Ақын Фариза Оңғарсынова апамыз айтпақшы, «Тақтайды тақтайға соққан композиторсымақтар асқынып кеткен мына заманда» қазақ әнінің ұлттық бояуының бір жеріне қылау түсірмеу үшін жанұшыра жүгіріп жүрген шын дарындар аз. Сондай аздың бірі – Роза Әлқожа. Алғаш ешкімнің қолдап, демеуінсіз өз күші, өзі дарынымен «Мен сыйға тартқан орамал» атты ән жаздырып, нағыз қазақ қызына тән биязы мінезімен бірден халықты баурап алған Роза қызын өнер де жат көрген жоқ. Біртіндеп шабытына шабыт қосып, әнін әнге жалғаған Әлқожаның әнге ғашық немересі қалайша өзінің барша қазақтың сүйікті әншісі, сүйікті қызына айналғанын аңғармай да қалған еді. Алматыда концерт өткізді ол солай. Енді, міне, елорда төрінен қазақтың Розасы өз әнімен барша Алашты сусындатқалы тұр. Сонымен 1 маусым, Астана қаласы, Жастар сарайы, «Жүрек назы»… Бұл – әнші сазгер, ақын Роза Әлқожаның алдағы болар үлкен қуаныш үні. Біз әншінің әбігерге түсіп жүрген бір кезін ұрлап алдық.
– Роза, жанға жағымды, түбі қуанышқа жетелейтін бір әбігер үстінде жүрсіз, түсінеміз, әйтсе де сізбен бір тілдескіміз келді. Алматыға концерт бергеніңіз есімізде, алайда Астана жайлы ол кезде ауыз ашпап едіңіз, бұл тәттіні кейінге қалдырып, жұмбақтаған түріңіз бе, әлде өзіңіз үшін де бұл бір тосын сый болды ма?
– Шынымды айтсам, ол концерт өткелі екі жылдың қалай өте шыққанын өзім де сезбей қалыппын. 2011 жылы Алматыда концертімді бергеннен кейін мен көп нәрсе бітіріп қойған адам сияқты мамыражай бір күйге түсіппін де, содан кейінгі бір жыл бойына бірді-екілі ән жаздырғаным болмаса, ауыз толтырып айтарлықтай ештеңе жасамаппын. Мен осыны былтыр жыл бітерде, өзіме-өзім есеп беру барысында түсіндім. Оған бір оқиға себеп болды. Бірде маған әйгілі актер, қазақ өнерінің саңлағы Тұңғышбай ағамыз қоңырау шалды. Шығармашылығыма байланысты өзінің жылы лебізін білдіре келе, ағамыздың сөз соңында менің «Сенің ғана», «Жүрек назы», «Ақберен» сияқты 3-4 әніме құда түспесі бар ма?.. «Осы әндер маған қатты ұнайды, соны үйдегі жеңгең орындаса қалай қарайсың» деді. Алайда ол әндер мені танытқан әрі бейнеклип түсіріп қойғандықтан, ағамның қолқасын құп ала қоймадым. Бірақ сонда да Дария жеңгеміз өз шығармашылық кешінде «Жүрек назын» орындап шығыпты, оған қуаныштымын, әрине. Бірақ «Ақберенге» клип түсіріп, арналарға бергені маған керісінше әсер етті. Намысыма тиіп, маған қамшы салғандай болды, бір жағы. Себебі ол әнді ең бірінші Ақмарал Ілеубаева апамыздан барып алып, жарыққа шығарған мен едім, сондықтан өзің елдің құлағына сіңірген әнді тағы біреу орындаса, адамда біртүрлі қызғаныш туады екен. Адамның өз баласын жақсы көріп, өзгеге бергісі келмейтіні сияқты ғой. Ел де «ой, әніңді неге беріп қойғансың, өзің енді орындамайсың ба?» деген сияқты сұрақты көп қойып кетті. Осы жайт, бір жағы, менің ширығуыма түрткі болды, өмірдің бәсеке екенін одан сайын ұқтырды десем болғандай. Содан жаңа 2013 жылды еліміздің әр өңірін аралай жүріп концерт қоюмен бастадым. Қарағанды облысының Шет ауданына барып бес концерт қойдым. Елдің ықыласы