Таяу Шығыста сапармен жүрген Рип папасы Франциск бүгін Иордан өзенінің батыс жағасындағы Вифлеем қаласына барады. Бұнда ол Палестина автономиясының басшысы Махмуд Аббаспен және өзге де палестиндік жетекшілермен келіссөздер өткізеді.
Сенбі күні Таяу Шығыс аймағына үш күндік сапарын Иорданиядан бастаған папа Франциск неғұрлым тезірек Сириядағы азаматтық соғысты аяқтау және израиль-палестин дауын реттеу қажеттігі туралы мәлімдеген еді. Ол сонымен бірге Таяу Шығыста христиандарға қатысты төзімділік танытуға шақырған.
Иорданияда Рим папасы ел королі екінші Абдолламен кездесіп, Амман қаласындағы стадионға жиналған 20 мыңға жуық адамның алдында құдайға мінәжат рәсімін атқарды. Сол күні Ватикан басшысы Иорданияны паналап жатқан сириялық босқындармен кездесті.
http://www.azattyq.org/content/news/25397116.html