[:kz]
Бразилияда өткен ХХХІ жазғы Олимпиаданың аяқталғанына да бір аптадан асты. Дегенмен оның «ыстығы» әлі басылған жоқ, оған қатысты түрлі әңгімелер айтылып жатыр.
Өйткені бұл Олимпиаданы бұрынғыларынан басқаша өтті десек болады. Яғни онда қызықты жайлар да, даулы оқиғалар да аз болмады. Солардың кейбірі жөнінде жазғанды жөн көрдік.
Көршілеріміздің жай-күйі қандай?
Қазақстанның екі алып көршісі – Қытай мен Ресейдің құрама командалары Олимпиадада 3-ші және 4-ші орын алғаны белгілі. Ал басқа қоңсыларымыздың бұл тұрғыдағы ахуалы қандай?
Кешегі аптада әр елдің қол жеткізген медальдарының жарысқа қатысқан спортшыларына шаққандағы көрсеткіштері бойынша рейтинг жарияланды. ОндаТәжікстан құрама командасы 1-ші орында тұр. (Медальдық есепте ол әлем елдерінің қатарында 54-ші орында). Яғни бұл елдің Олимпиадаға қатысқан 7 спортшысының біреуі – алтын, екеуі күміс медаль ұтып алған. Ереже бойынша алтынға – 4, күміске – 2, қолаға 1 ұпай есептеледі, бірақ жарысқа қатысқан спортшылар қатары азайған сайын берілетін ұпай саны да еселене береді екен. Тәжікстанның осы есепке қатысты көрсеткіші 57 балға жетіп, бірінші орынға шыққан.
Ал Түркіменстаннан Олимпиадаға 9 спортшы қатысқан еді, олар бірде-бір медаль ала алмады. Бұған қатты намыстанған ел Президенті Құрбанғұлы Бердімұхамедов Спорт істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің басшысы Қақабай Сейітовке «өз міндеттерін дұрыс орындамағаны, спортшыларды жеткілікті деңгейде даярламағаны» үшін қатаң сөгіс берді, кемшіліктерді тез арада түземесе қызметімен қоштасатынын ескертті.
Қырғыз ағайындар болса, Рио-де-Жанейроға 19 спортшысын аттандырған еді. Өкінішке орай, олар да медальсіз оралды. Соған қарағанда, бұл елде де спортқа жауапты шенеуніктер «шыжғырылып» жатқан шығар.
Ал Өзбекстанның бұл Олимпиадада 21-ші орынды иеленгені белгілі. Ол 22-ші орын алған Қазақстаннан тұңғыш рет бір саты жоғары шығып, жүрегі жарыла қуанып жатыр.
Желаяқтар жұртты таңқалдырды
Рио Олимпиадасында қара нәсілді азаматтар жүгіру спорты бойынша алдына жан салмады. 11 мәрте – Әлем чемпионы, 6 рет Олимпиада чемпионы болған 30 жастағы ямайкалық желаяқ Усейн Болт 100 және 200 метрлік жарыс жолында жанындағылардың бәрін шаң қаптырып кетті.
Бұл азаматтың жылдамдығы сағатына 38 шақырымды шамалайды екен. Есептеушілер оның сағатына 30 шақырымды алатын тұлпарды, 34 шақырымды жүзіп өтетін моторлы қайықты жолда қалдыратынын айтуда.
Ал 800 метрге жүгіруден әйелдер арасында өткен сайыста 5-ші орын алған польшалық жүйрік Йоанна Йозвик өзінен озып кеткен оңтүстікафрикалық, бурундилік және кениялық жүйріктердің әйел баласы екеніне күдік келтіріп отыр. Расында бұл әйелдердің бет-әлпеті ғана емес, дене тұрқы да еркекке келеді, күші мен төзімділігі де еркектен кем емес.
Осы жүйріктердің бірі – Оңтүстік Африка Республикасының спортшысы Кастер Семеняның әйел екеніне күмәнданушылар көп. Сондықтан кезінде (2009-жылы) оны толық тексеруден өткізген екен, оның әйел жынысты екеніне көз жеткізіп, жарыстарға қатысуына рұқсат етіпті.
