Эстетикалық келбеті «Қазан жарыс». «Кəпір тоқ болса, мұсылман тыныш» философиясының зардабы. Жойдасыз жомарттық. Қайсар қасиет. Құдірет пен қасірет. Ұжмақ — анаңның табанында. Қазақ əйелі қазақ еркегінің көмегіне зəру. Қазақ əйелі тек қазақ отбасының ғана асыраушысы, анасы, бағбаны емес, қазақ əйелі — бүкіл ұлттық тəрбиешісі, ұстазы. Өз басым Ананы сондай тұлға деп танимын. Аплатон данадан қалған мынадай сөз бар: «Воспитывая мальчиков, мы воспитываем государственных мужей, воспитывая девочек, мы воспитываем нацию». Сол айтқандай, біз ұлды тəрбиелегенде елге ақыл айтар əлеуметтік қайраткер, мемлекеттік қайраткер, депутат, бастық, министр ретінде тəрбиелейміз, ал қызымызды тəрбиелей отырып, біз ұлтты тəрбиелейміз.
Өмірің сол ананың алақанында — майын жалайсың, ырыздығын күтірлетіп жейсің, тəрбие аласың, ананың алақанынан мамық төсекке жатасың. Қазақта осыған кереғар айтылатын тағы бір сөз бар: «Ұжмақ ананың алақанында емес, ұжмақ — ананың табанында». Тəрбие ылғи жұмсақ бола берсе, бала кері тəрбие алуы мүмкін. Ал ана неғұрлым қатқыл ұстағанмен ананың қолы батпайды. Ана балаға өзінің философиялық-эстетикалық талғамы, кісілік парасаты арқылы ірі тұлғалық қасиеттер дарытады.
Қазақ əйелі бұрын іргелі философиялық категория еді, енді — ауыр тұрмыстың жүгін тартқан арбакешіне айналды. Ертедегі Қыпшақ қыздары, «Тұрандот ханшайымдар» өздерінің сұлу сымбатымен, табиғи тартымдылығымен, шығыс қыздарына тəн ерекше сəн-салтанатымен Еуропаның рыцарларын құмар еткен. Туран — Тұран (мемлекеттің аты), дота, дотха латынша қыз деген сөз. Сонда Тұрандот — «Тұранның қыздары» дегенді білдіреді. Десе дегендей-ақ, олар расында да өте сұлу, көзге түсерліктей болған. Осы күні автобус пен троллейбуста бірімен-бірі орысша шүлдірлесіп, қазақ тілін менсінбей тұратын қыздардың апа-əпкелері, тегі — сол Тұрандоттар дегенге кімді сендіреміз? Адам баласы азамын десе оп-оңай екен. Көбінің есімдері де Жанна, Жанка. «Жанна» деген «Иван» дегеннен шыққанын біле ме екен солар? Қазақ қызы, қазақ əйелі бұндай дəрежеге қалай түсті, не өзгеріске ұшырады — қазақ əйелінің бүгінгі рухани философиялық портреті жайлы айтсам деп көптен толғанған едім.
Қазіргі қазақ əйелі көшеде шемішке сатып, əйтеуір жанын сақтап отыр. Сөйтсе де құдіретін төмендетер емес, өйткені ол өзінің ғана жанын сақтап отырған жоқ, дəл қазір бала-шағасын табатын да, бағатын да солар, ең абзалы сол — арақ ішіп жүрген күйеуін қоса асырайды. Алакөл ауданында «Қамысқала» деген жер бар екен. Теледидардан сондағы балықшылардың өмірін көрсетті… Əумесер күйеуі балық аулаймын деп кетіп, ақ қар, көк мұздың үстінде ішіп қайтатын көрінеді. Ішкен соң төбелесетін əдетіміз тағы бар, солардың біреуінің əйелі болса керек, қолына айбалта ұстап күйеуін басқа біреуден ажыратып жүр. Міне, азғанда осындай дəрежеге дейін жетіппіз. Біз еркектер, ең ақыры күйеу болуға да жарамай қалдық, азық тауып бере алмаймыз, Абай айтқандай, «Жалға да, жат елге де кете алмай, мал таба алмай», — жатырмыз. Өйткені арақ ішеміз, өтірік айтамыз, қолымыздан ештеңе келмейді. Келетін нəрсе — əдемілеп тұрып арақ ішу, «разборка», сосын төбелесу.
Қазір басымыздан ұлттық апат өтуде. Апат, өлім-жітім барлық жерде қазаққа əуес. Көпірдің астында қыңсылаған қаншық секілді қазақтың балаларының жарық дүниеге келе алмай шырқыраған, құлындаған ащы даусы естіледі. Тастанды балалар саны статистикада — 50000, ал ғалым М. Тəтім 80000 деп көзіне жас алады. Бəрі — қазақ. Қазақтың болашақтағы хас жауы солар болмақ. 120000 «кəрі қыз» орнын таба алмай жүр.
Біз осындай қасіретке ұшырадық жəне ол қасірет этникалық, ұлттық сипат алып келеді. «Қазақ болды бұл күнде елдің құлы» дейді адуын Жанақ ақын. Құл екенімізді білеміз, бірақ кімнің құлы екенімізді ғана білмейміз. Бұрын орыс дейтінбіз. Енді орыстан құтылдық. Енді қалай? Қазақстандағы неміс пен орыстың қағанағы қарқ, сағанағы сарқ, нанын жеп, май шайнап, ұлттық тағамы — арағын ішіп отыр. Ұйғыр мен дүнгені Қытай мен Қазақстанның, Қазақстан пен Ресейдің арасын базарға айналдырды. Этникалық апат пен дағдарыс десек, тек қазақтың ғана басындағы жағдай. Осы күні «ұлттық келісім» — бұрынғы социалистік интернационализм. Қазақ ішпесе, қазақ жемесе, қазақ сұрамаса — ұлттық келісім деген сол. Басқалар сұрап, керегін қазақтың есебінен шешсе — ұлттық келісім. Өзімізді өзіміздің көзіміз көрмейді, құлағымыз естімейді, тіліміз сөйлемейді — бұл да ұлттық келісім. Тілімізді сұрай алмаймыз — өйткені ол ұлттық келісімді шайқалтады, нан сұрай алмаймыз, өйткені орыс ашығып қалады, Ресейіне кетіп қалады, пəле салады! Міне, осыдан туған ауыртпалықтың бəрі ең алдымен қазақ əйелінің басына түседі. «Таз ашуын тырнадан алады» дегендей, тұқыртатынымыз сол бейшара. Сонда да ол бəріне шыдайды — баласы үшін, отбасының берекесі үшін. Тіпті өзінің шыққан тегін де ұмытып кететін солар: күйеуі найман болса найман, ал шын болса алшын, арғын болса арғын боп, аруағына мінəжат етіп отырады. Ғасырлар бойы төзімділігінің арқасында еркек кіндіктіге ажырайып қарау, ожар мінез таныту, «əй, сен!» деп сөйлеу қазақ əйелінде болмаған. Сөлк-сөлк, сөлк-сөлк. . . қылша бойы талша — білегі көсеу, шашы сібірткі, үйге сумен кіреді, күлімен шығады… іштен тынады. «Шырылдаған балам бар еді бесікте, сол марқайсын, мен өзімді ұмытайын» деп ылғи өзін құрбандыққа шалады. Мынадай шəкуə еске оралады. Бір əйел бала-шағадан, отбасынан қалған-құтқанды өзі жейді екен. Бірде қызына: — Жұрттан қалған тамақты төкпей-ақ қой, өзім жей салам, — депті. Оны естіп қалған қайынатасы: — Шырағым келін-ау, онан да бір ит асырамайсыңдар ма? — депті. Сонда келіні: — Онда мен иттен қалғанды жейтін болғаным ба? — деп ботадай боздап, қоя берген екен. Міне, қазақ əйелінің философиялық келбеті шамамен осындай.
Енді эстетикалық жағына тоқталайық. Бұрын қазақ əйелі əтір дегенді білмеген, иіс май, опа-далапты бетіне жағып көрмеген. Өзінің табиғи сұлулығы оған жетіп-артылатын. Сондықтан да қойдың арасында жүре беретін, қойшы не кисе иығына соны ілетін. Өйткені, табиғат берген көркіне киім не қоспайтын да, не алмайтын да. Жəне жарын табатынына, бақытын табатынына өзі сенетін. Көркіне, келбетіне, сипатына мінезі сай екеніне өзі сеніп барып істейтін де, қалғанының берін əдірем санайтын. Қазақ əйелінің ең басты эстетикалық бақыты бояуда емес, «етегінде» еді. «Құдай етегіңнен жандырсын!» деген бата жас əйелге айтылатын.
Майлықожа ақын:
Жас əйелге жарасар,
Емшектегі баласы, — дейді. Сол кезгі əйелдер боянбай-ақ, əтір жақпай-ақ өзінің сұлу екенін сезінетін жəне оны баласы арқылы толтыратын, баласы арқылы отбасының мызғымас беріктігін нығайта түсетін. Ал қазіргі жастар бүгін қосылып, ертең айырылысады, бүрсігүні қайтадан қосылады. Белден бір-ақ аттап, басқа отауды құрып ап, жүре береді. «Кəпір тоқ болса, мұсылман тыныш» деген философия біздің өзімізденөзіміздіжатсынуымызға, ұлттықапатқаұшырауымызға əкеліп соқтырды. Ол ең бірінші əйелдеріміздің, аналарымыздың иығына түсіп отыр. «Мынау қазақтың əйелі екен, көп балалы əйелі екен, осыған обал болды-ау» дегенді мен «ақ орда», «көк орда», көп ордалардың бірінің аузынан естімедім. «Анау əйел сөмкесін əзер көтеріп бара жатыр-ау, мен көтерісіп жіберейін», не болмаса, «мəшинемен кетіп барам ғой, тоқтап халін сұрайын, жол-жөнекей ала кетейін» деген біреуді тағы кездестірмедім. Басқа басқа-ау, қазақ сен неге сөйтесің дегім келеді. Кімнен сұрауым керек — қазақ анасының обалын, көз жасын? «Дəл сол əйелдің қолынан дəм татпағанымызбен, соның анасының, не əжесінің қолынан дəм татқан шығармыз, сол болуы кəдік деп ойлап көрдік пе?» Он жерден ұстамды, шыдамды болсақ та, ет пен сүйектен жаралған адам баласы қажиды, психикалық жан ауруына шалдығады. «Қыздың қырық жаны бар» деп айналып етеміз. Темір екеш темір де тозады, су кебеді, от өшеді… «Тұз ауыр ма, қыз ауыр ма?» дейтін қыздың салмағы жеңілдеп жатыр. Ауыр тіршіліктен шайлыққан əйел дертке шалдығып жатады. Ондайды «көтеріліп ауырады» дейді қазақ. Қазір осындай дертпен ауыратын қазақтың қыз-келіншектері ауылдарда жыртылып-айырылады. Маңайында өрт шықса, күйесі кімге болса да жұқпай ма? Тіпті, өзі азбағанмен маңайындағы азғындыққа шыдамай жаппай күйзеліске ұшырауда бейбақтар.
Осы жағынан алып қарастырғанда біз кешегі «Тұрандот ханшайымдарды» үй шаруашылығының мердігерлеріне айналдырып алған жоқпыз ба? Əкем Ақатай соғыста өлді. Анам барда мен дүниеде ауыртпалық болады деп ойламайтынмын. Өйткені, үйдің де, түздің де шаруасын, бəрін анам өзі істейтін. Содан есейе келе, шаруадан қолын босаттық. Біздің халық əйелдерін есепсіз, бала-шаға орнына жұмсайды екен, мен соны көзіммен көрдім. Бірақ барлығы сондай десем əбестік болар. Ашынған адам не демейді! Қазақ əйелі тек қазақ отбасының ғана асыраушысы, анасы, бағбаны емес, қазақ əйелі — бүкіл ұлттың тəрбиешісі, ұстазы. Өз басым Ананы сондай тұлға деп танимын.
XVIII ғасырда қазақ халқының басына нəубет түскен тұста бəріміз ананың етегіне тығылған екенбіз. Менің досым М. Тəтім: — Біз қалмақты батырлығымыздан гөрі санымызбен алдық, — дейді. Мен Мақашқа: — Сол көпті тапқан, төлдеген кім? — дедім. Сол уақта қазақ аналары қазан жарыстырады екен. «Қазан жарыстыру» қазақтың ертеден келе жатқан салты. Келіншек толғата бастағанда ауылдағы қатын-қалаш бəрі қауымдасып, қазан асады. Толғату — бəрінің басына түсетін жағдай. Қазақ əйелдерінің қауымшыл келетіні сондықтан. «Қазан бұрын пісе ме, əлде менің келінім бұрын босанар ма екен» деген тілеу. Қазан қанша рет қайнаса да келіншек босанбай, ол оттан түсірілмейді. Сондықтан көптің тілеуі: «келін тезірек боcанса екен, тамақ ішіп кететіндей болсақ екен», — дейді ғой. Көп тілеуі көл деген. Бұрынырақта жастары келіп қалған бəйбішелер де келіндерімен қатар қазан жарыстыратын. Келіні толғатып жатса, бəйбіше де қоса толғатып жатады екен. Ондағы мақсат — соғысқа ер-азамат керек, соған батыр табамыз деген ой. Батыр туу қазақтың бəйбішелері үшін үлкен мəртебе болған. Себебі, батыр туған ананың мерейі үстем болатын.
«Гауһартаста»: «Анаңнан сені тапқан айналайын» деген жолдар бар. «Гауһартас» əнін мен қазақ əйеліне сөзбен сомдалған ескерткіш дер едім. Сөйткен, «батыр табамыз» деп, қазан жарыстырған бəйбішелердің, арқасында біз жоңғарды санымызбен бастық. Біздің найзамыз да, қаруымыз да, сəйгүлігіміз де осы аналар еді. Қиын-қыстау күнде де қазақ əйелдері үлкен кісілік танытқан.
Кейін, 1944 жылы бұны немістер басынан кешірді. Соғысқа шақырар адам қалмағаннан соң неміс əйелдеріне Гитлер «сендер соғысқа қатыспаңдар, əскерге беретін бала табыңдар, кімнен тапсаң онан тап, бірақ неміс қып шығарыңдар» деген үндеу тастады. Қазақ əйелінің тағы бір жойдасыз қасиеті — есеп дегенді, өлшеу дегенді білмейтіндігі. Үйіне қонақ келсе бар жиған-тергенін соның алдына тосады. Бірдеңені іркіп, қысып қалу деген ойында болмайды. «Кейінге керек-ау, ертең балаларым не жейді» дегенді ойламайды, ішіп-жеп отырған қонақ бəйбішені мақтаса болды, сол ішкен-жегенінің төлемі ретінде кетеді. Маңғыстау өңірін аралап жүріп көптеген құлпытастарда ашық алақан бейнеленгенін аңғардым. Көбіне мұндай бел қазақ бəйбішелерінің зираттарында кездеседі. Ашық алақан қазақ əйелдерінің эстетикалық жеті қасиетінің төл басы, құтты тұяғы.
Қазақ əйелдері көшке, жолға шыққанда үстіне бар жақсысын киіп алатын. Көшке байланыстының барлығы — отау үйдің бар жасаулары, кереге-уықтарының əшекейлері, басқұрларына дейін, тіпті, түйенің жабуына, ноқтасына, бұйдасына шейін бəрі қазақ əйелінің қолынан шығатыны мəлім. Демек, бұл да қазақ əйелінің сымбатын анықтайды.
Қазақ əйелі үй ішінде жүрген жай ана, жар, қыз ғана емес, үлкен ғарышпен теңдес құбылыс десек қателеспейміз. Шоқандай хас түлекті тəрбиелеген Айғаным парсы, араб, түркі тілдерімен қатар орыс тілдерін де жақсы білген деседі. Мен сол Айғанымды тек Шоқанның əжесі деп есептемеймін. Айғаным — сол кездегі қазақ бəйбішелерінің жинақталған кейпі. Қазақтың ертегілерін, ауыз əдебиетін ІІІоқан Айғанымның аузынан естиді, тек Шоқан естімейді, оны жолдасы Г. А. Потанин де естіп, жазып алады. Сөйтіп, ол бүкіл халықтың мұрасы боп қалды. Қазіргі естіп, тыңдап жүрген жырлар мен ертегілер, салқар ауыз əдебиетінің көптеген нұсқалары Айғанымның айтуы бойынша, сол редакциямен бізге жетті. Айғанымнан кейін оған Потанин де, Диваев та қол тигізбеген. Əрине, Айғанымдай тұлғалар қазір қазақ ауылдарында кездеспейді деп айта алмаймын. Асылдардың сынығы ретінде бізге жеткен үлгілері баршылық. Мəселен, мен кеше Əміре Қашаубаев болды дегенге сенбес едім, егер Жəнібек Кəрменовті өз құлағыммен естімесем. Осы секілді Айғаным бар дегенге сенбес едім, егер Əбіш Кекілбаевтың жасы жүзге тақаған анасын көрмесем, өз əжем Мəликенің тəрбиесінде болмасам.
«ZAMAN-Қазақстан». 5 ақпан 1999 жыл