АЛТЫНОРДА
Новости

РУМЕН ЕМЕС, РУШЫЛДЫҚПЕН КҮРЕССЕК…

157278e8e9a7879b77b187919954e4adАйта-айта жақ талып, жаза-жаза саусақ мүйіз болғалы қашан. Дегенмен, қашан бойымыз осы дерттен тазарғанша онымен күресуге тиіспіз. Ұлт болашағы сынға түсіп тұрған қазіргі шақта шаршадық деп, кері шегіну қылмыспен пара-пар.

Қазақ қоғамына дендеп еніп кеткен осы қиындықты қайтсек жеңеміз деген сауалды арқалап, өткен аптада Шымкентке белгілі жазушы, қоғам қайраткері Дидахмет Әшімхан келіп кетті. Осындағы көпшілікке танымал, аузы уәлі, сөзі дуалы ел ағаларының, облыс интеллигенциясы өкілдерінің басын қосып, келелі тақырыпты жан-жақты талқылады. «Дегдар» қоғамдық келісімді қолдау қорының мұрындық болуымен «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» атты тақырыппен өткен аталмыш басқосу қызу талқылауға толы болғанын айта кетейік. Әйтсе де қатысқанның бәрі рушылдықтың жағымсыз тұстары елді екіге, үшке, тіпті мыңға бөліп, тұтастыққа нұқсан келтіріп жатқанын жасырған жоқ. Жасыратындай себеп те жоқ еді. Себебі күн сайын көз алдарында рушылдық пен жүзшілдіктің небір көріністері. Бұл әсіресе қазағы қалың оңтүстікте қатты сезіледі, жиі көрініс табады. Қатысушылардың әңгіме өзегі етіп нақ осы рушылдықты таңдауы да сондықтан болатын

Ордабасылық ақын Нармахан Бегалиев ұлтты ұйыстырудың басты тетігі ретінде рудан гөрі рух тұтастығын алға шығарып, түбінде ұлттық бірлікке келу керек деді. Сөзінің жаны бар. Ортақ мақсат, бір ел, бір тағдыр тоғыстырған қазақ жұрты биікке ұмтылуы тиіс. Ал татулықтың, бірліктің ұшар басында рух тұтастығы тұр. Мұны жақсы білетін жиналған жұрт Нармахан ақынның айтқанын құптады. Дегенмен рулық қатынастың жағымды тұстарын да айтпай кетпеді. Әсіресе некелесу кезіндегі ру, ата-тек сұрасу дәстүрін ешқашан ұмыт қалдырмау керектігін меңзеді. «Қазақ әу бастан жылқының етін жеген халық. Тиісінше қанымыздың тазалығы үшін сол жылқыға қарыздармыз. Қазақ өз жатырына шаппайтын жылқы малын қастерлей білген. Тағы бір айтарым, рудың аты – одақтың аты. Сонау орта ғасырларда саяси одақтар болған. Өз ішімізде. Біз әлі күнге ру мен текті, әулетті шатастырып жүрміз. Мәселен найман руы башқұртта да, қырғыз бен өзбекте де бар». Бұл да сол Нармахан шайырдың сөзі.

Ойға ой қосқан Дидахмет Әшімхан рушылдықты қоздыратын бір факторға ерекше тоқталды. Әр рудың ортақ мінезі болады дегенге сенбеймін дейді. Айтуынша, адамның мінез-құлқы ең алдымен өзі тұратын ортаға, айналысатын  кәсіп түріне, климатқа, жер бедеріне қатысты. «Трайбализммен күрестің ең жақсы жолы ретінде – бұл жайлы үндемеу. Егер руын қозғап, сен мұндайсың, сен күштісің, анау сорлы дей берсең, адам пенде, қанша ермеймін десе де, иілгенін сезбей қалады. Бір күні болмаса бір күні осының кесірін тартады». Жазушының айтқаны рас. Кейде байқап қарасаң, тынымсыз еңбек пен талапшылдықтың арқасында жетістікке жетіп, елге сыйлы бола бастаған әп-әдемі азаматтың қасына дереу руластары жиылып, біз кезінде сондай ұлы ру едік, сен де соның ұрпағысың, сен күштісің, сен мықтысың деп, басқаларға қатысты майданға салып, ерді есерге айналдырып жібереді.

