АЛТЫНОРДА
Новости

Саяси көзқарасымыз қашанғы Ресейге байлаулы болады?!

©Алаш айнасы иллюстрациясыБізде, шыны керек, халқымыздың басым бөлігінің саяси сауаты шамалы. Тіпті, көзі ашық, қолына портфель ұстап жүрген үлкен адамдардың пікірталасын тыңдасаңыз, кәдімгідей қарныңыз ашып қалады. Бұл олқылығымыз тәуелсіздік алғалы бері ұлттық саяси ақпараттандыру ісінің қарқын ала алмай жатқандығынан ба, әлде отандық медианарықты жаулауға ұмтылушы мысықтілеу пиғылдылар насихатының құдіреттілігінен бе?..

Соңғы кездері біздің қоғамда нақты ақпараттан гөрі, өсек-аяңның күші басым болып тұр. Сондықтан да желдірме сөз таратқандарды қылмыстық жазаға тартатын заңға арнайы бап та енгіздік. Енді елді себепсізден себепсіз дүрбелеңге түсіргені үшін ондайлар 12 жыл бас бостандығынан айырылады. Жалпы, бізде саясат жөнінде сауатты бағдарлама немесе мақала жоқ емес, баршылық. Бірақ оған қоғам қызықпайды. Қызықпаған соң да саясат туралы қоғамның ойы шолақ. Ал саясат туралы шолақтық бізді алысқа апармайды. Мысалы, коммунизм көсемі – В.Ленин өз еңбегінде үш жауды атайды, сөйтіп өз өмірін солармен күреске арнаған. Соның бірі – сауатсыздық. «Сауатсыз адам саясаттан жырақ тұрады, сондықтан оны оқытуға үйрету керек. Онсыз саясат болмайды, ондайда өсек-аяң, аңыз, желдірме сөз күш алады, саясатқа жол болмайды» деген екен кезінде қызылдар көсемі.

Қанша жерден ұлтымызға жамандық жасағанымен совет заманының идеологиясы мен ақпараттандыру тетігі әсерінің күшті болғанын мойындау керек. Соның арқасында бұл жүйе 70 жыл бойына үздіксіз өмір сүрді. Бүгін де оның елесі қазақ даласын кезіп жүр. Осы жағынан алғанда, бұл арада тәуелсіз мемлекеттің егемен ақпараттық кеңістігін құра алдық па деген заңды сауал туындайды. Мамандар бұл ретте не дер екен?

Досым Сәтбаев, саясаттанушы:

– Бұл арада екі үлкен мәселе бар. Біздің қоғамда билік пен халықтың байланысы өте әлсіз. Салдарынан бай мен кедей сынды екі әлем түзілген, яғни қоғамның өз өлшемі бар, биліктегілердің өз өлшемі бар. Саясаттағылар қарапайым цифрдің өзін нақты көрсетпейді, ал оның нақты еместігін халық біледі, сөйтіп ол цифрға қатысты жұрт өз өлшемдерін жасайды. Бұл – біріншіден. Екіншіден, БАҚ бәсекелестігі жоқ мемлекет басқа мемлекеттің ақпарат жасаушыларына тәуелді болады: біреудің ақпаратын тұтынады, біреудің идеологиясын пайдаланады.2009 жылы Премьер-министр Кәрім Мәсімов «Біздің халық қазақстандық емес, ресейлік кеңістікте өмір сүріп жатқандай» деп бұл мәселені қатты сынға алған. Соған қарағанда бұл мәселеге жоғарыдағылар назар бұра бастаған секілді. Әрине, мемлекеттік қолдауды отандық БАҚ-тың бәсекелестігін арттыруға бағыттау керек. Бұл арада мемлекеттік тапсырыс қағидаты бойынша емес, кімнің рейтингі немесе танымалдылығы жоғары, соған ғана мемлекеттен қаржы бөлу керек.

Жалпы, Қазақстан халқы саяси сауатты. Қазақтілділер қатары күннен күнге артып келеді. Бұл – қазақтілді ақпараттық кеңістіктің артуын талап ететін факті. Осы жағынан алғанда, ресейлік ақпараттық шабуылға тосқауыл жасауға болады.Украинадағы оқиғалар қазақстандықтардың бөтен ақпарат майданының құрбаны бола алатынын танытты. 

