Тосыннан қойылған осы сұраққа әдетте жасы үлкен адамдар әкесінің жақсы қасиеттерін санамалап, құлшына жауап берсе, балалар жағы мүдіріп қалады екен. Неге? Азды-көпті ғұмырында тіршіліктің жақсы да, жаман да жақтарын көріп, ой түйген, өздері де талай қателесіп, өзгенің де қателіктеріне кешіріммен қарай алатын жасқа жеткен жандар бөгде адамның алдында өз өмірінің көлеңкелі жақтарын көрсетпеуге ұмтылатыны хақ. Ал жандары нәзік, жүйке-жүйесі әлі шыңдалмаған бүлдіршін, жасөспірім, тіпті кәмелетке толған ұл-қыздарымыздың біразына бұл сұрақ жайсыз тиетіні жасырын емес.
«Өтірік айтуға болмайды» деп үйрететін өзіміз. Сол тәрбиені бойына сіңірген соң, шындықты бұрмалағысы келмейді. Намыстанады. Қиналады. Өкпесі де бар. Ақыл мен сезім тайталасып, кібіртіктейтіні, қиналатыны, тура жауаптан жалтаратыны содан. Оның сырын білу үшін ресми деректерге үңілсек, біраз жайға қанық боламыз. Қазақстан Республикасы Статистика агенттігінің соңғы халық санағынан кейін шығарған қорытынды деректеріне жүгінсек, елімізде 452730 отбасында 719248 бала әкесіз өсіп келеді екен. Әрине, бұлардың арасында әкесінен оның қазасына байланысты айырылған, яғни әкесінің бейнесін сағына сүйіп жүрген балалар да бар. Дегенмен осы цифрлардың ішінде жоғарыдағыдай сауалға әкеге деген өкпеден, реніштен жауап бере алмай, мүдіріп қалатындардың саны басым екендігін және жоққа шығара алмаймыз.
«Әке-шеше болу да — сынақ қатал» деп жазады «Бала» деген өлеңінде ақын Фариза Оңғарсынова. Жоғарыдағы деректен әкесіз өсіп келе жатқан балалар санын көргенде отау тігіп, отбасын құруға ұмтылған жігіттеріміз алдарында осы өлеңде айтылатын сынақтың бар екенін біледі ме екен деген ой келеді. Сүйген жандарының көңілінен шығу үшін әлденешінші қабатта тұратын қыздың терезесінен гүл ұсынатын, асфальт жолға мың сан гүлден «сүйемін» деп жазып, ол сөзін телефонмен мың қайталайтын, айтып-айтпай не керек, көңілі қалаған аруының жүрегіне жол табу үшін небір қауіп-қатерге де бас тігетін жігіттер әке болу сынағына қаншалықты төтеп бере алады? Өмір тәжірибесіне сүйенсек, жоғарыдағы деректер алдымыздан шығады…
Оған қоса, қылмыс жасап, темір торға түскендердің, босап шыққан соң барар жер, басар тауы болмай, тағы да жағымсыз ортаға тап болатындардың басым көпшілігі отбасы жылуын, ата-ана мейірімін сезінбей өскен-дер, — дейді зерттеушілер. Жалпы, әлеуметтік, психологиялық себептер жиыла келгенде, негізгі себеп бәрібір отбасына келіп тіреледі. Әке-шеше мейіріміне шомылып өспеген жандарды әке-шеше болудың терең жауапкершілігін түсінбеді деп кінәлау қаншалықты орынды?
Бірде ұзақ жылдар бойы қылмыскерлер контингентімен жұмыс істеген психолог маманның шалыс басып, жас өмірін абақтыда өткізетін адамдардың психологиялық азғындауы туралы сұхбатын тыңдаудың сәті түсті. Өкініштісі сол, жасы жетпей қылмысты болып, төбелесіп, суық қару пайдаланып, мылтық атып істі болған жігіттердің көпшілігі өздерінің еркек екендігін дәлелдеу үшін сондай қадамдар жасайды екен. Оларға жастайынан өз өмірімен өнеге болып, еркек болу — біреуге қысастық жасаумен, қорлық көрсетумен, басынумен, қорқытып-үркітумен өлшенбейтінін түсіндіретін әке болмауының салдары осыған келіп тіреледі деді.
