[:kz]
Түркиядағы «Әскери төңкеріс жасау әрекетінен» соң түрік басшылығы аталған төңкерісті Америкада тұрып жатқан философ, дін қайраткері Фетхуллах Гүлен мен оның жақтастары ұйымдастырды деп мәлімдеді. Мәлімдеменің арты Түркиядағы Ф. Гүленмен байланысы бар деген ғалымдар мен журналистерді, саясаткерлер мен мемлекеттік қызметшілерді қудалауға ұласты. Түрік билігі онымен де шектелмей, өзге елдерден Ф. Гүлен идеясымен құрылған, соған қатысы болуы мүмкін ұйымдардың қызметін шектеуді талап етті. Қазір Қазақстан қоғамы Түркиядағы жағдайды түрліше бағалауда. Ф. Гүлен тақырыбында туындап жатқан пікір-таластар да жоқ емес. Осыған байланысты біз елге танымал саясаттанушыларға қазақ қоғамындағы Гүлен-Ердоған тақырыбындағы дауға қатысты пікірлерін білу мақсатында төмендегі сұрақтарды қойған едік.
1.Түркиядағы «Төңкеріс жасау» әрекетінен соң түрік билігі бүлікке АҚШ-та тұрып жатқан Ф. Гүлен мен оның жақтастары кінәлі деп жариялады. Ресми Анкара дипломатиялық байланыс орнатылған бірқатар елдерге Ф. Гүленмен байланысты ұйымдар жұмысын шектеу туралы талап та қойып үлгерді. Сондай-ақ, Гүлен тақырыбы тек Түркияда ғана емес, Қазақстан қоғамында да біршама талқылануда. Сіздің ойыңызша, Ф. Гүленге қатысты қоғамда не үшін пікір-талас тууда? Оның жалпы Қазақстан үшін қажеті бар ма? (қауіп-қатер, дипломатиялық тұрғыдан қателік жасау, т.б.).
2. Түркиядағы жағдай – ол елдің ішкі шаруасы. Оған қандай да бір баға беру артық болар. Қазақстан басшылығы бауырлас елге көңілін білдіріп, мәлімдеме жасады. Сонымен шектелеміз бе, әлде, ресми Астана Гүлен дауына қатысты қандай да бір шешім қабылдауы керек пе? Ф. Гүленге қатысты ендігі уақыттағы Қазақстанның ұстанымы мен қам-қарекеті қандай болуы керек деп ойлайсыз?
Әзімбай Ғали: Ердоған Путин, Түркия Ресей секілді
1. Жақында Түркияда әскери төңкеріс жасауға талпыныс болғанын білеміз. Ол сәтсіз аяқталды. Бұған дейін де Түркия тарихында әскери төңкерістер болған. Ол төңкерістер кезінде сәтті аяқталған. Әскерилер Ататүріктің аманатын орындап, зайырлы қоғамды сақтау мақсатында билікті басып алып отырды.
Негізі Түркия Ресей сияқты, ал, Ердоған Путин сияқты. Екі ел де – постимпериялық ел. Түркия кезінде Солтүстік Африканы, араб әлемін биледі. Империямен қоштасса да, түрік басшылығының сана түкпірінде империялық синдром сақталған. Ресей де КСРО-ны қалпына келтіргісі келеді. Түркияның Сирияға таласуы, Ресейдің Украинаға таласуы – соның айғағы. Түркияның демократиясы Ресейден гөрі дамыған болса да, екі ел де автократиялық, басшылары биліктен ажырағысы келмейтін ел.
Ердоған – діншіл басшы. Ол діни-популистік ұстаным иесі. Кезінде Ресей басшылығына Путин келгенде қателесіп, мақтағаным бар. Путинизмнің ар жағы империя екен. Оны аңғардық.
Гүлен де діншіл, ұлтшыл, Ердоған да діншіл, ұлтшыл, империяшыл. Бірақ, оған қарағанда Гүлен – демократ. Ердоған Гүленді кіналауда. Гүлен болса, төңкерісті Ердоғанның өзі ұйымдастырды деп санайды.
