Елімізде ішкі миграцияға байланысты заңдылықтар бекігелі бері оңтүстіктен жүгін теңдеп артып, теріскейді бетке алған көш-керуен жиіледі.
Сарыағаш ауданынан жаңа жылға дейін тағы 30-дан астам азамат отбасымен қоныс аударуға қам жасап жатыр. Олардың дені — жоғары білімді мамандық иелері.
Асхат жұмыспен қамту мекемесіне бүгін тағы келді. Бұл жолы жұмыс іздеп емес, Қызылжарға қоныс аударуға қажетті құжаттарды рәсімдеу үшін. Жоғары білімді азаматтың мамандығы-заңгер. Былтыр үйленіп, отбасын құрған болатын. Туған жері Сарыағаштан тұрақты жұмыс таба алмасына көзі жеткен соң Асхат Солтүстікке бармаққа біржола бекінді.
Асхат Сманов, Сарыағаш қаласының тұрғыны;
Солтүстікте жұмыс бар дейді. Ол жаққа маман керек екен. Өз мамандығым бойынша жұмыс істесем деймін. Үй-жайын береміз дейді. Тұрақты айлығы бар екен. Одан артық не керек?
Асхат — үйдің ортаншысы. Қазір әке-шешесі және отбасылы інісімен барлығы бір үйде тұрады. Ұлының кесімді шешіміне ата-анасы қарсы болған жоқ. «Қазақ даласының қайсыбір шеті болмасын, ешкімге де жат емес. Ерінбей еңбек етсең, өсіп өнетін жерің де сол болмақ», — дейді олар.
Әбдікерім Сманов, әкесі;
Өзінің қалауымен солтүстік өңірге барып қызмет жасаймын дейді. Сол жаққа барып отанымызға еңбек етемін дейді. Ақ жол болсын, баламызға. Дені сау болып, сол жақта өсіп өніп, көркейіп жүре берсін.
Ана шіркін, қашан да мейірбан ғой. Баласының туған үйден жырақ кететінін естіп, баласына бәйек болды да қалды.
Солтүстік салқындау ғой бізге қарағанда жаурап қалмағың. Жылы киімдеріңді салып жатырмын. Осы киімдеріңді киіп жүр.
Сарыағаш ауданынан Асхатпен бірге тағы 32 азамат еліміздің Солтүстік Қазақстан облысына қарай көш түзегелі жатыр. Көбінің құжаттары әзір. Біразы алдын ала жаңа қоныстарын көріп-біліп, танысып та қайтты.
Ахментай Есбаев, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары;
32 азаматты айтатын болсақ, оның ішінде 10 азамат жоғары білімді мұғалім. Екеуі медицина саласынан. Сол сияқты ауылшаруашылығы саласынан үш азамат. Қалғандары аспаз, фермер секілді әртүрлі мамандық иелері.
Сарыағаш ауданында бүгінгі таңда 320 мыңнан астам адам тұрады. Демографиялық өсім жақсы. Ал, іргесі бүтін, көлігі толық, байсалды көш теріскейге ел боп қосылса, әр қазақтың өрісі ұзармақ.
ӘЙГЕРІМ ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ
http://shymkenttv.kz/