керемет болып, маған рухани дем берді десем болғандай. Содан соң Қарағанды қаласының өзіне келіп концерт қойдым. Онда менің концертімді Қуаныш Медеубаев және Мирас Асан деген екі жігіт жүргізді. Олардың дайындығын, жалпы, менің шығармашылығыма деген құрметін көріп, өзімді бақытты сезіндім. Өздері ақын екен, әр әніме өлең шығарыпты, әсіресе Ажар Түзелбекқызы екеуміздің дуэтімізге арнап «Өлі мен тірінің дуэті» деп шығарған өлеңдері маған сондай қатты әсер етті. Сосын Түркістан қаласына да шығармашылық кешімді бердім. Солайша Қазақстанды бір айналып шықтым-ау деген тұста ақын Фариза апамыздан «Роза сіңлім, кешіңді Астананың төрінде беретін кезің жетті ғой» деген ұсыныс білдірмесі бар ма. Сіздерге берген сұхбатымды апамызбен қалай танысып, табысқанымыз және ол кісінің менің поэзияма да баға беріп, қазақ әнін аманаттағаны жөнінде айтып едім ғой. Фариза апамызбен сол кездесуден кейін ақын апамның өлеңдер жинағын қайда барсам да жанымнан тастамай, жастана оқып жүрдім. Алайда ән тумай қойды. Бірақ бір күні кенеттен «Фариза» деген ән кернемесі бар ма кеудемді?! Сөзін Бақытгүл Бабашқа жаздырдым. Басында «Фариза деп жазбаңдаршы, ыңғайсыз тіпті» деген ақын апамыз жаңа әнді тыңдап көргеннен кейін «Мұқағалидың «Фаризасы» мені бір мұңға батырушы еді, мынау керісінше адамға көңіл күй сыйлайтын жақсы ән болып шығыпты, рақмет» деп шын қуана қабылдады. Сол ретте осы алда қойғалы жатқан Астанаға концерт беруіме қолқа салып, соған шабыт берген еді Фариза апамыз.
Тағы бір маған қанат бітірген жағдай, телеарнадан берілген менің концертімді көрген Сара Алпысқызы апамыз «мен талай әншіні көрсем де, дәл мынадай сауатты сөйлейтін әншіні көрмеппін» деп арнаға алғысхат жариялап, концертімді өзіне арнайы жаздырып алғаны болды. Жалпы, өнер адамы бала секілді болып келеді, кейде сәл нәрсеге мұңая қалсақ, керісінше бір ауыз жылы сөз біздің төбемізді көкке жеткізгендей күй кешеміз. Алдында әнімді бір апайымның алып кеткені мұңға батырып жүргенде, Фариза мен Сарадай апаларымның шығармашылығыма сүйсініс білдіргені маған кәдімгідей үлкен рухани демеу болды. Бұйыртса, мамырдың 31-і күні БАҚ өкілдерінің, зиялылардың басын қосып, баспасөз конференциясын ұйымдастырмақ ниеттеміз, маусымның 1-інде концерт қоймақшымын. Концертке үлкен дайындықпен келіп отырғанымды айта кетсем, үш бірдей жинақ шығардым: бірі – әндерімнің жинағы, оны «Ән салшы, Роза» деп атасам, екінші жинаққа «Мен сыйға тартқан орамал» деген ат беріп, оған бейнебаяндарым мен концерттерімді топтастырдым. Үшіншісі – осы кезге дейін ешкімге көрсетпеген ең қымбат қазынам өлеңдерімнің үнтаспасы. Ол «Жүрек назы» деп аталады. Баспасөз конференциясын өткізуіміздегі мақсат – осы үш жинақтың тұсауын кесу. Тағы бір айта кетерлігі – концертімнің 1 маусымда өткелі отырғаны. Бұл күнді, өздеріңіз білесіздер, Бүкілдүниежүзілік балаларды қорғау күні. Ендеше, мен өз концертімді балаларым Бейбарыс пен Ақботаға аштырғалы отырмын, алайда олар қалай, немен ашатынын өздеріңіз көзбен көрерсіздер, әзірге құпия бола тұрсын.
