Астанада «МузТВ2015 Гравитация» шарасының өтетіні туралы ақпарат ұлтын сүйер, халық мәдениетіне жанашыр азаматтарды дағдартып тастағаны рас. Біздің орысқұл биліктің бұл жобаны не үшін Астана төрінде өткізуге құлшынып отырғаны түсініксіз. Дегенмен, әншілеріміздің арасында намысты ұлдар да жеткілікті. Солардың бірі «МузАРТ» тобының бұл шараға қатысудан бас тартуы құптарлық та, қолдарлық та және сүйсінерлік те қадам.
«Қымбатты төртiншi билiк өкiлдерi!
Даттарыңыз орынды. Сауалдарыңыз салмақты. Жауап береміз, Қазақ үшін сөйлеуден тартынған кезім болған емес. Премияның өзіне әуелден қарсымын, МузАРТтың атынан айтайын, Біз БАРМАЙМЫЗ! Премиясы өзіне, ол Қазақтың МузАРТқа деген махаббатынан биік емес. Қазақтың мәдениетін, халықтық музыкасын, дәстүрлі әнін дәріптеу, міне, Бізге осы абырой!
Ойлаңызшы, «Гәкку» телеарнасы Бакуге, Тбилисиге, болмаса Варшаваға барып осындай шара жасай алар ма еді? Олар кіргізбейді. Аумақ, территория, әр халықтың өзіндік жеке мәдени кеңістігі деген нәрсе бар. Менің, МузАРТтың айтары мынау: Қазаққа пайдаң тимесе, жөніңе жүр, зияның тимесін!»