«Оскар» жүлдесіне Ресей ұсынған фильмде ешкіммен санаспайтын дөрекі билікке қарсы шыққан адамның дәрменсіз күресі бейнеленген. Көптеген бақылаушыларға бұл тың жаңалық болды.
БИЛІКПЕН ТІРЕСУ
«Левиафан» фильмінде Ресейдің қиыр солтүстігіндегі қалада тұратын маскүнем механик өзіне зәулім үй соғу үшін жерін тартып алмақ болған дүниеқоңыз, араққұмар мэрмен ұстасады. Қарамағындағыларға «жәндіктер» деп қарайтын мэр араққа қызып алған кезде өзін жер иесі деп мәлімдеп, ойындағысын жасырмай айтады.
«Сендердің ешқандай құқықтарың болған емес. Қазір де ешқандай құқыларың жоқ. Ешқашанда болмайды» дейді ол ашуға булыққан кезде.
Үшінші кейіпкер – механиктің ішімдікке үйір қорғаушысы заң мен сот ісіне сілтеме жасап, уақытын текке шығындайды, билік өкілдері оның әрекетіне тек кекесінмен қарайды.
МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ
Осы фильмге жұмсалған шығынның 35 пайызын Ресей үкіметінің көтергені біреулерді таң қалдырады. Фильм «шетелдік үздік фильм» номинациясы бойынша «Оскар» жүлдесіне таласпақ.
Елді таң қалдырғаны – Ресей мәдениет министрі Владимир Мединский үкімет «сайланған билікті сынағанды былай қойып, ғайбаттаған адамдарды» қаржыландырмайтынын мәлімдеген еді. Өткен айда Fontanka.ru сайтына берген сұхбатында ол «Ресей – нәжіске былғанған ел» деген ұстаныммен фильм түсіретіндерді айтып отырмын» деп мәлімдеген еді.
Ресейлік шенеуніктердің түпкі ойын аңғару қиын: Мединский сияқты шенеуніктер «Левиафан» фильміндегі дәрменсіз күресте Владимир Путиннің Ресейін астарлап сынап отырғанын расымен түсінбеген бе? Әлде Кремль аздаған топ қана көретін фильм атышулы жүлдені алса Ресейдің қадірі тайған халықаралық абыройын түзейміз деп үміттене ме?
Ресейдің өзінде бұл фильм қаншалықты кең ауқымда, қанша уақыт көрсетілетінін ешкім тап басып айта алмайды.
РЕЖИССЕРДІҢ ТАҢДАНЫСЫ
«Левиафан» фильмін түсірген режиссер Андрей Звягинцев те Ресей үкіметінің қолдауына таң қалғанын айтады. «Өкінішке қарай, отансүйгіштік деген ұғымды Мәдениет министрлігі мен біз екітүрлі түсінеді екенбіз» деді ол Азаттыққа.
Лев Толстойдың «патриотизм» түсінігіне сілтеме жасаған режиссер «Патриотизм – қоғамның көлеңкелі жақтарын бүркемелеу, бізде бәрі жақсы, бәрі тамаша деу… шындықты білгісі келмейтін сауатсыз, қараңғы жасөспірімнің жағдайы» деп мәлімдейді.
Дегенмен, Звягинцев фильмді қолдау туралы шешімді құрметтеуге тұрарлық тұлғалар қабылдағанын айтады. Сценарий мен жобаны оқып шыққан сарапшылар бұл нағыз ресейлік фильм деген баға берген. «The Guardian» басылымы «Кино басталғанда аю балалайкада ойнап, билеп шықса да бұдан өткен орысқа тән кино болмас еді» деп жазады.
Звягинцев Михаил Салтыков-Щедрин, Федор Достоевский, Антон Чехов сияқты орыс сыншыларының дәстүріне адал екенін айтады. Бірақ, «Левиафан» олардан да кең ауқымды қамтыған. Сыншылар оны неміс-еврей жазушысы Франц Кафканың табиғатына жақын дүние деп сипаттайды.
«Бұнда әмбебап тақырып қамтылған – Жер бетіндегі адамның тарихы, жансыз, машина тәрізді нәрсемен күресуі, бұл үнемі қайталанатын жағдай. Әрине, Ресейде де әркез болып тұрады» дейді Звягинцев. «Өз елім туралы айтқан себебім – мен осында тұрамын. Осы жерге тамыр жайғандықтан «орыс әлемі» туралы жақсы білемін» дейді ол.
Роберт Коалсонның мақаласын ағылшыннан аударған – Динара Әлімжан.
http://www.azattyq.org/content/oscar_russian_film_critical/26778917.html