Кезінде бірқатар орыс азаматтары маған ой салуға тырысты. «Түрік лицейлері сендерге қажет пе, түркіленіп кетпейсіңдер ме?» дегенде мен біраз ойланып қалғам. Бірақ, ол лицейлердегі білім сапасы жоғары екенін көрдік. Өмір көрсетті, ол лицейлер өзін ақтады. Ол оқу орындарының белгілі бір деңгейде түрікшіл болғаны зиян емес екен. Орыстанған қоғамға ол да қажет.
2. Ердоған елімізге келіп жүргенде біздегі қазақ-түрік лицейлеріне тисіп жүрді. Бірақ, ол кезде аса мән бермедік. Ендігі талаптарға қатысты ойым, біз қазақ-түрік лицейлерін жаппау керекпіз. Өйткені, Гүленге тағылып жатқан айыптар – жала. Гүлен бәлкім Түркияның демократиялық талаптарға сай болуын қалаған шығар, бірақ, күшпен билікті басып алу ойы болмағаны анық. Бәлкім, төңкерісшілер Гүленнің идеясымен таныс болған болар. Бірақ, оның төңкерісшілерге тікелей қатысы бар деп ойламаймын.
Біз екі тарапты да тануымыз керек. Ол біздің саяси өрісімізді кеңейтеді. Бұл жерде Батыстың көзқарасын да ескеру қажет. Кезінде Батыстың Түркияға көңілі толмайтын. Еуроодаққа да шала кіргізді. Түркиядағы адам құқығының жайы, демократия, дін, т.б. мәселелерде қатаң талап қойып отыр.
Негізі Гүлен де – діншіл. Ол да діни қағидаларға сүйенеді. Бірақ, ол демократияшыл, жұмсақ ұстаным иесі. Сондықтан, бізге Гүлен жақын. Ал, Ердоған Путиннің бір түрі. Ердоған кезінде Түркияның экономикасын жақсы көтерді. Бірақ, соңғы уақытта елін қиын жағдайда қалдырып отыр. Туризмі кері кетті. Путин де солай, алғашында Ресейді көтеруге атсалысқанмен, кейін Украинаға шауып, санкциялар құрсауында қалды, қысымға ұшырады.
Біз Түркияға ұстанымымызды дипломатиялық түрде сыпайы жеткізуіміз қажет. «Біз тәуелсіз елміз, ішкі мәселемізді өзіміз шеше аламыз. Сендердің де ішкі жағдайларыңнан хабардармыз» деген сияқты.
Одан кейін бізде жақсы түрік азаматтары бар. Олар екі елдің арасындағы мәлени байланыстарды нығайтуға қызмет етуде. Алайда, қазақтар олардың жетегінде кетіп жатыр деуге келмейді. Біздің өз құндылықтарымыз бар. Сондықтан, бізді ешкім қалпақпен ұрып ала алмайды.
Айдос Сарым: Салафиттер қазақ-түрік лицейлерін жау көреді
1. Ең басты мәселе, бұл жерде неше түрлі саяси ойындар басталып кетті. Оның ішінде неше түрлі күштерді көріп отырмыз. Мәселен, ресейшілдер үшін қазақ-түрік лицейлері жау болды. Өйткені, ол лицейлер санасы тәуелсіз, еркін ойлы жастарды тәрбиеледі. Сол үшін де ресейшілдер «Қазақ-түрік лицейлері Қазақстанда Түркияға қызмет ететін «бесінші колонна» дайындап жатыр» деп айыптады. Ал, қазір түрік билігі сол оқу орындарынан бас тартып жатыр. Яғни, Ресей тарапынан тағылған айыптардың негізсіз екенін уақыт көрсетті.