Негізінен, ақпаратты басқара алмаған мемлекет қолындағы билікке де ие бола алмайды. Сондықтан бұл мәселені, әрине назардан тыс қалдыруға болмайды. Өкінішке қарай, біздегілер заңмен шектеу арқылы оны шешкісі келеді, ол дұрыс емес, бұл арада ақпарат нарығының, саяси белсенділік бәсекелестігін арттыру керек.

Алғатбек Қыдырбекұлы, халықаралық экономикалық сарапшы:

– Украинада боп жатқан оқиғаларға орыстың көзімен қарап отырғанымыздың өзі Қазақстан медиа нарығының осалдығын байқатады. Салдарынан «Украинадағы украин тілінде сөйлейтіндер — фашистер» деп өз халқымызға еш ұялмастан ақпарат таратып жатырмыз. Бүгін Украинада ақиқатында не боп жатқандығынан көбіміз хабарсызбыз, тіпті мен де. Мұны халықтың сауатсыздығына жабуға болмайды. Қазақстанның әр мемлекетте тәуелсіз тілшісі болуы тиіс. Мен Украинадан тікелей репортаж жүргізген қазақтың тілшісін байқағаным жоқ. Тіпті, біздің БАҚ ондағы жағдайдың астарын нақты түсінетін осындағы мамандардың сөзімен жеткізуге тырыспайды да, масқарасы осы. 

Тәуелсіздік алған жылдан бері қарай біздің шенді-шекпенділеріміздің сыртқа ұрлап шыққан қаражаты бір жылдық жалпы ішкі өнім көлеміне пара-пар келеді екен. Мұны халық білмейді емес, біледі. Бұл арада мәселе — саясаткерлеріміздің айтқан сөзі мен ісінің нақтысында сайма-сай келмейтіндігінде. Сондықтан да ешкім саясатты, шынын айтқанда, өтірікті тыңдауға құлықты емес

Уәлихан Төлешов, саясаттанушы:

– Жалпылай алғанда, Қазақстан халқы сауатты. Оған сөз жоқ. Бірақ бізде бәсекеге қабілеттілігі мықты БАҚ жоқ, оны алға сүйреп шығатын білікті, сөзі өтімді көшбасшы сала мамандар қатары да саябыр. Осындайда халқымыздың санының аздығы байқалып қалады.

Кез келген қоғамдағы жағдайға зиялы қауым дер уақытында үн қосып отыруы керек. Бірақ бізде осы жағы жетілмеген. Не аса сауатты маман жоқ, не сол сауатты маманды БАҚ-қа тарту жағы ақсап жатыр. Бұл арада соңғысы шындыққа жақын деп ойлаймын. Мәселен, телеарналарда жап-жақсы, келелі мәселе көтеріледі, алайда сол араға жиналғандар оны ашып көрсете алмайды, қарның ашып қалады. Ондайда «мыналардың барлығын қайдан жинап алған, ана кісіні шақырса бұл тақырыптың жілік-жілігін шағар еді» деп ойлайсың. Демек, отандық БАҚ сапа жағына онша бас ауырта бермейді. Бас функциясы бойынша міндетіне сүлесоқ қарайды. Әрине, одан кейін халық басқа біреудің медиа нарығы тауарын тұтынуға мәжбүр. Сондықтан ақпараттық саланың тұжырымдамалық бағдарламасынан бастап, оған қойылатын талапты күшейте отырып, қаржыны да аямау керек. Мәселен, шетелде атақты біреудің құпиясын ашатын бір түсірген фотоға 2500-3000 доллар қаламақы тағайындалады. Сол секілді ұлтттық идеологияны насихаттап, халық санасына сіңіретін мықты да, қызықты бағдарламаларға жақсы қаламақы қойылса, біздің тілшілер оны жасап шығады деп ойлаймын. Сол секілді сараптамалық зерттеу орталықтарын арттырғанның орнына, соңғы жылдары оларды қысқартып жатырмыз. Бұл дұрыс емес. Кез келген мемлекетке идеологияны насихаттайтын білімді де білікті тұлғалар әрдайым керек.

Автор: Кәмшат Сатиева

http://alashainasy.kz/politics/51151/