АЛТЫНОРДА
Новости

Саули қазақ еліне жоғары баға берді

Қазақ еліне тұңғыш рет мемлекеттік сапармен Финляндия Президенті Саули Ниинистё келді. Кеше қадірменді қонағын өз Ақордасында Президент Нұрсұлтан Назарбаев қабылдады. Өз сөзінде Елбасы Финляндияны «Қазақстанның Еуропадағы ең маңызды сауда-экономикалық әріптестерінің бірі» деп атады. Бұл әріптестік алдағы уақытта нығая бермек. Екі ел тіпті «жасыл экономиканы» бірге құратын болып келісті. Осы күні өткен қазақ-фин бизнес форумында «жасыл экономика» саласындағы әріптестік туралы декларация қабылданды.


– Елдеріміздің даму тарихын­да ортақ ұқсастықтар бар, – деді биік мәртебелі қонағына Елбасы. – Қа­зақстан мен Финляндия қа­рым-қатынасы 1992 жылдан бері табыс­ты жалғасып келеді. Біз мей­­лінше тығыз екіжақты эко­номикалық және саяси өзара іс-қимылды дамыту ниетіндеміз.

Қазір елімізде фин капи­та­лының қатысуымен 70-тен астам компания экономиканың әртүрлі саласында жұмыс істейді. «Қаржы дағдарысының жағымсыз сал­дарына қарамастан, сауда-эко­номикалық қатынасымыз да қар­қын алып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екіжақ­ты сауда айналымы 800 миллион долларға жетті. Бұл Қазақстанның Солтүстік Еуропаның қалған елдерімен арадағы жиынтықты тауар айналымынан 70 пайызға артық!» деді Н.Назарбаев. Бұл ретте Ақордадағы келіссөздер барысында екі елдің ынтымақ­тастығын өрістету, Қазақстан экономикасын әртараптандыру жобаларына фин бизнесінің қатысу мүмкіншілігін кеңейту мәселелері талқыланған.  Осы орайда Қазақстан Пре­зиденті фин бизнесмендерін ауыл және мал шаруашылығы өнім­дерін өңдеумен айналысатын бір­лескен тауарлық өндірісті құруға шақырды. Бұған қоса, Мемлекет басшысының айтуынша, екі ел арасындағы көлік, құрылыс және туризм салаларындағы ынтымақ­тастықтың болашағы зор. Екі ел басшысының кездесуін­де халықаралық, өңірлік қауіп­сіз­дік мәселелері, Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы ахуал да тал­қыланды. «Кедендік одақ аясында посткеңестік кеңістіктегі инте­гра­циялық үдерістердің дамуына ерекше назар аударылып, Қазақ­стан мен Еуропалық одақ ынты­мақтастығының болашағы тал­қы­ланды» деді Елбасы. Өз сөзінде Финляндия пре­зи­денті Қазақ еліне жоғары баға берді. «Қазақстан – экономикасы барынша екпінді қарқынмен өсіп келе жатқан әлем елдерінің бірі,–деді Саули Ниинистё. – Бұл ел экономикалық өсім рейтингінде қазіргі уақытта үшінші орында тұр». Ол Қазақстанның өз өңірінде «тұрақтандырушы фактор» рөлін атқаратындығын айтады. Нұрсұлтан Назарбаев фин­дерді «ЭКСПО-2017» көрмесіне дайындық бойынша ынтымақ­тас­тыққа шақырды.

– Алдағы уақыттағы маңызды халықаралық оқиғалардың бірі 2017 жылы Астанада өтетін «ЭКСПО» халықаралық көр­месі, – деді Н.Назарбаев. – Бұл тұрғыда Қазақстанның энергетикалық әлеуетін ескере отырып, біз көрме тақырыбын «Болашақтың қуаты» деп атадық. Ол өз кезегінде энер­гия үнемдеу және баламалы энер­гия көздерін енгізу саласында жетістіктермен, сондай-ақ үздік идеялармен алмасуға мүмкіндік береді,–деген ол фин компа­ния­ларын Қазақстанда «жасыл» экономиканы дамытуға шақыр­ды. Өз кезегінде мемлекет жаңа­ратын энергия көздері саласында за­мануи технологияларды ен­ді­руге ниетті осы ел компаниялары­на қолдау көрсетуге дайын. Финляндия Президентінің Қазақстанға сапары технология трансфертіне, инновация мен инфрақұрылымды дамытуға, су және өзге табиғат ресурстарын тиімді басқаруға тірек болатын экономикалық ынтымақ­тас­тықтың жаңа кезеңін бастауға бағытталған.

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz