АЛТЫНОРДА
Новости

Ресейге салынған жаңа санкциялардың Қазақстанға қандай ықпалы бар?

Ресейге салынған жаңа санкциялардың Қазақстанға қандай ықпалы бар?Өткен жұма күні Еуроодақ Ресейге қарсы жаңа санкциялар легін жариялады. Бұдан былай еуропалық компанияларға Ресейге мұнай өндіру және барлау қызметін ұсынуға тыйым салынады. Сондай-ақ Ресейдің мемлекеттік банктеріне несие алуға шектеу де күшіне енді. «Роснефть», «Транснефть», «Газпром нефть», «Оборонпром», ОАК, «Уралвагонзавод» компаниялары да санкциялар қаһарына ілігіп отыр. Бұған қоса Ресейдің ірі инвесторларына Еуропа 30 күннен артық мерзімге несие бермейтін болды. Нақ осындай мерзімде несиені жаңа құнды қағаздармен, акциялармен, басқа да қаржы құралдарымен сатып алуға да тыйым салынды. Айта кету керек, бұған дейін несиелер мен құнды қағаздарға қатысты шектеулер болмаған болатын.

Ал енді бұл жаңа санкциялардың әсері қандай болмақ? Көршілес және одақтас ел ретінде бұл санкциялардың бізге ықпалы бар ма?«Алаш айнасы» арнайы осы ретте мамандарға сұрау салып көрді. 

Жұмаділда Баяхметов, экономист-ғалым:

– Еуропа Ресейдің мемлекеттік банктеріне қарыз беруді 90 күннен 30 күнге шектеді. Санкциялардың қатарына Ресейдің ірі қаржы институты – «Сбербанк» те қосылды. «Сбербанк» — қазақстандық нарықта өте табысты әрі жақсы жұмыс істеп тұрған банк. Енді басқалар сияқты ол да акция құны мен қарыз алуда жапа шегеді. Айта кетер жайт, бұл банктер санкция салынбаған басқа нарықтарға барса да шығынға батады. Сондықтан уақыт өте келе «Сбербанктің» Қазақстандағы жұмысына да бұл санкциялар кері ықпал етеді. Сондықтан болашақта Ресей банктерінің жұмысы баяулай бастайды. Тағы бір айта кететін мәселе, қазірде Еуропа Ресейдің энергетикалық секторына қарсы нақты-нақты батыл санциялар қолдана бастады. Бұдан байқайтынымыз, қаржыдан тарыққандықтан біраз уақыттан кейін Ресейдің мұнай өндіру саласында өсім азаяды. Осыдан кейін Ресей сыртқа шығатын мұнай өнімдерінің бағасын қымбаттата бастайды. Ал мұның арты біз Ресейден алатын жанар-жағармай өнімінің қымбаттайтынын көрсетеді. Біз, негізінен, 40 пайызға жуық жанармайды Ресейден тасымалдап, сол арқылы ішкі нарығымызды қамтамасыз ететінімізді ескерсек, мұның да біздегі баға саясатына әсер етіп, елде жанармай бағасын өсіретіні даусыз.

Марал Төртенова, экономист-сарапшы:

