АЛТЫНОРДА
Новости

РТЖ: Қазақстанға және тағы 3 бағытта жолаушы тасымалы тоқтайды

«Ресей темір жолы» компаниясының еншілес «Федералдық жолаушылар компаниясы» желтоқсанның 14-інен бастап Қазақстан, Украина, Әзербайжан және Тәжікстанға жолаушылар тасымалдауды тоқтатады деп хабарлайды ресейлік ақпарат құралдары.

Ресейлік «Коммерсантъ» басылымының хабарлауынша, компания өкілі желтоқсанның 8-і күні «аталған төрт ел бағытында жолаушылар тасымалынан түсетін пайданың аздығынан» желтоқсанның 14-інен бастап келесі жыл бойына Қазақстан, Украина, Әзербайжан және Тәжікстанға жолаушы тасылмауды тоқтататынын айтқан.

«РИА Новости» агенттігінің ақпаратына қарағанда, «Федералдық жолаушылар компаниясы» Беларусь, Өзбекстан, Молдова және Абхазия бағытында жолаушылар тасымалын тоқтатпайды.

Бірақ «Коммерсантъ» басылымы компаниядағы дереккөзіне сілтеме жасап, рубльдің құлдырауынан «шығынға бату қаупін төмендету үшін» басқа да халықаралық бағытта жолаушылар тасымалын тоқтатуы мүмкін екенін айтады.

Қазір Қазақстан бағытында «Федералдық жолаушылар компаниясының» төрт пойызы, Украина бағытында он пойызы, Әзербайжан бағытында үш, Тәжікстан бағытында екі пойызы жүреді.

http://www.azattyq.org/