Ал эфиопиялық марафоншы жүйрік Фейиса Лилеса Олимпиаданың күміс медалін жеңіп алған еді. Ол мәреден жұдырығы түйілген екі қолын жоғары айқастыра көтеріп өтті. Бұл ел үкіметінің (Эфиопияның) жүргізіп отырған саясатына деген қарсылықты білдіреді екен. Яғни Эфиопияда биліктің саясатына қарсы шыққан адамдардың құқы бұзылып, күш құрылымдарының қолынан мыңдаған адам мерт болыпты, түрмелерге қамалыпты. Олардың қатарында Ф.Лилесаның да көптеген туыстары бар екен. Олимпиада аяқталғасын ол Отанына оралудан қорқатынын, бір мемлекеттен саяси баспана сұрауды ойластырып жатқанын айтыпты.
Қуанышынан гөрі уайымы басым екен
Солтүстік Корея жеңіл атлеті Ли Сегван Олимпиаданың алтын медалін ұтып алған еді. Бірақ ол қуанышын өзгелер сияқты секіріп, айқайлап, біресе жылап, біресе жылап білдірген жоқ, өз елінің туы көкке көтеріліп, әнұраны ойналғанда солдаттарша қасқая «честь» беріп тұрды. Оның түрі мұңды көрінді, сондықтан жұрт оған сырттай «Олимпиаданың ең мұңды чемпионы» деген «атақ» таңды.
Сондай-ақ бұл елдің ауыр атлеті Ом Юн Чхоль да күміс медаль ұтып алғанына аса қуанбады, тіпті еліміздің басшысынан ұят болды, алтын медаль ала алмадым деп қатты өкініш білдірді.
Солтүстік Кореяның гимнаст қызы Хок Джон Юн жарыстар кезінде оңтүстіккореялық құрбысымен селфи жасағаны үшін уайымға батып жүр. Өйткені Корей Халықтық – Демократиялық Республикасында жау мемлекеттің (Оңтүстік Кореяның) адамымен достық қатынаста болудың өзі Отанын сатқан опасыздықпен тең қаралады екен, ол үшін ату жазасы беріледі.
Өзі мерт болғанымен 4 адамды құтқарып қалды
Рио Олимпиадасындағы жарыстар кезінде бірнеше спортшы түрлі жарақаттар алып, ауруханаға түсті. Біреулері веложарыста мертіксе, енді бірі зілтемір көтеру, жүгіру, секіру, бокс, күрес, тағы басқа жарыстар кезінде жарақаттанып қалды. Германия құрамасының жаттықтырушысы Штефан Хенце Рио-де-Жанейрода болған жол-көлік апатынан қаза тапты. Бразилияға барған туыстарының келісімімен оның жүрегі, бауыры және бүйректері осындай ағза мүшелерін қажет ететін ауыр науқастарға трансплантология тәсілімен алмастырылып салынды.
…Қысқасы, жоғарыда атап өткеніміздей, Рио-де-Жанейро Олимпиадасы қызыққа да, «шыжыққа» да толы болды. Бұл Олимпиада спортқа саясаттың тереңдей араласуымен де есте қалары сөзсіз. Өйткені Олимпиада басталар алдында Халықаралық Олимпиада Комитетінің араласуымен допинг дауы орын алды. Мұның заңдылығына, Олимпиада жарғысында жазылғандай адал ниетпен, әділ ұстаныммен орын алғанына күмән келтірушілер көп. Әсіресе бұл Ресейге қатысты болды, оның көптеген маңдайалды спортшылары Олимпиадаға қатысу құқынан айырылды. Мұның Қазақстан құрама командасына да белгілі бір дәрежеде салқыны тиді десек болады.
Бұдан кейінгі Олимпиадаларға да саясат араласса, оның түбі жақсылыққа апармайтын шығар.
Т. ТҰРАН.
http://www.zamana.kz/
[:]