Осы жерде бір айта кетерлігі, қазақ-түрік лицейлері ұлттық рухы мықты жастарды дайныдауда. Онда қазақ тілінде білім беріледі, қазақ тарихы жақсы оқытылады. Соның пайдасы болар, мен білсем, түрлі салафизм, уаххабизм идеясымен уланғандардың ішінде сол лицейлердің түлектері жоқ. Міне, сондықтан, салафиттер ол лицейлерді өздеріне бәсекелес, жау санайды. Теріс ағымдар өз аудиториясында, жастар арасында ондай мықты бәсекелестің болғанын қаламайды. «Жастарды өздеріне тартып жатыр, бұлардың көзін жою керек» деген ойлары жоқ емес.
Одан бөлек, жалпы Түркияны қолдайтын да топтар бар. Ердоғанның не істеп жатқанын, қандай қадамдарға барып жатқанын білмесе де, оның діни-популистік бағытын қолдаушылар, жалған әңгімелерге сенушілер бар. Осылайша қазақ-түрік лицейлеріне қатысты әңгіме ушығып кетті.
Ал, нақты «гүленшілер» туралы әңгімеге келсек, мен өз басым «гүленшілер» деген партия, ұйымды немесе соның сойылын соғып жүрген нақты бір адамды көрмеппін. Бірақ, оның ілімі біздің тарихымызда орны бар «жадидтік» бағытқа жақын. Яғни, ол – дінді ғылым-біліммен, дәстүрмен ұштастыру ілімі. Қайшылықтар болдырмауды көздейтін жол. Ол жолды кезінде бабаларымыз, Алаш арыстары да ұстанған.
Бізде бір жаман әдет бар: жақтырмайтын адамға лақап ат қоюға, қандай да бір топтарға қосып жіберуге құмармыз. Гүлен қағидаларын құптайтын адам «Гүленшіл» болса, Абайдың айтқандарын ұстанған адам «Абайшыл» ағым қалыптастыра ма? Гүлен – ислам әлеміндегі көптеген ғұлама, ойшылдардың бірі. Ал, оның айналасындағы әңгіме – Түркияның ішкі шаруасы.
2. Ердоған төңкеріс болмай тұрып-ақ, елімізге жасаған сапарында Президентімізге де ашық айтып, қазақ-түрік лицейлеріне тиіскен болатын. Қазір құдайға шүкір мемлекеттің де, қоғамның да ол оқу орындарына ниеті түзу. Ол лицейлер баяғыда мемлекет меншігіне өтіп кеткен. Олар қазір мемлекеттік мекеме саналады, мемлекеттік стандартпен білім береді. Ал, енді сондай ұйымдардың қызметін тоқтатуды талап ету Түркия сыртқы саясатының жөн-жосықсыз, қисынсыз тарапқа бұрылып кеткенін көрсетеді.
Ал, мемлекет тарапынан қандай да бір қадам жасу қажет пе дегенге келсек, Білім және ғылым министрлігінің балалары қазақ-түрік лицейінде оқитын ата-аналарға жасаған үндеуі жеткілікті. Министрлік ешқандай алаңдауға негіз жоқ екенін түсіндірді. Ол лицейлер бұрын қалай жұмыс істеді, солай жұмыс істей береді. Оқыту жүйесі мемлекеттік стандарттарға сай. Білім, ғылым саласында озық көрсеткіштер көрсетіп жатқан да – осы лицейлердің түлектері. Ол жерде тек Гүленнің еңбектері, діни әдебиеттер оқытылып жатқан жоқ. Егер атауы ұнамай тұрса, қазақ-түрік емес, «Алаш» лицейі деп атауды ұсынамын. Ал, бүгінгі А. Атамбаев сияқты асығыстыққа, ақымақтыққа барудың қажеті жоқ. Бізге енді қалғаны елдің министрлерімен дауласу еді. Жалпы, осы мәселеде екі ел арасында түсінбеушілік туса, ол ешкімге де абырой әкелмейді.
