Румыния премьер-министрі Виктор Понта қарашаның 16-сында өткен президент сайлауының екінші кезеңінде жеңілгенін мойындады. Ол бәсекелесі Клаус Йоханниске телефон соғып, жеңісімен құттықтағанын хабарлады.
Бұған дейінгі сайлау учаскелерінде жүргізілген сауалнама нәтижелері екі бәсекелестің арасында аз ғана дауыс айырмашылығы барын көрсеткен. Дауыс берудің алғашқы нәтижелері таяу уақытта жариялануы тиіс.
Социал-демократтар атынан түскен Виктор Понта қарашаның 2-сінде өткен сайлаудың алғашқы турында алға шыққан. Ұлтшыл-либералдық партия жетекшісі Йоханнис – этникалық неміс, физика пәнінің мұғалімі және шағын Сибиу қаласының мэрі. Ол президент болып сайланған жағдайда Румынияның сот жүйесін тәуелсіз етуге және мемлекетті «дұрыс елге айналдыруға» уәде берген.
Қазір Румынияның сот жүйесі Еуропа Одағының арнайы бақылауында. Сайлауда жеңген үміткер қазіргі президент Траян Бэсескудің орнын басады.
http://www.azattyq.org/archive/news/latest/330/330.html?id=26695249