– Ресейге Еуропа технологиялық шектеулер енгізді. Ресейдің техника және технология шығаратын кәсіпорындарына санкцияның салынуы бізге де әсер ете ме деген қауіп жоқ емес. Мысалы, Ресейдің «Россельмаш» компаниясы «Вектор» комбайнын, «Роскос» комбайнының жаңа түрін, сонымен қатар түрлі ауылшаруашылық техникаларын біздегі ірі кәсіпорындармен бірігіп шығаруда. Бұдан басқа уран өндіру, шағын бизнес, саласында да Ресеймен біріккен техникалық компаниялар бізде баршылық. Ал енді көрші елдің нақ осы техника және технология шығаратын саласына Еуропа санкция жариялап инвестицияны шектеп отыр. Жалпы, санкциялар салдарынан Ресейдің инвестициялық кедейленгені бізге аса қажет емес. Себебі инвестициялық шығынның орнын толтыру үшін Ресей енді біздің елімізге енетін техникасының бағасын қымбаттады. Бұл шығыннан сатып алушы тарап, яғни мына біз жапа шегеміз. Барынша қымбат және сапасы төмен өнімді алуымыз да ғажап емес. Бұл санкциялар Ресейді әлемдік қаржы жүйесінен алшақтатады. Ал Ресейдің әлемдік қаржы жүйесінен алшақтауы көршілес және одақтас елдерге кері ықпал етпей қоймайды. Әлем экономикасында Қазақстанның үлесі аз деп қанша жерден айтқанымызбен, бізде Ресеймен бірігіп трансұлттық компаниялар құрылуда. Мен бұған дейін де айтқанмын, қайталап айтамын, айталық, Ақтөбеде Ресейдің мыс компаниясымен біріккен ірі өңдеуші кәсіпорын жұмыс істеп тұр. Мұны шекара маңындағы интеграциялану деуге болады. Бірақ пайданың басым бөлігі – ресейлік компанияның еншісінде. Өскеменде титан-магний комбинаты бар. Титан аэроғарыш саласына аса қажет. Қазір Өскеменнің титан-магний комбинаты Ресейдің бір компаниясымен бірігіп, титанды өңдеп шығарып жатыр. Осы жайттарды ескерсек, Ресеймен бірлесіп жұмыс істеп отырған қазақстандық кәсіпорындар мен компанияларға уақыт өте келе бұл санкциялардың салқыны сезілері даусыз.

Мейрам Қабдрахманұлы, экономист-сарапшы:

– Ресейге жаңа санкциялар салынып жатыр. Ескеретіні, бұдан былай еліне енетін инвестицияның шектелуіне байланысты Ресей енді бізге өз тауарын аса көп жібере бермейтін болады. Осы тұста біздің Үкімет отандық өндірісшілерге қолдау білдірсе, біз ұтып шығар едік. Себебі Ресейдің нарығын игере алса, біздің кәсіпорындар үлкен пайда көререр еді. Қазір Ресейден инвесторлар қашып жатыр. Осы сәтті Қазақстан үкіметі пайдалануы тиіс. Ресейге қарағанда Қазақстанда инвесторларға қолайлы жағдай жасалған. Біз модернизация деген терминді өте жақсы ойлап шығардық. Бірақ соны әрі қарай тереңдету жоқ. Осы жағын қолға алып кез келген ірілі-кішілі өндіріс орындарын жаңғыртуға күш салсақ, біз әлдеқашан еңсе тіктер едік. Мысалы, ірі мұнай өндіретін зауыттардың маңынан шағын жанар-жағармай шығаратын зауыттар ашу, астық сақтайтын орындардың қасынан, ұн тартатын диірмен орындарын ашу, мал бордақылайтын орындардан тері-жүн өңдейтін цехтар ашу тиімді болар еді. Өкініштісі, бізде осы жағына мән берілмей отыр. Тағы бір басымдық беріп айтар жайт, негізінде біздің экономикалық құрылымымыз екіге бөлінеді. Қала және халықтың 47 пайызы тұратын ауыл. Сондықтан көрші елдегі жағдайды ескере отырып алдағы уақытта мемлекеттік шығынның жартысы ауылға жұмсалуы керек. Тереңнен байыптағанға Ресей мен Еуроодақ арасындағы санкциялар салқынын бізге тигізбей ұтымды алып шығатын сала — ауыл шаруашылығы. Сондықтан, меніңше, Ауыл шаруашылығы министрлігіне құрылымдық өзгерістер жасаудың реті келген сияқты.

Автор: Қарлығаш Зарыққанқызы

Толығырақ: http://alashainasy.kz/economica/reseyge-salyingan-jana-sanktsiyalardyin-kazakstanga-kanday-yikpalyi-bar-54157/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі