Ішкі істер министрлігінің деректеріне сүйенсек, 2012 жылы еліміздің Қылмыстық кодексіндегі «кәмелеттік жасқа толмаған балаларды зорлау» деп аталатын 121-бап бойынша 120 іс тіркелген екен. 2010 жылдан бастап, ел ішінде сәбиқұмар қылмыскерлер туралы ақпараттар тарала бастаған еді. Бейкүнә сәбиді зорлап, артынша өлтіріп кеткен жауыздардың әрекетінен қоғам түгел шошыды. Тіпті Парламентте бұл мәселе кеңінен талқыланып, сәби зорлаған қылмыскерлердің жазасын қатаңдату туралы шешім де қабылданған болатын. Бүгінде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға әлімжеттік көрсеткен қылмыскер 20 жылға бас бостандығынан айырылады. Дегенмен мұндай «қатаң» жазалау қылмыскерлерді тоқтатар емес. Керісінше күн өткен сайын балаларды зорлау әрекеті үдеп, тіпті жанданып бара жатқандай. Мұндай сорақылық жалғыз біздің елде емес, көршілес Украина, Ресей, Молдова елдерімен қоса, АҚШ сияқты алпауыт мемлекетті де алаңдатып отыр. Әр мемлекет «педофилия» сынды қоғамды дендеген дертпен өз шама-шарқынша күресуде. Мәселен, Канадада ел парламенті сәбиқұмарларды қатаң жазалайтын заң жобасын ұсынбақшы. Бұған қоса зұлымның қолынан зәбір көрген балаларға да көмек көрсетіп, тиісінше қол ұшын созу бағдарламасы да қолға алынбақ. Ресейде бұрынғы президент, қазіргі премьер Дмитрий Медведев педофильдерге химиялық сүндеттеу әдісін қолдану керек деген пікірді ұсынып, тиісті заң жобасын дайындау керектігін айтқан болатын. Осыдан бірер уақыт бұрын отандық ғаламтор бетінде «Педофильдерді жазалауда қандай әдісті пайдаланған дұрыс?» деген сауал тасталды. Сауалнамаға қатысушылардың біраз бөлігі, яғни 52,61 пайызы қылмыскерлерге өлім жазасы қолданы-луы тиіс десе, 26,87 пайызы қоғамда кеңінен талқыланған «химиялық әдіспен» жазалауды қолдайтынын айтыпты. Химиялық жолмен жазалау әдісі бірқатар АҚШ, Канада, Швеция, Польша сынды мемлекеттерде қолға алынғалы қашан. Молдовада өткен жылдың шілде айынан бері аталмыш әдіс жүзеге асырылып келеді. Бұл әдісті қолдап, елдің Қылмыстық кодексіне қосқан молдовалық депутат Валерий Мунтяннің айтуынша, қылмыскерлер түрмеге тоғытылғанымен арам пиғылын іске асыруын бәрібір тоқтата алмайтынын айтады. «Жазасын өтеп, бостандыққа шыққан қылмыскер түбі сол пиғылын бостандықта тағы жүзе-ге асырады. Мәселен, соңғы бес жылдың ішінде он бес қылмыскер балаларды зорлағаны үшін қайтадан темір торға тоғытылды» дейді Мунтян. Өткен жылы Ресей Думасы бірқатар пікірталастардан соң, ақыры сәбиқұмарларды химиялық сүндеттеу әдісі бойынша жазалауды мақұлдады. Сонымен қатар педофильдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Қабылданған жаңа заңға сәйкес балаларды зорлаған зұлым қылмыскерлерді толыққанды медициналық һәм психологиялық тексерістен өткізген соң ғана «химиялық сүндеттеу» әдісі қолданылады екен.
Педофильді заң арқылы тоқтату үшін әлемде түрлі шаралар қолға алынып отыр. Әйткенмен қатаң жазалау жауыздарды тоқтатар емес. Педофилия адамзаттың әбден ығырын шығарса керек, санаға еніп, дендеген «дертпен» күресті қарапайым адамдар да қолға алып отыр. Мәселен, Ресейде «Қасқырлар педофильдерге қарсы» атты ұйым құрылған. Сургут, Нижневартовск қалаларында сәбиқұмарларды аңдыған «қасқырлар» ешбір заңды бұзбай, жауыздарды анықтап, полицияға тапсырады екен. Өздерін қасқырға теліп, қылмыскерлерді құрықтайтын топ ғаламтор арқылы сәбилерге құмар әйелдер мен ер-азаматтарды бір жерге шақырып, оларға педофиль екенін мойындатып, тиісті ұйымдарға хабарлап отырады. Дәл осылай Нижневартовскіде 22 адам құрықталса, сургуттық «қасқырлар» сегіз адамды құрықтапты. Жасыратыны жоқ, Ресей бүгінде педофилия кеңінен етек жайған ел. Сондықтан көрші елде мұндай сорақылықпен күресте халық та аянып отырған жоқ. Жуырда ғана «Оккупай, педофилия» атты ұранмен педофильдерге қарсылар бас қосып, бейәдеп қылығымен көпшілікті мезі еткен қылмыскерлерді ұстаудың тың әдісін ойлап тапқан. Әйткенмен аталған топтың қайсыбір әрекеттері заңға қайшы деп танылып, өз еркімен бассыздыққа қарсы тұрған азаматтарды кінәлап, күстәнаушылар да табылған екен. «Оккупай, педофилия» деген ұранның аясына алматылық жастар
да жиналып отыр. Ғаламтор бетінде педофильдерге қарсы топтың әрекеттері жарияланыпты. «Оккупай, педофилия» «қозғалысының» бастамашылары әлеуметтік желі арқылы «педофильді» тауып алыпты. «Сәбиқұмар» магистрант он үш жасар балаға анайы қылық жасауды ұсынып, кездесуге шақырады. Әйткенмен қылмыскер жас балаға емес, «қозғалыс» бастамашыларына тап болады. Бір топ жас жауызды қан-жоса ғып сабап, сыбағасын беріпті. Жазалаушылар мен педофильдің арасында текетірес полиция бөлімшесінде жалғасын тапқан. Әрине, мұндай «жазалауды» ешбір заң қолдамайды. Дегенмен заңға бағынбаған қылмыскерді осындай әдіспен жазалау да дұрыс шығар. Бәлкім, бұл өзге арам ниетті жандарға сабақ болар ма еді, кім білсін?!
Педофилия – адамның психологиялық ауытқушылығынан туындаған «дерт» екені дау тудырмайтын шындық. Әрине, дертті дендетпей, емдеген абзал. Бірақ мұндай дерттен құлан таза айығу тіптен мүмкін емес. Өткен жылы елімізде бала зорлап, қылмысын мойындап түрмеге түскен бір педофиль ғана психологиялық ауытқушылығы бар деп танылып, арнайы емге жіберілген. «Біздің сараптауымызша, осыншама жыл ішінде тек бір педофиль ғана психиатриялық саладағы зорлықпен емдеу орталығында жатыр, – деген еді сол тұста Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова. Яки балаға зәбір көрсетіп, темір торға тоғытылған жауыздар түрмедегі адамның санын көбейтіп, жайбарақат жатыр деген сөз, бұл. Бейкүнә сәбидің тағдырына балта шауып, балалық шағын ұрлаған қылмыскерлерді ешбір қатаң жазасыз жиырма жылға темір торға тоғыту аздық етеді. Қарап тұрсақ, қарапайым адамдар төлеп жатқан салықтың арқасында түрмеде тайраңдап өмір сүрген қылмыскер бостандыққа шығып, қылмыс жасауын үдете түспесіне ешкім де кепілдік бере алмайды. Елімізде «сәбиқұмарларды» қатаң жазалаудың түрлі әдісі ұсынылған еді. Тіпті өзге елдерде қолданылатын «химиялық сүндеттеуді» де ұсынып еді депутаттар. Әйткенмен біз оларды арысы жиырма жыл, берісі он бес жылға соттаудан артық жаза қабылдай алмай отырмыз. Әрине, қылмыскерді соттау оңай. Бірақ оның жауыздығынан зардап шеккен сәбидің жайын ешкім де қаперіне алмайды. «Қазір елімізде кәмелеттік жасқа толмаған балаларға әлімжеттік көрсету саны көбейіп барады. Қандай шара-лар қолданудамыз? Адамды түрмеге отырғызу оңай. Балалардың психологиялық, әлеуметтік дағдылануы туралы ешкім де ойланбайды. Айта кету керек, балаларды зорлау әрекеттері тиісті жазаны дұрыс қолданбаудан көбеюде. Түрмеге отырғызып, соттау аздық етеді. Меніңше, «сәбиқұмарларды» ел білу керек. Мәселен, түрмеден «педофиль» шықты ма, ол туралы көршілері, қоршаған адамдар хабардар болуы тиіс. Сонда бәлкім қылмыс азаяр» дейді, еліміздегі «Дағдарыс орталықтарының» төрайымы Зүлфия Байсақова «Total kz» сайтына берген сұхбатында. Расында, педофильдерді «әйгілеу» керек шығар.
Біз не десек те, қоғамда балаларды зәбірлеушілердің саны азаймай тұр. Жоғарыда өткен жылы балаларға зәбір көрсету бойынша 120 қылмыстық іс қозғалғанын сөз еттік. Бұл тек ресми дерек. Өгей әкесі һәм ағасынан зәбір көріп анасына, айналаға, қоғамға сырын айта алмай жүрген бала қаншама?! Жуырда ғана Үндістанда 21 жасар қызды аяусыз зорлаған қылмыстық топ жайында ақпарат әлемге тарап, Үндістан халқы биліктен жауыздарды барынша қатаң жазалау керектігін талап еткен. Бойжеткеннің арына дақ түсірген қылмыстық топ мүшелері өлім жазасына кесілді. Тіпті, үндістандық аруларға қорғаныс үшін пышақ алып жүруге де рұқсат берілген еді.
Біз балаларды зорлау әрекеттерін кешкі «Жаңалықтардан» бақылап, жайбарақат отырмыз. Ал жауыздар қылмысын өршіте түсуде. Әрине, демократиялық мемлекетте қылмыскердің де, ары мен жаны таза адамның да құқығы қорғалады. Дегенмен асқан еркіндік пен жайбарақаттылықтың арты жақсылыққа апармайтынын бәріміз білеміз. Баланың көз жасы мен ар-ұяты тапталған арудың қаны үшін әрбір қылмыскер қатаң жазаға кесілуі керек. Біздікі тек ой салу, ал ойдан қорытынды шығару әрбір адамның өз еркінде.