АЛТЫНОРДА
Новости

Сапасыз жолмен 30 елді қуып жете аламыз ба?

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Әлемнің 144 еліне жүргізілген сараптама нәтижесінде еліміздің жолдары сапасы жағынан 117 орынды иеленіпті. Мақтанатындай нәрсе емес… Әлем елдерінің тас жолдарын салыстырып, баға берген Дүниежүзілік экономикалық форумының мамандары ең сапалы жолға 7 балдық көрсеткіш берген. Нәтижесінде, біздің елдегі шұрық-тесік жолдарға берген бағасы 2,7 балға әрең жеткен. Кең байтақ жеріміз бен бір-бірінен шалғайда жатқан 14 облысымыздың арасын жақындататын тақтайдай тегіс жол ғана екені сөзсіз. Әйтсе де қала, облыс, аудандарымыздағы ішкі көшелердің жолы тұрмақ, ірі қалаларымыздың арасын жалғайтын үлкен жолдарымызға да айтылар сын аз емес.

Аталмыш ұйым өкілдері ең сапалы жол ретінде алғашқы орынды Франция еліне берсе, одан кейінгі орындарға Біріккен Араб Әмірлігі мен Сингапур елі жайғасқан көрінеді. Дүние­жү­зі­лік экономикалық форум мамандарының бер­ген бағасын еліміздегі көлік жүргізушілері де жоққа шығармайды.

Алмат АРЫСТАНОВ, жүргізуші:

– Жолдардың барлығы шұрық-тесік, жү­ру мүмкін емес. Жыл сайын еліміздегі мил­лиондаған көліктен қаншама салық жи­на­лады, көлігімізден кішкене кемшілік табылса айыппұл салады. Сонда көлік иелерінен жиналған осы салықтар мен айыппұлдардың барлығы қайда кетіп жатыр? Бізден көлігіміздің талапқа сай болуын талап етеді. Алайда біз ешкімнен жолдың да талапқа сай болуын талап ете алмаймыз. Жолдардың сапасыздығы салдарынан көлігіміз жиі сынады. Бірақ ол үшін ешкімнен оның сұрауын сұрай алмаймыз. Жолдардың шұ­рық-тесігін айтпағанның өзінде, олардың кең­дігі, жаңадан салынған жол айрық­та­ры­ның қозғалысқа ыңғайлылығы да талапқа сай емес. 

Шыны керек, еліміздегі жолдар биыл жөн­деу­ден өтсе, келер жылы тағы жөндеуді қажет етіп жатады. Кепілдік мерзіміне жетпей, жол­да­рымыздың шұрық-тесік жолға айналуына кезінде көлік және коммуникация министрі «жүргізушілердің ұйықтап кетпеуіне жақсы» деп те баға берген еді.

                  Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Әйтсе де сапасыз жолдардың «жүр­гі­зу­шінің ұйықтап кетпеуіне» емес, жол апа­тына себеп болып, жол-көлік оқи­ға­ла­рының туындауына, адам өліміне де себеп болып отырғаны жасырын емес. Тәуел­сіз­дікке қол жеткізген 20 жылдан астам уақыт ішінде елімізде орын алған жол-көлік оқи­ғасының салдарынан 60 000-нан астам адам қаза тауыпты. Кішігірім бір қаланың тұрғындары деуге болатындай. Жыл сайын жол-көлік ережелері күшейтіліп, рульдегі жүргізушінің де жауапкершілігін арттырып жатқанымызға қарамастан, жол-көлік оқи­­ға­лары азаяр емес. Осы орайда «жол­да­­ры­мыз адамдардың қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ете­тіндей талапқа сай болар күн қашан туады?» деген де сұрақ туындайды. Осы орайда айта кетер жайт, Қытайда үлкен жолдардың екі жағы арнайы қор­шау­­лар­мен қоршалған, яғни келе жатқан көліктің қарсы бағытқа шығып, жол-көлік оқи­ға­сын туындатуы мүмкін емес. Бізде ірі жол апаттарының көліктің қарсы бетке шығып кетуі салдарынан жиі орын алып жа­та­ты­нын ескерсек, жол салудың осын­дай ар­тық­шылықтарын өз тәжіри­бемізге енгі­зу­ден ұтпасақ ұтылмас едік. Алайда әзірге жолдарымыз сапалы дәрежеге жетпек түгіл, халқымыздың қауіпсіздігін сақтауға да қызмет ете алмай отыр. Осыған дейін еліміздегі салынып жатқан жолдардың салы­ну заңдылығын тексерген тиісті орын­дар да олардың сапасына қатысты талай былықтың бетін ашқан еді.

Айтқазы ӘЙТЕНОВ, экономист:

– Жол халықтың ақшасына салынып жатыр. Сондықтан халықтың ақша­сы­ның текке шашылмауын арнайы жауап­ты орган қадағалауы керек. Мәселен, батпақты жолдарға төселетін асфальт пен жері қасаң жерге төселетін асфальт құрамының әрқайсысының ерекшелігі басты назарға алынуы керек. Батпақты жердің ерекшелігі алдын ала еске­ріл­месе, ол жерге төселген асфальт көп ұза­май жер қатпарының әлсіздігінен ыдырап кетеді. Шыны керек, бүгінгі күні біз жол салу ісін кім көрінгенге тап­сыр­дық. Соның салдарынан жол салушы ком­паниялар жер қыртысының мұндай ерекшеліктеріне көз жұма қарайды. Өйткені мемлекет тарапынан жол салуға бөлінген ақшадан пайда табу үшін жол-құрылыс материалдарын үнем­деуге ты­ры­сады. Оның соңы сапа­сыз жолдардың пайда болып, кепілдік мерзіміне жетпей жол­дардың бұзы­луы­на әкеліп соғады. Кеңес Одағы кезінде салынған жолдар 20-25 жылға шы­дай­тын, біз осы заң­дылықты жол салушы компаниялардан қай­та талап етуіміз керек. 

«Бір шақырым жол салсақ та, сапалы қылып салуымыз керек» дейді мамандар. Расында да, жолдар сапасыз салына берсе, бүгінгі күні жол салуға бөлінген қыруар қаржының желге ұшқаны емес пе?! Айта кетер тағы бір жайт, елімізде жол салу мекемелері мен жылу құбырларын ауыс­ты­ратын мекемелер арасында өзара бай­ла­­ныстың жоқтығы. Жаздай жол салын­са, күзде жылу құбырларын ауыс­ты­ра­тын меке­мелер көшені қазып, салынған жол­дың дымын қалдырмайды. Нәти­же­сінде халық жолдың рахатын көрмей жа­тып, ойдым-ойдым, жамау-жамау жолға қай­та тап болады. Айналып келгенде, мұның бәрі еліміздегі жол салу саласында жүйе­лі­ліктің, тиісті бақылау мен құзырлы орын­дар тарапынан қадағалаудың жоқ­ты­ғынан болса керек.

Әбді ҚИЯЛБАЕВ, техника ғылымының док­торы, профессор, «Қазжол» ғылыми-зерт­теу институты оқу орталығының бас­тығы:

