АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

САҢЛАҚ САЯСАТКЕР САХНА ЖҰЛДЫЗЫНЫҢ АРТЫНА ТЫҒЫЛА МА?

pogudx6mthej4eev6.af616d93«Жүре берсең, көре бересің» деген рас екен. Жылдан жылға саяси маңызы кеміп бара жатқан қазақстандағы сайлау жүйесі мына Мәжілістегі орынтақ үшін таласта да біраз күлкіге ұшырайтын түрі бар. Күлетін жұрттың алды күліп те жатыр. Осы орайда ерінбеген сөз етіп жатқан әнші, спортшы мырзаларды қоя тұрып, солардың тасасына тығылған, мемлекеттік басқару жүйесінде кемі он жылдан артық тәжірибесі бар «саңлақ» саясаткерлер туралы аз-маз сөз қозғасақ дейміз.

«Саңлақ» сөзін не себепті тырнақшаға алғанымызды ішіңіз сезіп отырған болар. Бұл сөз қазақ тілінде «таңдаулы», «әдемі», «озат» деген мағынаға ие. Саясаттағы саңлақтың жайы белгілі. Саңлақ саясаткер деп біз елді ұйытатын аузы дуалы, тұщымды ой айтатын, өткір тілді, ақыл, парасаты мол, тәжірибесі жетік мемлекет және қоғам қайраткерін айтамыз. Ондай жандар қазіргі саясат сахнасында жетіп артылады. Өзіміз күнде жерден алып, жерге салып жүрген билік дәлізінен де бірнешеуін таба аласыз. Әрине, биліктегі саясаткерлердің барлығы бірдей елге жаға бермеуі мүмкін. Дей тұрғанмен, елге танымал, қолынан іс келеді дейтін азаматтар аз емес.

Мына сайлау сол билік айналасындағы саясаткерлердің осалдығын тағы бір паш еткендей. Оған күні кешегі «Нұр Отан» партиясының әйгілі тізімі себеп болып отыр. Әр сайлау сайын бір «жаңалық» шығаратын біздің билік бұл жолы саяси бәйгеге сахна жұлдыздары мен спорт серкелерін қосып отыр. 127 адамнан тұратын тізімде жалпы саны онға жетпесе де сол жұлдыздардың даңғазасы қалған 120 кандидатты тасада қалдырып отыр. Тасада қалдырды дегеніміз жай. Қайта алдыңғы «планға» жұлдыздарды шығаруға сол тізім авторларының өздері мүдделі сияқты. Жиырма жыл бойы айтылып келе жатқан «әлаулайды» қайталауға ұялып, әубастан ойластырылған жоспарға келеді бұл құйтырқылық. Әйтпесе, әлгі тізімнің ішінде қарапайым ауылдан республикалық деңгейдегі лауазымдарға дейін атқарған тәжірибелі шенеуніктер жетіп артылады.

«Нұр Отанның» орталық аппаратында қызмет ететін жігіттердің бірі жақында осыған орай әлеуметтік желіде «түсінік» беріп, бас партияның тізімін өзінше «тәпсірледі».

Ол жігіттің «Кез келген партия халықтың даусына ие болу үшін түрлі саяси технологияны пайдаланады. «Нұр Отан» халыққа, әсіресе жастарға кеңінен танымал эстрада мен спорт жұлдыздарын тартқан екен. Өз басым виртуалды электорат, виртуалды үгіт-насихат мәселесіне көңіл бөліп жүргендіктен, аталған азаматтардың интернеттегі қолдаушыларын қарап шықтым. Зерттеу объектісі ретінде бір ғана инстаграмдағы аккаунттары алынды. Қайрат Нұртас – 883 мың, Жанар Дұғалова – 760 мың, Геннадий Головкин – 571 мың, Серік Сәпиев – 133 мың, Илья Ильин – 268 мың жазылушыға ие. Бұл аталған бестіктің депутат болады дегенді емес, 2 миллион 615 мың адам сайлау туралы және «Нұр Отан» партиясының сайлауалды жұмыстарынан хабардар болады дегенді білдірсе керек», — дегенінен ұққанымыз, бас партия бұл жұлдыздарды жарнама үшін ғана пайдаланып отыр. «Дұшпаннан түк тартсаң да – пайда» дегендей, «Нұр Отан» әншілер мен спортшылардың әлеуметтік желідегі фанаттарының арқасында екі жеп биге шықпақ екен. Былай қарасаң, бәрі заңды. Өз жанкүйері жоқтар біреудікін пайдаланбағанда қайтеді?

Осы жерде жас саясаттанушы билік партиясының бар картасын ашып қойған жоқ па? Яғни, «Кандидат – үміткер. Ол мандат иесі емес» дей отырып, сахна жұлдыздарын тек сайлауалды үгіт жұмыстарының көрнекілігі үшін ғана пайдаланбақ ниеттерін білдіріп қоймады ма? Егер, шынымен солай болып жатса, оған Дұғалова дау айтып, Нұртастың тауы шағылар деп ойламаймыз. Бірақ, сүйікті әншілерін билік мінберінен көреміз деп үміттенген қаншама жанкүйерді (партия үшін – электоратты) қайда қоямыз? Жоғарыда айтылған инстаграм қолданушылары ертеңгі сайлауда сол әншілер үшін дауыс бермей ме?

Осы қалаймақаннан анық ұққанымыз, мына жұлдыздар саяси науқанның сәндік құралы болып отыр. Бұған дейін де солай болған. Тек, қолдану тәсілдері сәл басқаша еді. Партиялар мен кандидаттар ел-елді аралап, халықпен кездесулер өткізгенде ол жиындар шағын концертсіз ұйымдастырылмайтын. Әрбір үгіт-насихат тобымен бірнеше әнші еріп жүретін. Онда да атақ-даңқына, биліктегілерге жақындығына қарай топталатын. Роза Рымбаева бастаған таңдаулы әншілер билік партиясының үгіт жұмысына көрік берсе, Кенжеғали Мыржықбай, Шәміл Әбілтай сынды ағаларымызды кезінде «Ақжолдың» айналасынан көретінбіз. Бұл жолы билік сол дәстүрді бар болғаны, қазір сәнге айналған терминмен атар болсақ, аз-маз «оптимизациялаған». Онсыз да бас партияның шашбауын көтеріп, іс-сапарға шығады, өңешін жыртып ән айтады. Ақыры, сайлауға дейін бірге жүретін болған соң әншілерді де сайлау тізіміне енгізе салған. Ал, нақ парламентке баратын сақа саясаткерлер, сахна сыртынан бақылаушының рөлін ғана атқармақ. Әңгімеміздің басындағы «Саңлақ» сөзін оларға қимай отырғанымыз да содан.

Жомарт Абдоллаұлы

«Қамшы» сілтейді