Руслан Жанғазы: Түркиядағы жанжал қазақ қоғамын екіге бөлді
1. Соңғы кездері Қазақстан қоғамы ішкі және сыртқы сипаттағы «ақпараттық себептерге» байланысты екі қарама-қарсы ұстанымдағы тарапқа жиі бөлінетін болған. Алайда Түркиядағы ішкі саяси жанжал бойынша туындаған пікір-таластың ерекшелігі – Қазақстан қоғамы емес, нақты Қазақ қоғамы қақ бөлінді. Жалпы, бұл пікір-талас еліміздегі Гүлен ілімі ізбасарларының қоғамдағы «дауысының» зор екендігін көрсетті. Олардың біразы қазір еліміздегі мемлекеттік басқару, бизнес және БАҚ салаларында жоғары лауазымдарға қол жеткізіп отыр. Ал, егер ертең жоғарғы биліктің тізгіні «гүленшінің» қолына тисе, оның ішкі және сыртқы саясаты қандай болады? Ол Елбасымыздың сөзін сөйлей ме, әлде рухани пірі Гүленнің ілімдерін мемлекеттік идеологияға айналдыра ма? Міне, бұл Қазақстандағы ішкі саясаттың күйреуінің, биліктің идеологиялық әлсіздігінің нақты көрінісі. Негізгі қауіп-қатер осыдан туындап отыр деп білемін.
Екінші жағынан, пікір-таластың осылайша өткір өрбуі – ол қоғамымыздың «азаматтық есеюінің» тағы бір нышаны. Өйткені белгілі бір өзекті қоғамдық мәселеге қатысты белсенді саяси ұстаным қалыптастыра білу тек жоғары азаматтық мәдениеті бар тұлғаларға тән. Бізде орын алған жағдайдың бір ерекшелігі ретінде «саяси проекцияны» атауға болады, яғни елдегі ішкі саяси жағдайға қатысты пікірін еркін білдіре алмаған азаматтарымыз, осы Түркиядағы шиеленіс арқылы өз азаматтық ұстанымын көсіле жеткізді деуге болады. Ердоғанға қарсы пікір білдіргендердің ішіндегісі тек қана «гүленшілер» ғана емес, олардың арасында авторитарлық басқаруға қарсы азаматтар да баршылық.
Әрине, түптеп келгенде, біз не Ердоғанның, не Гүленнің жақтасы болмауға тырысуымыз керек. Алда әлі талай-талай халықаралық саяси оқиғалар болып тұрады, сондықтан бөтен мемлекеттердің ақпараттық соғысына бой бермей, нақты ақпараттық төтеп беру стратегиясын қалыптастыру жаңадан құрылған Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жүктелуі тиіс деп ойламын. Бұл жағдайдың бір ғана қуантарлығы – қоғамның назары Ресейден Түркияға қарай ойысуы, яғни бауырлас халықтың жағдайы көбірек толғандырады. Оны Мәскеудің ақпараттық кеңістігінен ептеп шыға бастаумыздың бір белгісі деп бағалаймын.
2. Ресми мемлекеттік органдар тарапынан Түркияның ішкі саясатына араласпаймыз. Алайда бауырлас халық екенін ескере, азаматтық қоғам институттары саяси жақтарға бейтарап, жалпы Түрік халқына бағытталған қолдау мәлімдемелерін неге жарияламасқа? Неге, мысалы, елдегі саяси партиялар, Қазақстан халқы ассамблеясы, жастар ұйымдары үндемейді?
Ал, Гүленге келетін болсақ, шетелден қаржыландырып отырған Қазақстандағы барлық білім ошақтарындағы бағдарламалардың мазмұнын жіті тексеру керек сияқты. Әсіресе, балабақша мен мектеп деңгейіндегі білім баланың азаматтық ұстанымының, саяси көзқарастарының, дүниетанымының қалыптасуына түбегейлі әсер етеді. Бұнда шетелдік ықпал мүлдем болмауы тиіс. Ол ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Гүлен ілімін насихаттаушы әдебиеттерді діни сараптамадан өткізу қажет және оларды оқу бағдарламаларында қолдануға тыйым салынуы тиіс. Қазақстанның Білім және ғылым министрлігіне Қазақ-Түрік лицейлері өзін-өзі ақтаған айрықша оқыту әдістемесі негізінде ұлттық сипаттағы мектептер ретінде қайта ұйымдастырылуын ұсыныс ретінде енгіземін.
Дайындаған: Дархан Мұқантегі
[:]