Мәскеу абақтысында қамауда отырған украиналық ұшқыш Надежда Савченконың адвокаты Илья Новиков Азаттықтың Орыс қызметіне Ресей билігі Савченкоға украиналық дәрігерлердің жолығуына рұқсат еткенін хабарлады. Новиков «аштық жариялап, денсаулығы нашарлаған Савченконың жағдайы шынайы тексеріледі» деген үмітін айтты.
11 наурыз күні панкреатит сырқаты күшейіп кеткен Савченко осы аптаның соңына дейін Украина дәрігерлерімен жолықтырмаса, аштық акциясын қайта бастайтынын мәлімдеген.
Савченконың тағы бір адвокаты Николай Полозов «Савченконың 80 күннен астам ұстаған аштықты біртіндеп тоқтату ережесін түрме жағдайында орындау қиын» дейді.
Украина парламенті мен Еуропа кеңесі парламенттік ассамблеясының делегаты Надежда Савченко өткен жылдың жазынан бері Ресейде қамауда отыр. Ресей билігі оны «Украинаның Луганск облысында қаза тапқан ресейлік екі журналистің өліміне қатысы бар» деп айыптайды. Савченко өзін «ресейшіл сепаратистер ұрлап әкетіп, Ресейге өткізіп жібергенін» айтып, айыпты мойындаудан бас тартты.
Көптеген елдердің азаматтық белсенділері, құқық қорғаушылары мен халықаралық ұйымдар Савченконы босатуды талап етеді.
http://www.azattyq.org/