АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Сәбит АМАНГЕЛДІ. Айтылмаған ән

kairatnurtasss23dСоңғы ақпараттар бойынша, белгілі болғаны, базбіреулер «дүрлігетін ештеңе жоқ, не болды» деген кішкентай тәртіпсіздіктен 90 адам зардап шегіпті. Бұл медициналық көмек сұрап жүгінгендердің ресми саны. Оның ішінде — 10-ы құқық қорғау қызметкерлері.

Концерт ұйымдастырушылары быт-шыты шыққан музыкалық аппаратураларының шығынын 150 000 доллар деп шығарды. Сауда кешенінің сыртқы фасады біршама қираған, тас тиген. Сондай-ақ, 4 «Жедел  жәрдем» көлігіне зақым келіпті. Тәртіп бұзушыларды анықтау және бұзақылыққа байланысты куәгер болу үшін 165 адамды ұсталды.

Алматы қаласының ішкі істер басқармасы төбелес ұйымдастырушылар мен «Прайм Плаза» аумағындағы тәртіпсіздіктің белсенді қатысушыларының 7 жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін екенін хабарлады.

Тәртіпсіздікке байланысты ҚР Қылмыстық Кодексінің 257-бабы 3-тармағы бойынша («Бұзақылық» бабы) және 232-бабы бойынша  («Міндеттеріне жауапкершілікпен қарамау» бабы) қылмыстық іс қозғалды. Шараны ұйымдастырушылар 5 жылға дейін темір торға қамалуы мүмкін.

Құқық қорғау органдары рұқсат алмады деп жарияласа, сауда орталығының өкілдері концертке әкімшіліктен рұқсатымыз бар деді.  Концерт ұйымдастырушылар «Қайрат Нұртас бір ән айтып, сосын сахнадан кетуді шешті» десе, әнші мен оның продюсерлері «ұйымдастырушылар өздері ән айтуды тоқтатуымды сұрады» деді.

 

Не ұқтық?

Біріншіден, аталған жайт бүгінгі бұқараның музыкаға деген сұранысы мен қоғамдық өзекті масс-медианың саналарға арзан мәдениетті тықпалауының жылдар бойғы жемісі — «ән үшін жан пида» субмәдениетінің қаншалықты белең алғанын  көрсетеді.

Екіншіден, концерт тамашалауға келген көрермендер ортасында болған куәгерлер Қайрат Нұртастың ән айтуынан бұрын топ ішінде төбелес басталғанын айтады. Тәртіптің бұзылуы ән айту-айтпаумен ғана байланысты болмағанға ұқсайды. Себебі, куәгерлер қалтасына тас салып келгендер мен ОМОН-ды төмпештегеніне мәз болғандардың мысалын келтіруде.

Үшіншіден, «Түркияда бiр тал үшiн толқу, бiзде бiр ән үшiн толқу? Бәрi бiр сценарий!»-деп Баубек Сағындық есімді әлеуметтік желі қолданушысы жазғандай, берекетті кетіруге пиғылы бар жандар үшін кез келген шарадан хаос жасауға болатындығын көз алдымызға көрсетіп берді. Қайта оралайық: мәселе әнде емес.

Төртіншіден, бәзбіреулер аталған оқиғадан саясат іздеудің жөні жоқтығын алға тарта отырып, өздерінің сасық саясаттарын тықпалауда. Айталық, «бұл шараны ешкім ұйымдастырған жоқ, несіне дүрлігесіңдер» деп алып, «бұл негізі халықтың наразылығының бір көрінісі, мінезінің бір көрінісі» деп көсіліп жатқандар бар.

Бесіншіден, ұғымдардың орнын алмастырып, тәртіпсіздікті мінез дейтін ұғыммен теңестіріп, бұзақылық жасағандардың жағына шығып, солардың құқығын қорғаған болып, төңкеріс туралы түпкі ойға қалам сілтеп жатқандар бар. Олардың басында, Мұхтар Тайжан тұр. Атап өтейік, негізгі ой қақтығыстарының алаңы — әлеуметтік желілер болып тұр.

Алтыншыдан, аталған шараның жарты айдан аса бұрын көшелерде афишалары ілулі болды. Тиісінше, концерт ұйымдастырушылар «өтті, бітті»-ні ғана ойламай, қауіпсіздік шарасына қам жасауы тиіс еді.

Жетіншіден, Алматы қалалық ішкі істер департаменті «біз алдын ала ескерткен едік, бұл жер концерт өткізуге қолайсыз жер еді» деп бәрі өткен соң, қылышын тасқа шауып жатыр. Концерттің жоспарланғаны қашан? Полицияның ескерту бергені қашан? Шын қолайсыздығын білсе, білген 2 күн қалғанда емес, ертерек тоқтау салмай ма?

Сегізіншіден,  аталған оқиғаның астарынан провакациялардың иісі шығатындай. Мейлі ол, масштабы бойынша Қайрат Нұртасқа қарсылық акциясы болсын, мейлі ол Айсұлтан тойының шырқын бұзу болсын. Әйтпесе, еңгезердей еркек жігіттер махаббат туралы хит әндерді тыңдауға арнайы келмесе керек…

Тоғызыншыдан, осы сәтте шынайы ақпарат бере отырып, «қайсыбір бұзақылықтар мен бүліктердің арты жақсы болмақ емес» деген идеологияны таратуы тиіс болған мемлекеттік БАҚ пен танымал тұлғалардың біразы үнсіз қалғандай әсер қалдырды.

Және оныншыдан – бұл ең маңыздысы – базарлатып «Арзаннан» шығып келе жатқанда әйнек сынықтары ұшқан кішкентай сәбиі бар апаның, топ ішінде кішкентай сәбиін жоғалтқан жас отбасының, қайдан екені белгісіз, қаңғыған тастан басына  тиген соққыдан жарақат алған жігіттің жайы —  ТЫНЫШТЫҚтың ҚАДІРІқымбат екенін тағы бір көрсетіп берді.

Сондай-ақ, бұл жайт бір сәтке де бейқам болмауымыз керегін аңдатып берді. «Әлеуметтік титықтаудың көрінісі» деп салған бәзбіреулер осы оқиғада  өзінің көлігі төңкеріліп, өзінің баласы адасып қалып, өзінің басына тас тиіп, өзінің полиция қатарындағы інісі соққыға жығылып, өзінің әйелі қолындағы сәбиімен топтың ортасында қап кетсе, «мінез көрсетті, дұрыс болды»,- дер ме еді?

http://btleuhan.kz/