Бұл жерде «әке болмауы» деген ұғымды олардың қайтыс болғаны деп түсінбеуіміз керек. Әке бола тұрып, әкелік жауапкершілігін түсінбегендер де сол санатқа жатады. Және олардың әлемнің қай бұрышында да кездесетіні өкінішті. Таяуда «The Daily Mail» агенттігі әкелердің ұлдарына күнделікті қанша уақыт бөлетіндігін анықтау үшін жүргізілген зерттеу қорытындысын жариялады. Мамандар бірге ойнау, спортпен шұғылдану, бірге киноға бару және кітап оқу әке мен ұл баланың арасында тығыз байланыс орнығуға әсер етеді деген өлшемдер негізде сауалнама жүргізген. Мына қызықты қараңыз: сауалнамаға қатысқан әкелердің 18 пайызының ұлына күніне 15 минут қана уақыт бөлуге мұршасы бар екен, соның ішінде 44 пайызы бұған себеп ретінде жұмысбастылығын атапты. Үштен бірі өзара қатынастарын телефон арқылы реттейтінін, ал 20 пайызы «sms» жазып отыратынын айтқан. Бұл әкелер де ұлын тәрбиелеуге көңіл бөле алмауына жұмыс бабындағы қиыншылықтар немесе қаржылық мұқтаждықтары себеп болды дегенді желеу етеді.
«Жұмыстан шаршап келдім» деп сылтау айтатын ағайынның бізде де жетіп-артылатынын кім жоққа шығара алады? «Жұмыстан шаршағанын» сылтау етіп, ата-аналар жиналысына (не баласымен бірге ағаш отырғызуға, қар тазалауға, жорыққа…) барғаннан гөрі, теледидардың алдында демалғанды жақсы көретін бауырларымыз еске түседі. Оларды көріп өскен ұлдарының еркек болудың жөні осы екен деп, үлгі ретінде қабылдайтынын неге ойламаймыз? Оған мысалдар аттап басқан сайын кездеседі емес пе?
Ойды ой туғызады. «Әкесіздік» тақырыбын індете қазып жүріп, әке болу сынағынан өтпегендерді өзімізше топтадық.
Бүгінгі таңда әкелері бала тәрбиесіне «бастарын қатырмаса» оларды тек отбасын тастап кеткен деп түсіндіру жағдайды дәл сипаттамайды. Олардың қатарына үйінде жүрсе де ішімдіктен басқаны білмейтіндерді, не жұмыс жоқ, не үй тірлігіне пайдасы жоқ «теледидар алдының тұрақты тұрғындарын», тіпті ертеден түн жарымына дейін «жұмыс істейтіндіктен» балаларын ұйықтап жатқанда ғана көретін әкелерді де қосуға болады. Алғашқы үш санатқа жататындарды: жауапкершілікті сезінбейтін, ерік-жігері жоқ, масыл деп сипаттап, көп айтылып, көп жазылды. Ал соңғы тип — қазіргі заманның жемісі. Бірақ бұлар алдыңғылардан еш артық емес. Себебі олардың арасында бала тәрбиесіне «басын қатырмау» үшін, ал әлдеқандай жағдай бола қалса «мен материалдық тұрғыдан қамтамасыз еттім, сен не бітірдің?» деп, жауапкершілікті әйелінің мойнына іле салу үшін саналы түрде «жұмысбасты» болып жүретін әкелер де кездеседі екен.
