РФ халқының 80 пайызы мемлекетте экономикалық дағдарыс орын алғанына сенімді болса, оның жақын арада соңын табатынына күмәнмен қарайды. «Қамшы» порталы «Левада-Центр» орталығына сілтеме жасай отырып, жүргізген сауалнама нәтижесін беруді ұйғарып отыр.
Респонденттердің 23 пайызы Ресейдегі дағдарыс бір-бір жарым жыл шамасында жалғасады деп ойлайды, 24 пайызы кем дегенде екі жылды құрайтынына сенімді, ал келесі 23 пайыз «дағдарыстың мерзімі өте ұзақ болады, салдары бірнеше жылға дейін жалғасады» деп отыр.
Бар болғаны 5 пайыз адам ғана Ресейдегі дағдарыс бірнеше айға, әрі кетсе жарты жылға созылады деп сенеді. Сұралған халықтың 16 пайызы қазіргі уақытта дағдарыс ұзақтығының қанша уақытқа созылатындығын айтуға қиналатын көрінеді. Қалғаны сауалнамаға жауап беруден бас тартқан.
Айта кетейік, РФ Экономикалық даму министрлігінің хабарлауынша, жалпы ішкі өнімнің екінші тоқсанда 4,4 пайызға төмендесе, бірінші тоқсандағы төмендеуі 2,2 пайызды құраған. Батыстың экономикалық шектеулері Ресейге әсер ететіні жайлы, американдық санкциялардың кесірінен ресейлік олигархтардың активтерді қайта құрып жатқаны туралы «Financial Times» газеті жазған болатын. Мұндай қадамға бару олигархтарды жаһандық нарықтардан мүлде алыстатып жіберуі мүмкін. Сонымен қатар, басылым редакциясының айтуы бойынша, бұл дегеніміз АҚШ-тың санкцияларды ұзартуға дәмелі екенінің бір көрінісі екен.
Ал, ресейлік президент «жақсы сөз – жарым ырыс» деп санайтын көрінеді. Онысын бүгін өткен «Ресей шақырады» кезекті экономикалық форумында сөйлеген сөзінен аңғару қиынға соқпады: «Өткен жылы экономикамыз құлдыраған болатын. Биыл да сол процесс орын алуы мүмкін. Дегенмен, алдағы жылдарда біз қазіргі жағдайды еңсеретінімізге сенемін!», — деді ол.
Назгүл Назар