Ресей Қырғызстандағы «Кант» әскер базасына стартегиялық бомбылаушы 1Ту-95 МС1 ұшақтарын әкеле бастады. Бұл жай ғана бомбылаушы ұшақ емес. 12 тонна бомбы не болмаса ядролық қанатты зымырандарды алып ұшатын Ресейдің әуедегі негізгі күші.
Ресей үшін аса маңызды ұшақтар елдің Қиыр Шығысы мен орталығында (Саратов облысында) орналасқан. Оларды Мәскеу не үшін қырғыз жеріне әкеле бастады? Не ойлағаны бар? Әзірге бұл сұрақтарға жауап жоқ. Ресми Мәскеу ешқандай мәлімдеме жасамады. Бірақ мұндай қуатты ұшақтардың Орта Азия жеріне жеткізілуінде үлкен бір мән жатыр. Рас, Ресей Орталық Азияны қайтадан қолға алып, өз құшағына тарта бастағаны анық. Экономикалық қауқары әлсіз болғанымен, саяси-әскери күшін осы маңда анық көрсете бастаған. қырғыз бен тәжіктің армиясын күшейту үшін миллиондаған доллар бөліп, әскери техника бере бастады. Бәлкім алдағы жылы Ауғанстаннан НАТО әскері шығарылады, сол себепті болар. Неге десеңіз, коалиция күштері ауған топырағын тас-тап шығысымен, ол жерде тәліптер қайтадан күш ала бастайтыны анық. Олар ТМД-ның оңтүстік шекарасын бұзып, Орта Азияға дендеп енуі әбден мүмкін. Тікелей үлкен шабуыл болмағанмен әскери радикалды бөлімдер ұсақ-ұсақ топ-қа бөлініп, Орта Азияда түрлі жанжал ұйымдастырып, іріткі салуы ықтимал. Мұның кесірі тек өңірде жатқан мемлекеттерге ғана емес, Ресейге де тиері сөзсіз. Ал әлгі стратегиялық ұшақтардың күшімен сол лаңкестер өтетін жолдарды бомбылап, бөгет жасауға әбден болады. Ресей Орта Азиядағы мүддесін осылай қорғамақ.
Кейбір сарапшылардың пікіріне үңілсек, «АҚШ «Манас» әуежайындағы әскери базасын жаба қоюы екіталай. Өйткені хаб жасауы үшін әуежай Түркияға берілгенімен, алдағы уақытта оны түріктер АҚШ-қа жалға беруі мүмкін. Демек, ол жерде АҚШ әскерилері базаның атын өзгерткенімен, сол қалпында қала бер-мек. Мұны Ресей сезбей отырған жоқ.
Сол себепті ол аймақтағы күштерді тепе-тең ұстау үшін ауыр бомбылаушы ұшақтарды жеткізе бастады» десе, екінші бір сарапшылар «АҚШ-тан бұрын Ресей бұл аймақтағы Қытайдың дендеп енуіне бөгет жасамақ. Қазір Қытай Орта Азияны экономикалық қауқарымен жаулай бастады. Жақында ғана ол елдің басшысы Орта Азия республикаларын аралап, миллиардтаған долларды бөлуде жомарттық танытты. Әрине, оның артында Орта Азияны жұтып қоюдың амалы жатыр. Экономиканы көтеруге инвестиция жақсы, бірақ Қытай секілді алып елдің жемсауына түсіп кетуден сақтанған аймақтағы мемлекет басшылары, аждаһа елінің миллиардтарын қуана-қуана алғанымен, Ресейге арқа сүйеп, Мәскеудің әскери күштерін өз еліне келуіне жол аша бастады» деседі.
Сондай-ақ «қазір Қытайда лаңкестік топтардың қимылы қатты сезіле бастады. «Қытайдың тұтастығына қауіп төндіретін топтар Орта Азия елдерінде соның ішінде шекаралас жатқан қырғыз жерінде жасақталды. Соның түп-тамырын балта шабамыз» деп Қытай әскерін Қырғызстанға енгізуі де ғажап емес. Сол кезде Ресей әскери күштері қарсы тұрады. Мұндай жағдай бұдан біраз жыл бұрын қайталанған. Ол – АҚШ-тың Иракқа басып кіруі. Сол сценарий Орта Азияда Қытай тарапынан қайталануы мүмкін» дегенде болжам бар. Бұл пікірлердің сөз жоқ жаны бар. Шанхай Ынтымақтастық ұйымында бірге болғанымен Қытай мен Ресей Орта Азияны бөліске салуда бір-бірімен үлкен бақталас. Қытай Орта Азияны өзіне тарту үшін қаржымен қызықтырып, экономикалық әлеуетін алға тартса, Ресей әскеру қуатын бұлдауда. Қалай десек те, Ресейдің стартегиялық бомбылаушы «Ту-95 МС» ұшақтарын Қырғыз жеріне әкеле бастауында үлкен бір себеп жатқаны анық.
Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