Иә, солай. Әкелері ас та төк тамақпен, киіммен қамтамасыз етіп отырса да, тіпті астына қымбат көлік мінгізіп қойса да, ондай ер баланың біздің ұғымымыздағы отбасының қамқоршысы, арқа сүйері, ұл-қызы өнеге тұтар адам, бір сөзбен айтқанда, нағыз еркек болып қалыптасуы неғайбыл. Таяуда ғана қылмыстық хроникада берілген хабар біздің осы ойымызды нықтай түседі. Алматының ең беделді жоғары оқу орнында оқитын студенттердің төменгі курста оқитын студенттен ақша бопсалап, «салықты» алуға шетелдік қымбат көліктермен келгені және араларында аты танымал кісілердің балалары болғаны — ол әкелердің тәрбие беруге «бас қатырмайтынының» бір дәлелі емес пе?!
Тәрбие отбасынан басталады. Бұл да — дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Күні кеше ғана, наурыз айының басында әйелдер өкілдерімен болған кездесуінде Елбасымыздың «Анаға тағзым күні» мерекесімен қатар, «Мерейлі отбасы» деген атақ белгілеу туралы ұсынысында елімізде әкеден — ұлағат, шешеден — қасиет даритын отбасыларды көбейту ниеті жатыр. Осы ретте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мектеп оқушылары мен студент жастардың бойында отаншылдық, рухани-имандылық қасиеттерді тәрбиелеу бағытында жоспарлы түрде жүргізіп отырған жұмысы туралы айту парыз. Ұлттық комиссия жұмысында отбасылық құндылықтарымызды жаңғыртуды көздейтін, соның ішінде әке беделін арттыруға бағытталған іс-шаралардың орны бөлек. Облыстық комиссиялардың қолдауымен 2010 жылы отбасындағы әкенің орнын, бала тәрбиелеудегі әке рөлінің маңызын ашып көрсету мақсатында еліміз өңірлерінде алғаш рет әкелер слеттері өткізіле бастады. Жер-жерлерде «Үлгілі әке», «Өнегелі отбасы», «Әкелер сайысы» сияқты байқаулар өткізіліп, мақтаулы әкелер бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен насихатталды. Сый-құрметке бөленіп, түрлі марапаттарға ие болды.
Іс-шараларды өткізуде әр өңір өзіндік ерекшелігін паш етуге тырысты. Солардың бірі — Қызылорда облысында осы бағытта жүргізіліп отырған игі жұмыстарға өзіміз куә болдық. Елдің демографиялық өсіміне облыстың елеулі үлес қосып отырғандығын ескерсек, отбасы берекесі сақталып, әке ұлағаты мен ана қасиетінің ұрпақ бойына сіңуіне облыс әкімі жанындағы әйелдер істері, отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның (төрайымы — Р.Ахметова) сіңіріп отырған еңбегі ауыз толтырып айтарлықтай екен. «Шаңырақ» клубы, көпбалалы аналар одағы сияқты қоғамдық бірлестіктердің ішінде бізді елең еткізгені облыстық әкелер кеңесі, соның ішінде «Жалғызбасты әкелер одағы» болды.
Арқа сүйер азаматтармен таныстырып, кім-кім де мақтана алатын іс-шараларын көрсете жүріп Рахима Ахметова ең әсерлі іс-шараны кездесу соңына қалдырыпты. «Жалғызбасты әкелер одағы» облыстық балалар құқықтарын қорғау департаменті (директоры — А.Қаржаубаев) аясында құрылыпты. Жас та болса, Арман Молдабайұлының өзі облыстық әкелер кеңесінің төрағасы екен.
Жасыратыны жоқ, қазақшылықтың қаймағы бұзылмаған, яғни атом ғасырында да менталитеті жүз жыл бұрынғыдай сақталған өңірде мұндай атаумен одақ құрудың өзі көзсіз ерліктей көрінді. Кездесуге баруға асықтық.
