АЛТЫНОРДА
Новости

Сергек сезінудің сыры — Ежелгі Қытай дәрігері Хуа Тоның ұйқы туралы айтқан кеңестері

0023ae9bcf230f6ea07826АСТАНА. ҚазАқпарат — Адам өз өмірінің үштен бір бөлігін ұйқымен өткізеді. Ұйқы — белсенді түрде жүретін психикалық және физиологиялық үрдіс. Ұйқы кезінде ми күндізгі алған ақпараттарды асықпай талдап, өңделіп, ықшамдалған мәліметтерді сақтап қалады. Керек емес ақпаратты өшіріп, алынған ақпараттарды өзара байланыстырады.
Ұйқы арқылы ағза өзінің жұмыс істеу қабілетін қалпына келтіреді. Жасушалар қоректік заттарды белсенді түрде пайдаланып, энергия жинақтайды. Ұйқының белгілі бір уақытында мидың белсенді қызметі күндізгіден де артатыны анықталды. Адам ағзасы ұйқы арқылы тынығады, өзін ширақ сезінеді, еңбек етуге деген құштарлығы артады.

Бүгінгі ғылыми зерттеулер адамдардың жас шамасына қарай қанша сағат ұйықтау керектігін төмендегідей тұжырымдаған. Жаңа туған нәресте тәулігіне — 21-22 сағат, алты айлық нәресте 14 сағат, бір жасар сәби 13 сағат ұйықтайды. Төрт жасар сәби тәулігіне — 12 сағат, жеті жасар бала — 11 сағат, он жасар бала — 10 сағат ұйықтайды. 15 жасар жасөспірім тәулігіне — 9 сағат, 17 жасар жасөспірімдер 7 — 8 сағат ұйықтаса да жеткілікті. Ғалымдардың ортақ пікірі бойынша ересек адамдар үшін 7 мен 9 сағат ұйқы керек.

Қазіргі ғылым ұйқының адам денсаулығындағы маңыздылығы туралы сан түрлі зерттеу тұжырымдарын жариялап отыр. Бірақ адамдар тиімді ұйқының осы қағидаларына бағына бермейді. Біз мақаламызда ұйқының ерте замандардан бері зерттеліп жүрген тақырып екенін айта отырып, ежелгі Қытай тарихындағы үздік 10 дәрігердің бірі Хуа Тоның (б.э. 145-208) ұйқы туралы айтқан дәрігерлік кеңесін ұсынуды жөн көрдік.

Хуа То — Қытайдың ежелгі тарихындағы аса танымал тұлғаларының бірі. Ол өз заманының білікті дәрігері болумен қатар, медицина ғылымында көптеген жаңалықтар ашқан ғалым. Дәрігер Хуа То — хирургиялық операция кезінде ауру сезімін болдырмайтын алғашқы наркозды шөптер мен шөп тамырларынан жасап, өзі емдеген ауруларға пайдаланған әлемдегі тұңғыш адам. Ал, батыста наркозды 1846 жылы ағылшын тіс дәрігері У. Мортон ота жасау кезінде алғаш қолданды. Сонымен бірге Хуа То сол заманның өзінде-ақ, бес аңның ойынын сипаттайтын «У цин си» атты емдік гимнастиканың негізін қалаған.

Ендеше, осы адамзат өркениетінің кемелденуіне өзіндік маңызды үлесін қосып кеткен Қытай ғұламасының ұйқы туралы айтқан ұлағатты кеңесіне құлақ түріп көрелік.

Адамдар ерте тұру уақытын таң шеті сөгілген мезетке (03:00-5:00 аралығы) туралағаны жөн. Бұл кезде қамығуға, ашулануға болмайды. Олай болғанда өкпе мен бауырға зақым келеді. Осы уақыттарда ояна алсаңыз күндіз бір күн бойы сергек жүресіз.

Түскі кез, яғни сағат 11:00-13:00 аралығы, жүрекке қуат жеткізілетін уақыт, бұл мезетте ұйықтауға мұрса болмаса, 15 минут жайланып отырып, көзді жұмып жүйкені тыныштандырсаңыз, жүрек қуатыңыз толық болмақ. Жүрек ауруы барлар әр күні осы екі уақытта ұйықтауды ұмытпаса, дене қуаты күн сайын артады, жүрек қағуы қалыпқа түседі. Ал, дәл түс мезгілінде көзді жұмып 3 минут ұйықтау екі сағат ұйықтағанмен тең.

Жарым түн (түн ортасы: сағат 23:00-ден 01:00 аралығы). Шындығында жаңа бір күн түнгі сағат 00-де емес 23:00-де басталады. Біз сағат 00-де басталады деп ағат түсініп жүрміз. Бауырдың бір ерекшелігі, адам жатқанда қан қайтады, отырсаң, тұрсаң басқа мүшеге қан жібереді. Бауыр мен өт екеуі ағайын, бірі аға, бірі іні секілді. Сағат 23:00-де өт қан жолы ашылады, егер ұйықтамасаңыз, өт қуатын зақымдайды. Іштегі 11 мүше өт қуатына сүйенеді, өт қуаты әлсіресе, ішкі мүшелердің барлығының қызметі әлсірейді, зат алмасуы, иммунитет кемиді.

Түн ортасындағы 5 минуттық ұйқы 6 сағаттық ұйқының демалысын сыйлай алады. Сондықтан, ұйқысы қашып жүргендер немесе түнделетіп жұмыс істейтіндер, жарым түнде уақытын бөліп жарты сағат ұйықтап алса, денсаулығына түсетін артық қысымды жеңілдететін болады.

Адам бір түнгі ұйықтамаудың зиянын 100 күнде толықтай алмақ емес. Бір түн ұйықтай алмасаңыз, жаңа клетка жасалмайды. Күндіз бір миллион клетка жойылып, түнде 500 мыңы ғана толығатын болса, денеңіздің қуаты әлсірейді.

Түн ауған кезде (түнгі сағат 01:00-03:00 аралығы) бауырдың қан жолының қызметі арта түседі, бұл кезде ұйықтамасаңыз, бауыр улы заттарды аластай алмайды, таза қан жасай алмайды. Қанның қордалануы жетерсіз болу себебінен адамның өңі көгеріп тұрады, уақыт ұзара келе бауыр ауруларына оңай шалдығады.

Тамақ іше сала шалқалап жатпаңыз. Төсекте жатып келешек істерін ойламаңыз. Жатқаннан кейін, бар ойдан арылып, еркін тыныс алу керек. Санаңызға сансыз ой оралып, тынышыңыз кетсе, төсекте аунақшып жата бермеңіз. Бұл адам жүйкесін мейілінше тоздырады. Мұндайда біраз түрегеліп отырып барып жатқаныңыз жөн.

Дәргер Хуа Тоның артында қалдырған, бұл сияқты тағылымды ғылыми кеңестері өте көп. Оның 2 мың жылға жуық уақыт бұрын айтқан дәйекті сөздері қазіргі ғылым ашқан ой-тұжырымдармен астасып, сабақтасып жатыр.

Бақытжол Кәкешұлы

http://www.inform.kz/