– Айтпақшы, ұлыңыз Бейбарыс таяуда көркемсөз оқудан топ жарып, бас жүлде алды деп естідік. Құтты болсын! Шыныңызды айтыңызшы, ұлыңыздан осындай бір жетістік күтіп пе едіңіз, әлде бұл сізге тосын сый болды ма?
– Қанша дегенмен ол менің білім алып жүрген студент шағымда әрі өнерге соншалық құштар, ән мен жырға іңкәр кезде бойыма біткен тұла бойы тұңғышым ғой. Оның бәрі де құрсақтағы балаға әсер етпеуі мүмкін емес. Сондай-ақ мен сізге бір тылсым дүние, әлі ешкімге айтпаған жұмбақ жағдайды айтсам деймін. Осы Бейбарысыма жүкті болған кезімде құрбым Нәзира бірде өзінің түс көргенін айтты. «Түсімде балаңды ертіп жүр екенмін, ол бірақ кіп-кішкентай болса да, маған тіпті үлкен басыммен мен тосылып қалатындай көркем тілмен кесек сөздер айтып жатыр екен. Сен бір жазушы туасың-ау, әйтеуір, тегін бала болмайын деп тұр» деп, өзімді қобалжытып тастағаны бар-тын. Сосын қазақ «сәби кіндік шешеге тартады» деп айтады ғой, сол сөздің де жаны бар ма деп қалдым. Ұлымның кіндік шешесі қазақтың ақын қыздарының бірі Жанар Әбсадық болса, кіндік әкесі әйгілі ғалым, марқұм Алма Қыраубаева апамыздың ұлы, өзі ақын, сазгер Бұлан Жамбыл. Соларға да тартқан секілді. Балам мені бір емес, бірнеше рет таңырқатқаны бар. Бірде ауылға бардық, сонадайда Бейбарыс басқа балалармен сөйлесіп тұр екен, сөзіне құлақ түрсем, тіпті кішкентай баланың сөзі емес, «мен Қазақстан Жазушылар одағына барған кезімде бар ғой, ақын Жарас Сәрсек ағамыз…» деп әңгіме соғып тұр. Өзім сонда ұлымның бала емес, ересек адам сынды ойлайтынына бірінші рет таңырқағам, сосын тағы бірде, ең алғаш Жазушылар одағында шығармашылық кешімді өткізгенімде тасынып, «осыны көретін күн бар екен-ау, енді өлсем де арман жоқ» деп айтып қалсам керек, сонда үндемей бір шетте отырған балам кенет: «Мама, сіз ештеңені уайымдамаңыз, сіздің шығармашылық жолыңыз әлі талай жасайды, тіпті сіз үлгермесеңіз, ізіңізді жалғайтын мен бармын» – дегені. Әлгі сөз мені ойлантып тастады. Сондықтан Көкшетауда өткен «Жас толқында» көркем сөз оқудан бас жүлде алғаны мен үшін заңдылық, яғни Бейбарыс соған лайық секілді.
– Біз білетін Розадан гөрі, білмейтін Роза, яғни сіздің әлі де ашылмаған қырларыңыз мол секілді. Соңғы кезде сізді не мазалап жүр, яғни бұрынғыдан өзгеше нендей күй кешіп жүрсіз?
– Ән жазып, ән орындап, өзімнің өлеңмен де ауыратынымды меңзеп тұрсыз-ау?.. (күлді) Расында, кейінгі кездері маған терме мақамдары келіп жүр. Жырға құштар болып жүрмін. Шамасы, біртіндеп қазақтың сондай бір жауһарларын қолға алайын деп жүрмін-ау, қолымнан келсе. Өйткені адамға іштей маза бермеген нәрсе, демек, ол қоғамға қажет деген сөз. Шығарма да сәби секілді ғой, құрсақта жатқанда сәби белгі береді ғой, бір бүлк етіп, сол сияқты шығарма да туардың алдында сөйтіп белгі береді. Сыр сүлейлерінің ізін жалғап, халық әндеріне ден қоюым да мүмкін. Құрманғазы атындағы оркестрден шақырту алдым.
– Әңгімеңізге рақмет, шығармашылық табыстар тілеймін!
Автор: Мәриям ӘБСАТТАР