Кездесудің бірінші бөлігі департаменттің ұйымдастыруымен қала мектеп оқушылары арасында өткізілген «Менің әкем — керемет!» балалар суреті көрмесін тамашалаудан басталды. Міне, құрылысшы каскасын киген әкенің суреті. Міне, үстел басында отырған әке. Тағы бір әке полицияның ала таяқшасын көтеріп тұр. Енді біреуі әдемі көлік мініп кетіп барады. Бір бала әкесінің әскери борышын өтеп жүрген кездегі портретін салыпты. Қанша сурет — сонша бейне. Ең қуаныштысы, бәрінде де «Менің әкем — керемет!» деген жазу тұр.
Байқау жеңімпаздарын марапаттау кезінде бір ой қылаң берді: онсыз да бірен-саран өзге ұлт өкілдерінің балаларын әкелері алып келіпті. Өздерінің бейнелерін көріп, мәз болып күліп, балаларын құшақтап, сүйіп жатты. Біздің бауырлар ата-аналар жиналысына бармайтыны сияқты, мұнда да төбе көрсетпеді. Сондықтан әке бейнесін сомдаған көрмені де қызықтаған жоқ, әке атын асқақтатқан ән мен күйді де естіген жоқ, әрине. Сол жандар, баласының мақтау естіп, марапат алғанын көзбен көруге уақыт таппаған әкелер, көп нәрседен құр қалғанын, бала мен әке арасында орнығатын ерекше қарым-қатынастың маңызды буынын өткізіп алғандарын сезбеген де болар…
«Жалғызбасты әкелер одағының» белсенді мүшелерімен кездесу көп жайды аңғартты. Мұнда патронат әке де, балаларын талай жылдан бері бір өзі тәрбиелеп келе жатқан әке де, жалғызбастылықтың ащы дәмін енді татқан әкелер де бар екен. Бәрі де салмақты, сөздері орнықты, айтып отырса, үйлеріндегі шаруалары да нақпа-нақ. Патронат әкенің жөні бөлек — өз балаларына қоса, өзгенің балаларына жүрек жылуын төгіп отырған әке жарқылдап сөйлеп, ұл-қызының жетістіктерін желпіне айтты.
«Бала — бауыр етің» деп бекер айтпаған ғой, балалардың жетістіктері туралы тақырып әкелердің өңін бірден өзгертті. Біреуі қызы қалалық волейбол командасында ойнайтынын, екіншісі ұлының Қарағандыда өткен әскери жекпе-жек сайысынан оралғанын, үшіншісі таяуда ғана өнерпаз балаларын теледидардан көрсеткенін айтып жатыр.
Тағдыр соққысы қанша қатты тисе де, құлата алмаған жандардың күн қаққан жүздеріне балаларының кішкентай жеңістері күлкі үйірілтіп, ашыла сөйлесті. Кейде көрген қиындықтарын айтып, бір-біріне жөн сілтеп қояды. «Коммуналдық қызметтер үшін ақы төлеуге барсам өңкей әйелдер, шу-шу етіп, «еркек басыңмен мұнда неғып жүрсің?» деп, әрі итеріп, бері итеріп, есімді шығарып жіберді» дейді біреуі күле сөйлеп. «Білмейді екенбіз ғой, ми ашытып жіберетін ұсақ-түйек шаруа көп екен» дейді екіншісі бас шайқап. «Қолда барда алтынның қадірі жоқ деген осы» деп ой түйеді үшіншісі. Ең бастысы, әкелер жыланып, алақан жайып, ештеңе сұрамады. Бәрін бір жай — балаларының білім алуы, бір кәсіпті меңгеруі толғантатыны көрініп тұр. Уақытша жұмыстармен күн көру қиындығын, мүмкін болса, тұрақты жұмысқа тұруға көмектесуді өтінген әкеге Р.Ахметова көмектесуге уәде берді.
К.ӘЛПЕЙІСОВА,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия консультанты, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
www.atazholy.kz