АЛТЫНОРДА
Интервью

Секта құрсақ қайтеді?

 Шолушымыз Ләззат Кемелбаева психолог Лимана Қойшиевадан секта құруға не қажет екенін, деструктивті ағымдардың айла-шарғыларын біліп келді.

– Лимана Құттыбекқызы, Сіз секта құрғыңыз келді делік. Мақсатыңызға жетіп, жұрттың өзіңізге деген сенімін арттырып, оларды соңыңыздан ерту үшін неден бастар едіңіз?

– Әрине, бұл жерде бірінші орында, танымалдылық тұрады. Сосын өзіңді ерекше адам етіп көрсетуің керек. Гипноз әдісін пайдалануға да болады. Жалпы, қарапайым адамдар кез келген нәрсеге сенетіндей құбылыс жасау қажет. Мәселен, Үндістанда өзін құдаймын деп жариялаған белгілі гуру Саи Баба деген болды. Кезінде жұрттың барлығы соған сеніп, есіңізде болса, қарапайым адамдардың өзі Үндістанға ағылып жатты. Қазір өзі өмірден өтсе де, оның соңынан ергендер әлі бар. Сол Саи Баба жұртты соңынан ерту үшін қарапайым ғана фокусниктердің тәсілін жасап, иллюзионистердің әдісін пайдаланды. Ойда жоқта сақина жасау немесе құлағынан жұмыртқа шығарып, ақша алу деген сияқты иллюзионистердің тірлігімен халықты таңғалдырды. «Бұл шын мәнінде құдай, мұндай нәрселерді тек құдайлар ғана жасай алады» дегенге халықты сендірді.

–  Ал мұндайға кімдер сенеді?

– Күйзелісте жүрген жаны жаралы адамдар бірден сеніп қалады. Қоғамға өзін керексіз сезінген адамдарды олар да бірден таниды. Секталардың торына түсетіндер де өз-өзіне бағасы төмендер. Көбіне өзіне деген сенімі төмен, өзін бағалай алмайтын адамдар өзге жерден жылу іздейді.

–  Секталар адам санасын жаулау үшін психология саласының жетістіктерін пайдалана ма? Кәсіби маман ретінде, олардың жұмысынан психологияның қандай әдістерін байқадыңыз?

–  Бұған бір ғана мысал айтайын. Діни орталықтардың жиынында болғанымда бір діни ағым басшысының сөзі қатты әсер етті. «Бізде өте мықты кәсіби психолог мамандары жұмыс жасап жатыр» деді ол. Демек, олар өздері де мойындап отыр. Оларда психолог мамандарының бар екенін. Қазір бізде ақылы психологиялық курстар өте көп. Ақшасын төлейсіз, бітті. Сізді кез келген орталықта гипнозшы, иллюзионист етіп дайындап шығарады. Міне, біз осыған тосқауыл қоюымыз керек. Кезінде, гипнозшы, иллюзионист адамдар арнайы тізімде тұратын. Яғни, олар қалаған уақытында кез келген жерде ерекше қабілеттерін пайдалана алмайтын. Арнайы қол хат бергеннен кейін олар өздеріне жауапкершілік алатын. Ал қазір ақшасын төлейді де кез келген адам жасай береді.

– Баяу ырғақты әуен, гармониялы қимыл, жағымды дауыс… Осы айтылғандардың секталарда кездесуі кездейсоқтық па, әлде заңдылық па?

–  Бұл кездейсоқтық емес. Мұның барлығы гипноздық медитация. Үнемі монотоyды дейді ғой, яғни бірсарынды музыка адамның психикасын тыныштандырады. Адамды балқытып, ұйықтатып, жаны жайланады. Бұл – гипноздың бір түрі. Демек, сіздің айтып отырған музыка, қимыл-қозғалыс … барлығы да сектаның заңында бар.

–  Қалай ойлайсыз, қарапайым адам теріс ағым өкілдерінің уағыздарын логикалық жолмен әшкере етуі керек пе, әлде «сезуі» керек пе?

