Білім және ғылым министрі тұрғындардың жеке сұрақтары бойынша қабылдау өткізді
«Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдауында Үкімет мүшелері азаматтармен жеке кездесіп, олардың түйіткілді мәселелерін шешуге атсалысуда. Өткен аптада Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов еліміздегі білім саласында орын алған олқылықтармен танысты. Тұрғындар түйткілді мәселелер жөніндегі сауалдарын министрге тікелей қоюға мүмкіндік алып, тіпті, онлайн жүйесі арқылы Алматы қаласы, Қарағанды облысы, Жамбыл облысы, Оңтүстік Қазақстан облыстары да байланысқа шықты.
Бұл жолы министрдің қабылдауына кіріп, арызын айтуға ниет білдіргендердің қарасы қалың. Тұрғындардан келіп түскен арыз-шағымның басым көпшілігі мемлекет тарапынан бөлінген грантқа, ЖОО-на қабылдау, арнайы шәкіртақымен қамтамасыз ету, мектепке дейінгі мекемелерде балалармен жұмыс жүргізуді арттыру, мектептердегі бюджеттің қысқаруы және арнайы мектептердің жабылуы я болмаса қысқаруы сияқты өз шешімі табылмаған мәселелерді сөз етпек.
Аслан Сәрінжіповпен кездесуге келген Ақмола облысы Есіл ауданының ұстаздары аудандық білім бөлімі шығарған бұйрық бойынша өз еңбектеріне төленуі тиіс қаражаттан қағылып отырғандарын айтып, шағымданды. Аудандағы С.Серіков атындағы мектептің ұстазы Әшкен Оразалинаның айтуынша, қазақ тілінен орыс сыныптарына беретін 26 сағатының 18 сағаты үшін ғана ақша төленеді. Бұл бұйрықты аудандағы білім бөлімі басшысы Саматов Нұрлан Мәжитұлы шығарған болып шықты. Есепке алынбаған сағаттар үшін әр ұстаз жалақысынан 20 мың теңгедей жоғалтқан. Қабылдау барысында мұндай бұйрық тек Ақмола облысы, Есіл ауданында ғана берілгендігі анықталды. Ұстаздардың айтуынша, республика тұрмақ, көршілес аудандардың өзінде мұндай бұйрық шықпаған. Енді аудандық білім бөлімі басшысының әрекеті салдарынан 300-ден астам ұстаз аз жалақы алуға мәжбүр болып отыр.
Мән-жайға қанық болған Аслан Сәрінжіпов бұл мәселені тексеру үшін ауданға арнайы комиссия жіберіп, жауапты ауданның білім бөлімі басшыларынан еститінін жеткізді. Министрдің қабылдауында болған ұстаздар мәселенің ақ-қарасы анықталатындығына сенімдері мол. Ал жалақы мәселесіне жеке тоқталған бас педагог жаңа жылдан бастап мұғалімдердің еңбек ақылары өсетіндігін айтты. Мысалы, жоғары санаттағы мұғалімдердің жалақысы 60 пайызға артпақ. Ал Астана қаласының тұрғыны Дана Бөгенбайқызы мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепке дейінгі мекемелерге қабылдау 4-жастан басталатындығына наразы. Сондай-ақ шетелдердегі тәжірибені негізге алатын уақыттың жеткендігін, мүмкіндігі шектеулі балалардың әсіресе даун синдромына шалдыққан балалардың қоғамдық мектептер мен балабақшаларға баруына ешқандай кедергінің болмауы керектігін тілге тиек етті. Оның айтуынша, науқас балалармен қоғамдық мекемелерде де жұмыс жүргізуге болады. Тек қаржыландыру мәселесін мемлекет өз қарамағына алса деген тілегін жеткізді.
Министрдің атына түскен талап-тілектердің ішінде мектептегі үйірмелердің, арнайы мамандандырылған мектептердің қаржыландыру мәселесі жиі қозғалды. Соның бір мысалы, Надежда Андрееваның бастауымен Қарағанды қаласындағы №86 орта мектебінің ұжымы ұзартылған топты сақтап қалу үшін өтініш білдірді. «Биылғы қараша айының 1-нен бастап біздің мектепте ұзартылған топ жабылмақ. Ол жайлы бізге қалалық білім беру басқармасы хабарлады. Түрлі мәселелерге байланысты ата-аналар өздерінің балаларын мектептен уақытында алып кете алмайды. Біз сіздерден мектептегі ұзартылған топты сақтап қалуды сұраймыз», – деді Надежда Андреева. Аталған мәселеге Аслан Сәрінжіпов: «Сіздің өтінішіңіз, мектептегі ұзартылған топты қосымша қаржыландыру мәселесін қарастыру үшін, Қарағанды қаласының әкімдігіне жіберілетін болады», ̶ деп жергілікті атқарушы органдарға мәселені оңтайлы шешуді тапсырды. Алдағы уақытта қабылдауға келген тұрғындардың, көтерілген әр түйіткілді мәселелердің шешімі табылып, министрлік пен тиісті мекемелер бірлесе жұмыс жүргізбек.
«Нұр Отан» партиясына қарасты Республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі басшылығы өз кезегінде үкімет мүшелерінің қатысуымен мұндай шаралардың жалғасатынын жеткізді. «Нұр Отан» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлімі меңгерушісі Абылайхан Оспанов: «Бізде апта сайын Мәжіліс депутаттары, Үкімет мүшелері қабылдау өткізеді. Мысалы, осы айдың аяғына дейін Бақыт Сұлтанов, Ерболат Досаев және Берік Имашев азаматтарды қабылдайды деп жоспарлануда. Осындай кездесулер жергілікті филиалдарда да өз жалғасын таппақ. Яғни облыс әкімдері мен бөлім басшылары тұрғындармен қабылдаулар өткізеді», ̶ дейді. Айта кетерлігі республикалық қоғамдық қабылдауға 9 айдың ішінде 65 мыңға жуық азамат келсе, оның 15 мыңға жуығы Мәжіліс депутаттары мен министрлердің қабылдауында болған. Партияның тікелей ұйымдастыруымен бастау алған бұл шараның жергілікті халыққа берері мол. Соңғы көрсеткіш бойынша республикалық қоғамдық қабылдаудың нәтижесінде халықты жұмыспен қамту мәселесі мен еңбекақының уақытылы төленуіне қатысты бірқатар түйіткілді мәселелердің 20,7 пайызы өз шешімін тапқан. Алдағы уақытта да аталған үрдістің тұрақты өткізілуін, ұйымдастыруын бас партия өз бақылауына алмақ.
Еркежан ЖҰМАТАЙ, Астана қаласы
http://turkystan.kz/