Бөлінгенді бөрі жейді. Тарих ғылымының докторы, профессор Сәбит Жолдасов: «Кезінде Екатерина ІІ қазақты толық жаулап алудың ең ыңғайлы тетігі ретінде руларды бір-біріне айдап салу қулығын пайдаланған. Рулар арасындағы бір-біріне деген жеккөрушілік, содан шығатын бөліну мен өзін басқадан артық қою, кемсітудің бәрі сол патша үкіметінің елді жаулау кезеңімен байланысты. Солардың кесірі», – дейді. Иә, патшалық Ресейдің қазақ жерін отарлаудың алдында әбден зерттеп алғанын тарихшылар жарыса айтып жүр. Тіпті біріге қалсақ татарға не өзбекке, болмаса башқұртқа айдап салып, туысқан халықтардың да арасына от көсеп келгенін жақсы білеміз. Содан да  шығар, 3 ғасыр бодан болған ұлттың бірігуге келгенде әлі күнге шамасы келер емес. Тіл мен ру мәселесіне келгенде шатқаяқтап қала береміз.

Профессор мырза сөз арасында тағы бір мәселенің шетін шығарып берді. «Жер-жерлердегі әкімдікке бара қалсаң, атшаптырым кабинетінің қабырғасынан үш жүзге қатысты бір бидің портретін міндетті түрде көресің. Бастықтың қай жүзден екенін осылай білесің. Сұрастыра келе күдігің шындыққа айналады», –деді. Айтса айтқандай-ақ. Қыстақтың әкімінен бастап, аудан әкімдігі, облыстық басқармалардың кейбіріне бара қалсаң шынымен-ақ осындайға кезігетініміз өтірік емес. Көше атын қоюдан кадрлық ауыс-түйіске де рулық қатынас қатты қатты әсер етуде. Біле-білсек, бұл да бөлінушілік. Сосын белгілі бір ру көп шоғырланған ауылдың ішінде сол рудың бір абызының, не болмаса батырының ескерткішін табасың. Бір қарағанда біртұтас боп көрінетін қазақ жұрты осылайша іштей бір-бірінен бөлектеніп, кейде жаға жыртысып қалады.

Барды бар деген жөн, тәуелсіздік қолға тигелі мемлекет ел бірлігін бірінші орынға қойып келеді. Дегенмен бірлік ауызбен шақырғанға келе қоятын көнбіс бала емес. Жүздеген жыл тартысқа толы тарихымызда елді бірлікке шақырғандар аз болмаған. Берідегі алашшыл аталарымыз соңғы демі қалғанша күресіп бақты. Сонысы үшін қамалды, атылды. Сонда да ұрпағына бірігуді аманаттап, күш бірлікте екенін өсиеттеп кетті. Солардың асыл қызметін жалғастыру мемлекет басшылығының қолында. Ел билігі аймақтағы басшылықтың, қарапайым халықтың рушыл, бөлінуге бейім мінезін өзгертпей, өзі де соған үлгі болмай трайбализм қанат жайғаны жайған.

Былтыр тәуелсіздіктің 21 жылдық мерейтойы қарсаңында өткен бір жиында Елбасы осы тақырыпқа тоқталған еді. «Қазақтың ішкі тұтастығын бұзғысы келетін рушылдық, жершілдік әңгімемен ел бірлігін бүлдіргісі келетін күштердің пайда болуы Елбасы ретінде мені алаңдатпай қоймайды. Ондай жымысқы ниеттілердің айқайына құлақ асып, айтағына ілескен жан әр атаның шежіресін әспеттеп, әр жаққа тартқанын аңдамай қалуы мүмкін», – деген сонда Елбасы. Оның пайымдауынша, ру мен тайпаға бөліну – ұлттық тұтастықтан айырылудың ең қауіпті түрі. Қазақ шежіресінің түпкі мәнін ұмытпау керек, алып дарақтың бұтақтары сияқты күллі рулардың түбін қуа келгенде, барлығы бір ғана ұлы тамырға – қазақ деген ұлтқа барып тіреледі.

«Қай шежірені алып қарасаңыз да, ол қазақтың бірлігін, тұтастығын әйгілейді. Шежіре – қазақты бөлшектейтін емес, керісінше, біріктіретін ұғым». Елбасы айтқандай, қазақтың бірлігі – елдігіміздің кілті, ең басты мәселесі. Бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық ең алдымен өзімізге керек. Қазақ әлсіресе, алауыздықтан әлсіреген, күшейсе, бірліктен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластықпен, татулықпен кірмей ме? Мемлекет те солай. Елдігі асқан, ерлігі тасқан, кемел де келісті елге айналуға бізден – қазақтардан артық мүдделі кім бар?! Жиында қозғалған тақырыптың тоқетері де осы болды.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

 

http://www.turkystan.kz/kz/articles/view/28691