Сирия Араб Республикасы үкіметінің өтінішімен өз бетінше көмекке келген Ресей бүгінгі күнге дейін Башар Асадқа қарсы түрілі оппозициялық ұйымының нысандарына 456 рет әуе шабуылын жасап үлгіріпті. Басында Башар Асад режиміне қарсы құрылған оппозициялық топтардың бір бөлімі біртіндеп Сириядағы «Ислам Мемлекеті» деп аталатын ислам атын жамылған ұшқары ұйымға айналғаны белгілі. Олардың бақылауында қазірге дейін Ракка, Хама, Идлиб, Латакия және Алеппо қатарлы елді мекендер бар. Ресей жойғыш ұшақтарының қарсы топтың штаптары мен қару-жарақ қоймаларына, соғыс техникалары мен әскери базаларына қарата жүргізген шабуылдарынан аталмыш «Ислам Мемлекеті» ұшқары топтары біраз шығынға батты деп хабарлап жатыр. Осылайша Араб әлеміндегі өзара қырқыстың ең үлкен соғыс ошағы Сирияда жаңаша түс алуда. Атап айтқанада, әлемдегі екі үйектің көз тіккен нысанасына айналды. Оның бір жағында АҚШ бастаған батыс елдері болса, екінші жағында Ресей бастап, Иран қостаған елдер тұрды.
Сирия Араб Республикасы— Таяу Шығыста орналасқан мемлекет. Ливан және Израйльмен оңтүстік-батыста, Иорданиямен оңтүстікте, Иракпен шығыста және Түркиямен солтүстікте шекараласады. Стратегилық орналасуы маңызды аймақ. БҰҰ мәліметтері бойынша Сирия халқының саны 2011 жылы 20,8 млн адамға жеткен. Мол газ қоры бар. 2011 жылғы «Араб көктемінің» ықпалымен басталған Сирия азаматтық соғысы 100 мыңнан астам адамның басын жұтты. Миллиондаған адам жан сауғалап, босып кетті.
Естеріңізге сала кетейік, Осыдан бір жарым жыл бұрын басталған Украинадағы дағдарыс Орыстың Қырым түбегін қосып алуымен және Украинаның шығыс аймақтарында қарулы қақтығыстарға ұласуымен ақырласқаны белглі. Бұл әлемдік қауымдастықтың Ресейге қаратылған наразылығын тудырдырып, АҚШ пен Европа елдерінің Ресейге қарсы экономикалық қысымы мен санкцияларына жалғасқан болатын.
Сирия дағдарысы да дәл осы Батыс елдері мен Ресей арасындағы экономикалық жаңжалдың тағы бір көрінісі іспетті. Олай деуге себеп те жеткілікті. Ендеше, Ресей соғысқа не үшін араласты?
Біріншіден, Ресей өз газына тәуелді Европа елдерін әлі де болса өзіне тәуелділікте ұстауға тырысуда. Бұл жағынан алғанда, мол газ қоры табылған Сирияны Европа елдеріне беріп қою Мұнай-газ саласына тәуелді Ресей бюджетіне үлкен жоғалту болмақ. Осылайша онсыз да шатқаяқтап тұрған экономикасын құтқара тұруды көздейді.
Екіншіден, Ресей Иран және Ирак газының Европаға өтетін жолын бөгеуді мақсат етуде. Батыс елдері Ресей газы мен мұнайына балама ретінде Иран газы мен мұнайын пайдалануды көздейді. Тіптен сол мақсатта Иранға қойылған экономикалық шектеулерді алып тастаған да болатын. Ал, Сирия Иран мен Ирак газын Европаға тасымалдайтын ең төте әрі қауіпсіз жол.
Үшіншіден, Теңіз арқылы шекараласатын Иран Ресейдің сенімді одақтастарының бірі. Осыған дейінгі Иранға салынған экономикалық санкциялар кезінде Ресей жан-жақты қолдау көрсетті. Тіптен, астық және әскери қару-жарақпен, маман ғалымдармен қамдағаны белгілі. АҚШ бастаған Батыс елдерінің Иранды бірден жарылқай қоймасы анық. Енді бір жағынан Сирия АҚШ бастаған батыс елдерінің қолдауындағы аталмыш оппозицияның қолына өтсе, Иранның қауыпсіздігіне зор қауіп екені белгілі. Бұл тұрғыдан алғанда Иран әлі де Ресейдің қасынан табылуға тиісті. Сол себепті де Иран Ресейдің Сирия соғысына арласуына кедергі жасамайды, тіптен ашық түрде қолдап, әскери көмек беріп жатқаны да белгілі. Ендеше, Ресей бұл мүмкіндікті пайдалана отырып, орта шығыстағы өз мүддесін қорғауда.
Төртіншіден, Ресей өзіне үміт артып, қолдау көрсетіп отырған елдер алдында өз беделі мен ықпалын сақтап қалуға мүдделі. Оның үстіне Ресейдің Жер орта теңізіндегі жалғыз әскери теңіз базасы осы Сирияда орналасқан. Осы арқылы араб түбегіндегі ықпалын сақтап қалуға тырысуда. Міне бұл екі үйекке жіктеле бастаған әлемдік қырғиқабақ соғыстың бейнесі. Оның бір жағында АҚШ бастаған Батыс елдері тұрса, екінші жағында әрине Ресей бастаған елдер тұрғаны белгілі.
Жалпы соғыстың аты -соғыс. Мемлекеттер арасында достық болмайтынын, мүдделер күресі жүріп жататынын ескерсек, Ресей өз мүддесін қорғау үшін барын салатыны анық. Бұл жағынан Ресей өз мүмкіндігін барынша пайдалануда. Ал, АҚШ бастаған батыс елдері әзірше экономикалық қысымды әсери қақтығыспен бірлестіре отырып қимыл жасауда. Міне бұл АҚШ-ның Сирияның оппозициясына жеткізген қару-жарақтары мен әскери техникаларынан көрініп жатыр.
Кім-кімге болсын соғыстың жақсылық әкелмейтінін ескерсек, сол сүйкенген екі күштінің арасында қалған шыбын сынды Сирия халқы зардап шекпек. Ал, біз әркімге де жамандық тілегіміз келмейді. Тәңір тыныштықтан айырмасын!
Алтай Бұқарбаев
«Қамшы» сілтейді