–  Жалпы, адамның өзіндік пікірі, көзқарасы болуы керек.  Мәселен, батыс елдерінде мектеп жасынан бастап баланы өзіндік пікір қалыптастыруға үйретеді. Ал бізде: «апай айтты, мұғалім айтты немесе ата-анам солай деп айтқан», деп, соны заңды түрде қабылдаймыз. Ал шын мәнінде олардың да қателесуі мүмкін. Сондықтан біз де баланы ерте жасынан бастап өзіндік пікір қалыптастыруға үйретуіміз керек. Біздің мәдениеттілігіміз сондай, алдымызға үлкен адам келіп сөйлеп тұрғанда, сөзін бөліп, тастап кетуге ыңғайсызданамыз. «Жоқ» деп айтуға қимай, соны ұйып тыңдап тұрамыз. Әрине, тыңдауын тыңдағанмен, біз соған дұрыс баға бере білуіміз керек. Адамның ішінде кез келген нәрсеге сүзгісі дайын болуы керек. Не нәрсені де сүзгіден өткізе білуіміз қажет. Балаларды соған тәрбиелесек, балалар да көрінгеннің уағыына еріп, соның жетегінде кетпейтін болады.

– Секталарда әшкере болып жататын дәрілер мен қоспалар қайдан келеді? Тіпті олардың фармацевт жалдап жасатуы да мүмкін бе?

– Жәй ғана мысал келтіретін болсам, бас немесе тіс ауырғанда қабылдайтын қарапайым шөп-дәрілер бар. Ал енді соны артығымен пайдаланса немесе 2-3 түрін бір-біріне қосып ішсе, адамға басқаша әсер ететінін фармацевт түгілі қарапайым адам да біледі. Мысалға, адамның жадын қайта қалыптастыратын немесе жадын мүлде жоғалтатын шөп дәрілер бар. Бірақ мұның бір жерге емі болса, бір жерге зияны бар. Біз көбінесе осыған мән бермейміз. Ал шын мәнінде мән беруіміз керек. Сосын бізде денсаулық сақтау министрлігінің сатуға арнайы рұқсат қағазын алмаған, заңсыз дәрілер өте көп сатылуда. Біреуі жасарамын деп, енді бірі арықтаймын деп ішеді. Дегенмен, оның сатуға рұқсаты бар ма, жоқ па ол жағын тексеріп жатқан жоқ. Дәрінің құрамына да қарамайды көбісі. Ал мұны әлгі ұйымдар өз қажетіне әдемі пайдаланып отыр. БАД дейміз ғой, яғни тағамға қосымша биологиялық белсенді қоспалар. Міне, осы БАД-тар арқылы кез келген ұйым адам ағзасын сол дәріге тәуелді етеді. Санасын улап, жадын да біртіндеп өшіре алады. Мұндай биологиялық белсенді қоспаларды олар өздері жасайды. Фармацевт жалдап дайындауы да ғажап емес.

–  Әңгімеңізге рахмет.

Біз психолог мамандарына 1990-жылдары жұртшылыққа тез арада танымал болған киевтік «Белое братство» сектасы басшыларының бірінің бейнеролигін ұсынып, видеоға кәсіби тұрғыдан сараптама жасап беруін өтінген едік. Сіздің көзіңізге түспеген кейбір дүниелерді кәсіби психологтар қалай байқады екен?   

Лимана Құттыбекқызы, «Рухани қоғам әлемі» психологиялық орталығының басшысы:

   «Өзін Виктория Преображенская деп таныстырған ханым осыдан біраз бұрын Украинада атышулы секта құрып, кейіннен түрмеде отырып шыққан Марина Цвигунның нақ өзі. Кезінде өзін дүниеге қайта келген Мария Дэви Христоспын деп жариялап, халықты адастырды. Өзін Клеопатраға теңеп, соған еліктейді. Видеода ол өзін құдайдың жалғастырушысы, жер бетіне қайта жіберілген құдайдың ерекше адамы ретінде насихаттайды. Ал адамның бірнеше рет өзгеруі, ауру адамның сандырағы. Бұл жердегі маңызды нәрсе – үкіметке, билікке қарсы айтылған сөздері.  Мәселен, балаға екпе жасауға (прививка) мүлде болмайды дейді. Бұл жерде ол адам санасына сыймайтын дүниелерді айтып отыр. Оның сөзіне сенсек, екпе арқылы сенің қаныңа қандай да бір ДНК жасайды. Сол арқылы чип шығарып, сол чип бойынша сенің қайда жүргеніңді, не ішіп не жегеніңді, не айтқаныңды, жалпы сенің бүкіл өміріңді бақылап отырады. Сөйтіп, сен үкіметтің ойыншығына айналасың дейді. Тіпті, бір сөзінде Еуропаның белгілі саясаткерлерін бауырмен жорғалаушылар тобына қосып, бақа-шаян, құрт-құмырсқаға теңейді. Танымал тұлғаларды рептилии–адамдар, яғни рептилоидқа теңеп, «оларға санасы қара адамдар бұйрық беріп отыр. Ал біз жоғарыдан түскен санасы ақ, таза адамдармыз» деп түсіндіреді».       

