АЛТЫНОРДА
Новости

Руға бiрiгудiң құдiретiн неге ескермейсiздер?

“Жас Алаштың” биылғы қаңтардағы бiр санында жария­ланған М.Шаханов ағамыздың “Руға бөлiнудiң қасiретi немесе ұлттық тұтастыққа қағылған сына” деген мақаласын оқығалы берi тынышым кетiп, ақыр соңында қолыма қалам алдым. Оған қоса, Мұхаңның пiкiрiне қостау бiлдiрген небiр танымал тұлғалардың есiмдерi жазылыпты. Бұл ендi сол азаматтардың барлығының Мұқаңмен бiрге ақылдасып-ойласып жазғаны болса керек.

 Менiңше, бұл мақаланы оқыған әрбiр көкiрек көзi ояу азаматтың бей-жай қалмасы анық. Сондықтан сол азаматтардың бiрi ретiнде мен де өз ойымды айтпақпын.
 “Ұлт тұтастығына сына қағылмасын” дегендерi дұрыс, бiрақ руға бiрiгудiң құдiретiн ескерудiң орнына, оны жиiркенiштi ағымға теңеген. Неге?
 Неге ғана сонау ықылым заманнан айтылып келе жатқан ата-бабамыздың “У iшсең, руыңмен!” деген өсиетiн жоққа шығарғысы келдi екен?!
Абайлап қарасаңыз, мақаланың аржағында руға қарсы дәл бiр қуғын-сүргiн басталып кеткендей. Кешiрiңiз­дер, әрине.
 Ру – ұлттың, тұтастықтың, елдiктiң, егер бiлсеңiз, исi қазақтың – идеологиясы!
 Мен өзiм “Қыз-Жiбек” көркем фильмiн – тұнып тұрған ұлт саясаты деп бағалаймын. Төлеген атамыздың аузына салған “Бiз сыя алмай емес, сыйыса алмай жүрмiз ғой” деген сөзi дәл қазiргi зиялыларға айтылғандай.
 Тағы бiр айтарым, мына тұрған Қытайда өз тегiн, өз руын, өз шежiресiн бiлмейтiндермен олардың көршiлерi (өз қытайлықтары) де амандаспайды екен. Себебi, “түбi жоқ” деп. Егер өз руымыздан қашатын болсақ, ертеңгi күнi бiздiң де солай аталмасымызға кiм кепiл?
 Зиялыларымызға айтарым, ұлт идео­логиясынан алшақтау – рудан алшақтау деген сөз. Әр рудың өзi – ұлттың саяси өзегi. Автордың мақаласы сол өзекке өрт тастап отырған сыңайлы. Әлде, елдiң назарын басқа жаққа аудару керек болды ма? Қалай болған күнде де ұлтты қаралау дұрыс емес. Себебi, рулық санадан ұлттық сана туады. Рудың осындай құдiретi неге ескерiлмеген?!
 Руды жамандау – ұлтыңды жамандау. Дәрiнiң де жақсы және жаман жағы, ақтың да қарасы болады дегендей, руды жiктеп, бөлiнуiн мысал қыл­ғанша, бiрiгуiн айтайық. Сiздерше, қазақтың ынтымақты болуына тек ру ғана кедергi келтiрiп тұрғаны ма? Бос сөз. Қиыспайтын байбаламның не керегi бар? Оның үстiне, мұны өскелең ұрпақ қалай қабылдар екен, осы жағын неге ойламасқа?
 Анық ұлт жанашырлары жұртшылықты бұлай дүрлiктiрмесе керек-тi. Есесiне, әркiмнiң өз ата-тегiн, руын, яғни, жетi атасын зерттеп-бiлiп, оның кешегiсi мен бүгiнгiсiне үңiлiп, жетiмi мен жесiрiне, кедей-кепшiгiне көңiл аударып, қамқорлық жасауды ескерткенде ғой.
 Неге десеңiз, мейiр-шапағатсыз мынау қатыгез заманда қоғамның аз­ғындауы жанға батады. Мәселен, әр ру өзiнiң жетiм-жесiрiне, қолұшын берiп, кем-кетiгiн толтырып жатса, ұлттың тұтастығына сына қағылған бола ма? Бiле-бiлгенге бұл – нағыз ынтымақ, нағыз ауызбiршiлiк. Нағыз елдiктiң нышаны. Бiздiң қазақ халқы аталар аманатындай осынау ынтымақ-бiрлiкке әсте қылау түсiрмей келедi. Ұлттық тұтастық деген осы! Тұтастығымыз мықты болса, ұлттық рухымыз да мықты болады.
 Мәселен, қазақтың бiртуар ұлы, поэзия заңғары Мұқағали Мақатаевтың “Аманат” атты жинағындағы “Екi iнiмнiң найзасының ұшымын” деген өлеңiнде былай деген екен:
Мен – Үйсiнмiн,
Қауға берсең, қауға бер,
Қан ағызып, үйренгем жоқ жаулап ел.
Дауы да жоқ, жауы да жоқ, тып-тыныш
Бауырларым, бiздiң асқар тауға кел.
Мен – Үйсiнмiн,
Мал бақ десең, мал бағам,
Еш жамандық көргемiн жоқ қауғадан.
Мен – Үйсiнмiн,
Ұлы жүзбiн, ұлымын,
Ұлымын деп, ұлыққа да бармағам.
Ортадан да, Кiшiден де кiшiмiн,
Ұлымын деп көрсетпеген қысымын.
Ел басына екiталай күн туса,
Екi iнiмнiң найзасының ұшымын.
Мен – Үйсiнмiн,Ұлы десең ұлымын,
Кiсiлiктiң, кiшiлiктiң құлымын.
Бөлiнбеген еншiм даяр, екi iнiм,
Желпiлдетiп, жетiп келсе тұлымын… –
деген жырында ненi меңзегенi түсiнiктi шығар.
Осы жерде айта кететiн бiр нәрсе бар. Мәселен, көнеден келе жатқан мақалдың сарынымен айтсақ, “бiр руласы таққа отырса, қырық руласы атқа мiнедiнiң” керi келiп жүргенi рас. Мiне, бiз, осындай терiс әдеттен, яғни, ұлт жақсысын меншiктеп, “қалталарының” арқасында көлеңке сияқты күй кешiп жүрген бейбақтардан сақ болуымыз керек. Мұнымды таққа талас немесе қызғаныш деп ойламаңыздар. Тақ пен табыт қашанда жалғыз, оның кiмге қашан бұйырары бiр Алланың қолында. Жастарды адастырудың қажетi қанша? Мақаланың көздегенi не өзi, өз руына мән бермейтiн алаңғасар, безбүйректердi тәрбиелеу ме? Әлде, бiреудiң сағын сындырып, ығына көндiру ме? Түсiнбедiм…
 Ағайын, бәрiмiз бiр атаның – қазақтың ұрпағымыз. Бұл жерде бөлiп-жаратын ештеңе жоқ. Тыныш жатқан елдiң құлағын көтерiп дүрлiктiрмей, кейiнгi ұрпақты мұндай былық-шылықтан аулақ ұстауға тырысайық. Одан да халық қамын ойлағанымыз жөн.
 Әлеуметте, тұрмыста рушыл болайық, саясатта, билiкте ұлтшыл болайық деген қағиданы сақтасақ дұрыс болар едi. Менiң айтайын деген жанайқайым осы.
 Мұқан Тұрысбеков,
 Кентау қаласы.

http://zhasalash.kz/kogam/9044.html