– Дәл қазір қала ішіндегі жол­да­ры­мыздың беті шұрық-тесік. Бірақ қазір көктемгі ауа райының құбылмалы бо­луына байланысты ол жолдарды жөн­деуден өткізе алмаймыз. Көктем шыға көліктер де көбейіп, көлік қозғалысы күрт артады. Ал жолдарымыз өте на­шар. Шынын айтқанда, жол-көлік оқи­ғасының көбеюінің бір кілтипаны да осы жолдардың сапасыздығынан бо­лып отыр. Негізі, қазіргі таңда еліміздегі жолдардың жамылғысы шамамен үш-бес жылға есептеліп жасалады. Яғни оның қызмет ету мерзімі де осы жыл­дар­ды қамтуы керек. Алайда жол жасау­шылар оның жамылғысын ғана ауыстыра салады. Ал асты, негізгі қаба­ты сол күйі қалады да, ол жол мерзіміне жетпей тез істен шығып, шұрық-тесік жолға айна­ла­ды. Сондықтан біз жол жасау­шы­лардан жолдың жамылғысын ғана емес, астындағы негізгі қабатын да жаңар­­тып, жолды мұқият жасауды талап етуіміз керек. Жолдың бетін ғана әде­мілейтін көзбояушылықты тоқта­туы­мыз қажет. Негізі, жолдың асты мық­­­ты болуы керек. Жолдың ауыр сал­мақ­қа төзімділігі, су өткізгіштігі, берік­тігі – бәрі-бәрі талапқа сай болуы тиіс. Дәл қазіргі таңда биыл жасалған жол бір жылға жетпей келесі жылы тағы да жөндеуді қажет етеді. Оны ешкім қадағалап та отыр­­ған жоқ. Айта кетер жайт, елі­міздегі жолдардың қалыңдығы 30-40 сантиметрден аспайды. Бұл дұрыс емес. Жолды жүз рет жамап, жылына бір­неше қайтара жөндеуден өткізсең де, бұл жол техникалық жағ­дай­ға мүл­дем сай емес. Бәрібір ол жол мерзіміне жетпей шұрық-тесік жолға айнала береді. Қазіргі таңдағы жол­да­ры­мызға түсер осьтік жүктеме 13 тон­на­дан асып тұр. Ал мұндай салмақ­ты, қалыңдығы 30-40 сантиметрлік жол­дарымыз кө­тере алмасы анық. Жолда­рымыздың мерзіміне жетпей шұрық-тесік жолға айналып жатқа­ны­ның себебі де осын­да. Мұндай жол­дар­дың жол апат­та­рының көбеюіне себеп болып, тіпті ірі жол-көлік оқиға­ла­рын да көбейтіп, ондаған адамның бір ме­зет­те қайтыс болуына да себеп бо­луда. Сондықтан бізге жол туралы арнайы мем­лекеттік бағдарлама керек. Онда жолда­ры­мыз­дың техникалық та­лап­қа сай болуы, қа­лыңдығы, берік­тігі, сапа­лы­лығы, адамдардың өміріне қауіп­сіздігі – бәрі-бәрі есепке алынуы тиіс.

Бір сөзінде Тәуелсіз автокөлік одағының төрағасы Эдуард Эдоков «Жол бюджетінің үлкен бөлігі жемқорлыққа кетіп жатыр. Әдейі сапасыз асфальт төселеді, келесі жылы мемлекеттен арнайы қаржы бөлініп, ол қайта жамалады, қайтадан сапасыз асфальт пайда болады. Осылайша, жолға қатысты жемқорлық жалғаса береді» деген еді. Жолымыздың сапасы жағынан 117-орыннан көрінуіне жемқорлықтың да үле­сі бар секілді. Жыл сайын тозығы жет­кен жолдарды жөндеуге мил­лион­даған қаржы бөлініп жатса да, шұрық-тесік болған жол­дардың жыры әлі таусылар емес. Аймақты айтпағанның өзінде, Алма­ты, Астана, Шымкент секілді жедел дамып келе жатқан үлкен қалаларымыздың шеткі көшелері де әлі күнге батпақ күйінде жатыр. Өйткені жыл сайын сапасыз болса да, магистральды күре жолдардың жағ­дайы күйттеледі де, көше-көше ара­сын­дағы ішкі жолдар тасада қалып қояды. Соң­ғы 11 жылда автомобиль жолдары са­ласын дамытуға 1263,1 млрд теңге жұм­салыпты. Бірақ жолдарымыздың сапа­сы осынша қаржының жұмсалғанын көзге көрсете алмайтындай. Демек жол сала­сы­ның жауапкершілігін арттыратын кез жет­кен секілді.

Автор: Қуаныш ӘБІЛДАҚЫЗЫ

 

http://alashainasy.kz