Былтырдан бергі Украинамен арадағы салқындық бар, соның салдарынан Батыстың тұс-тұстан салған санкциясы бар, Ресейдің оған қайтарған қарымта жауабы бар бүгінде Ресей экономикасы абдырап тұр. Тіпті Ресейдің ұлттық валютасының күн сайын құнын жоғалтып, мұнай бағасы күрт төмендеп жатқан сәтте қайсыбір сарапшылар «Ресей дефолтқа кетудің аз-ақ алдында тұр» деген болатын.
Біз Ресей экономикасына қатысты жайттарды «Алаш айнасы» порталында бұған дейін де бірнеше мәрте ашып жаздық, деректермен көрсеттік. Ал бүгін сарапшылардың көзімен Ресейге дефолттан сақтану құны қанша тұратынын жіктеп көруді жөн көрдік.
Негізінен, бір ғана ақпан айында атағы дардай үш бірдей халықаралық агенттік Ресейдің экономикасын «қоқысқа малтықты» деп бағалады. Мәселен, халықаралық Standard & Poor’s агенттігі Ресейдің дербес қаржы саясатын соңғы он жылда алғаш рет инвестициялық деңгейден төмен — BB+ деңгейінен BBB- деңгейіне дейін түсірді. Халықаралық Fitch агенттігі де Ресейдің қаржы рейтингін BBB- деңгейіне дейін түсірген болатын. Ал кеше Moody’s агентігі Ресейдің мемлекеттік облигацияларының рейтингін «Ва1» деңгейіне дейін төмендетіп, оны тұрақсыз деп бағалап, «Ресейдің мемлекеттік облигациялар жүйесі қоқысқа малтықты» деп мәлімдеді.
Қазір Ресейдің сыртқы қарызынан үріккен бірқатар Еуропалық ірі-ірі банктер Ресейге ірі көлемді тауар экспорттайтын фирмаларына, кәсіпорындарына, компанияларына жеңілдікпен несие беруді тоқтатты. Ондағы себеп Ресейдің сыртқы қарызының тым көбейіп кеткендігі. Қарызды қайтара алмау күдігінің қоюлауы. Мәселен, өткенде ғана Чехияның, Белгияның, Болгарияның экспорт банктері «Ресейге тауар экспорттаушыларға ірі көлемді несие бергенімен, Ресейде қалыптасып отырған ахуалға орай оны кәсіпкерлеріміз қайтара алмай қалуы мүмкін» деген тұжырымға келгендіктерін ашып айтты. Ресейдің корпоротивтік ішкі қарызының өзі жыл сайын өсім беріп отырғанын алға тартқан мамандар бұл арада аса сақтық қажеттігін, Ресейдің қиналысы енді айқын көріне бастайтынын, ендігі кезекте Ресейге дефолтқа кетуден сақтана бастау керектігін алға тартып отыр. Бұл ретте кеше Ресейдің сарапшы маманы Анатолий Болюх өзінің жазбалары арқылы «Елге импорт-экспорттың тежелуі бар, тағы басқа шектеулердің енгізілуі бар, капиталдың жылысуы бар барлығын қосқанда Ресей шамамен әр тоқсан сайын 50 млрд. доллар жоғалтуы мүмкін. Сонда Ресейге бір жылда 200 млрд. доллар қаржыны жоғалту қаупі төніп тұр. Ал енді алтын-валюта қоры 500 млрд. долларды құрайтынын ескерсек, мұндай шығыннан Ресейдің екі жыл ішінде алтын-валюта қорынсыз қалуы ғажап емес. Сондықтан бізге дефолтқа кетуден сақтану керек» деді. Бұл аздай өткенде ғана Ресейдің белгілі қаржы омбудсмені Павел Медведев «Экономист-сарапшылар, әлеуметтанушылар бізге жуырда елдің 16 млн халқы өте кедей тұратынын, жағдайлары тіптен төмен екенін жеткізді. Өте кедей тұрады деген 16 млн халықтың санатына ай сайын 8 мың рубль жалақы алатындар енген. Сондай-ақ елде қазір 9 мың рубль кіріс алатындардың саны 25 млнға жеткен. Ойлап қарасақ, 9 мың рубль мен 8 мың рубльдің арасында соншалықты айырмашылық жоқ. Бұл есеп арқылы сол 8 мың рубль алатын 16 млн халыққа, 9 мың рубль алатын 25 млн халықты қоссаңыздар, қазірдің өзінде елде 41 млн адамның жағдайы өте төмен екенін аңғарамыз. Егер жағдай осылай ұласа беретін болса, Ресейде 40 млн адам ашығуы әбден мүмкін» деген болатын.
Жалпы, Ресейдің сыртқы қарызы да, мемлекеттік компанияларының Орталық банк алдындағы қарызы да шектен тыс екенін біз бұған дейін жаздық. Бұл жайында мәліметтерді мына жерден толық оқи аласыздар.
Міне, осылайша қарызға батқан Ресейден қорыққандықтан Батыс 2014 жылдың басынан бері Ресейдің қарызын сақтандыру көрсеткішін де жылдам өсірген. Биылғы қаңтар айынан бері Ресейдің сыртқы қарызын сақтандыру көрсеткіші бірден 534 млрд долларға артып шыға келген. Мұны біз арнайы сызбамен көрсеттік.
Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:
— Экономикасы тұрақты, сыртқы қарыздарын уақытылы қайтарып отыратын елдерге қарызды сақтандыру құны өспейді. Мәселен, төмендегі кестеге зер салсаңыз, бірқатар елдерге қарызды сақтандыру құны өте арзан. Ал Ресейдің қарызын сақтандыру құны 534, 01 млрд долларға дейін өскен. Әрине, бұл Ресей үшін қауіпті. Бұл Ресейдің тұтас бір алтын-валюта қоры. Сондықтан Ресей үшін қиналатын кезеңдер әлі алда. Сыртқы қарызын қайтара алмау қаупінің күшеюуі Ресейді қазір расымен де абдыратып отыр. Ал мұның арты ғаламдық экономикалық дағдарыстың өршуіне мұрындық болады.
Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы
Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/reseyge-defolttan-saktanu-kunyi-kansha-turadyi-64124/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі