрте баспасөзге де жазылған, бiрақ әкiмдiк селт етпейдi”, – дейдi жергiлiктi ұлт жанашырлары.
Жергiлiктi “Қазпошта” бөлiмiне барып, “Жас Алаш” газетiне жазылу жағдайын бiлсек, бары-жоғы төрт-ақ дана екен. “Қазақша газеттi ешкiм оқымайды” – деп қол жаяды пошта қызметкерлерi. Қаланың iшiндегi газет сататын дүңгiршектердiң бiразын аралып көрдiк, қазақша газет атымен жоқ. Тура Ресейде жүргендей әсер аласыз.
Тәуелсiздiк алғалы ширек ғасыр уақыт болды, нелiктен ештеңе өзгермеген? Қайдан өзгередi. Өзгеру үшiн дұрыс әкiм керек. Бiз бiлгелi бұл жерде ұлтқа жаны ашитын әкiм болып көрген емес. Бiрi келедi, бiрi кетедi. Оларға сенiң тiлiң мен ұлттық құндылығыңның бағасы бес-ақ тиын. Әкiмдерге өз шаруасын тындырып, қалтасын толтырса бiткенi. Мұндай әкiмдердiң әлi де талайлары ауыса жатар. Бiрақ Степногорскiде жуық арада бiрдеңе өзгере қояды деп айту қиын.
Сайлау Байбосын,
Ақмола облысы
http://zhasalash.kz/