Динара Ибрагимова, Астана қалалық әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығының психологы:

Бейнероликте сөз сөйлеу мәнерінен шизофрениялық бұзылыстарды байқадым. Өйткені, шизофрениктерде бір тақырыпты аяқтамай, келесі тақырыпқа өту деген болады. Мұнда да, дәл сондай жағдай. Яғни, ойын нақты аяқтамай, келесі ойға ауысып кетеді. Сол сияқты ән айту мәнерінде түсініксіз сөздерді қайталау арқылы адамды шатастырады. Бұл жағдай адамның логикалық ойлау қабілетін тез «жейді». Адам логикалық ойлаудан айырылған кезде, сөз арасында оған керекті «қондырғыларды» салып жіберуге болады. Негізі шизофрениктердің сипаттамасына келсек, біріншіден, олар өлең шығара бастайды. Тіпті, өлеңдері шектен шығып, қалыптан асып та кетеді. Сол сияқты түсініксіз бейнелердің картиналарын салу да шизофренияның бір белгісі. Яғни, ондай адамдар шығармашылық жақтан өздерін керемет сезінеді. Ал бір өлеңнің мәтінінен аңғарғаным, онда топтық секс насихатталады. Бір әйел адам мен бірнеше ер адамның бір уақытта қарым-қатынасқа түсуін қалыпты жағдай деп есептейді. Әрине, мұны ашық түрде айтпағанмен, өлеңі арқылы астарлап жеткізеді. Сондай-ақ салған суреттеріне келсек, онда адамды арбайтын боуялар пайдаланған. Өйткені, көгілдір, көк-жасыл түстер адамның көзіне жағымды, бір жағынан тыныштандыратын түстер. Яғни, түрлі-түсті картинаны көрсету арқылы олар адамның жанын тыныштандырып, қажетті ақпаратты тыңдауға дайындайды. Мәселен, бейнероликтің  космос сияқты басталуы да бекер емес. Яғни, мұны көргенде адам өзін ерекше бір дүниеге түсіп кеткендей сезінеді. Видеоның уақыты да қысқа емес. Бір жарым сағаттан аса уақытты алады. Бұл да жайдан-жай емес дер едім. Бір жарым сағат бойы бір тақырыпты қайта-қайта тыңдаған адамның санасына ол тақырып жатталып қалады».  Әйгерім Нығметова, «Рухани қоғам әлемі» психологиялық орталығының психологы:

«Негізінен кез келген діни ағымды басқаруға психопатиялық бұзылысы бар адамдар арнайы тағайындалады. Яғни, ондай адамдар бір идеяға қадалып қалады да, соны әрі қарай асырып, дамыта береді.

Ал есі дұрыс адам ондайға бармайды. Тек психотапиялық бұзылысы бар адам ғана соған сенеді және басқаларды да сендіре алады.  Жалпы, оларды тек халық алдында әдемі сөйлеуге бағыттайды. Мұндай адамдар алдын ала  дайындалады. Виктория Преображенскаядан да соны байқауға болады. Оның психикалық әлсіз екені, шизофреник екені айқын аңғарылады». 

БАЙҚА, ОҚЫРМАН!

Психологтардың назарына бейнероликті ұсынып, олардың пікірін тыңдау барысында қызықты дерекке тап болдық. Астана қалалық әкімдігінің дін проблемаларын зерттеу орталығы КММ психологы мүлде біз күтпеген әңгімені бастап, тосын дерек айтты. Сөйтсек, атышулы секта бүгінде жұмысын сәтті  жалғастырып жатқан көрінеді. Тек бұл жолы өздерін секта деп жарияламай, желілік маркетинг түрінде мақсатын жүзеге асыруда…

«Жуырда Астана қаласында Фермион деген желілік компанияның жиналысына қатыстым. Бейнероликте көрсетілген кейбір белгілер сол желілік компания белгілерінде де кездеседі. Жиынға қатысушыларға Мәскеуден келген арнайы өкіл дәріс оқыды. Айтайын дегенім, сол кісінің сыртқы киіміне тағып алған төсбелгісіндегі (брошь) бейнені видеотаспадан көзім шалды. Бір қызығы, әлгі Фермионның жиынында да адамның космос арқылы дамуы насихатталған еді. Сондықтан, мен, дәл осы Фермион киевтік атышулы сектаның екінші кезеңі деп айтар едім»— дейді психолог Динара Ибрагимова.

http://aynaline.kz

Сурет aynaline.kz сайтынан алынды