Астана. 10 қыркүйек. Baq.kz – Серік Сәпиевтің қатысуымен «Жігіттер оқиғасы» телехикаясы түсірілуде, деп хабарлайды 24.kz
Халық арасында «Жаным» телехикаясымен белгілі «Астана телефильм» кинокомпаниясы бұл жолы ер адамның болмысын ашатын «Жігіттер оқиғасы» атты фильм түсіруде. Басты рөлдерді еліміздің белгілі актерлері мен танымал азаматтары ойнайды. Шығармашылық топтың айтуынша, бұл фильм бұдан бұрынғы түсірілген телехикаялардан өзгеше болмақ.
Фильмнің желісі бала кезден бірге өскен 4 жігіттің тағдыры 4 тарапқа бөлініп, жылдар өте қайта бір арнаға тоғысуы арқылы өрбиді. Фильмде махаббат, сатқындық, жазатайым жағдайларға тап болған оқиғалар суреттеледі, бірақ, ең бастысы «достық» ұғымы фильм өзегіне айналған.
Телехикаяға тәжірбиелі актер және тележүргізуші Жан Байжанбаев, Азамат Шарғынбаев сынды азаматтармен қатар бокстан Олимпиада чемпионы Вел Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев түсуде. Олимпиада чемпионы жұмыс кестесінің тығыз болуына қарамастан, достық пен отбасылық құндылықтарды насихаттайтын фильмге түсуге бірден келісім берген.
Серік Сәпиев, Лондон Олимпиадасының чемпионы:
— Фильм сценарийі мені қызықтырды. Мұнда спорт, соның ішінде бокс жақсы дәріптеледі. Сонымен қатар мен мұнда өзімді ойнаймын. Бұл – менің киноға алғаш түсуім. Әрине, бастапқыда қатты қобалжыдым. Бірақ әр дубль сайын камера алдындағы қорқынышым сейіліп келеді.
Қазақ және орыс тілдерінде шығатын 15 сериялы «Жігіттер оқиғасы» телехикаясының түсірілімі тамыз айында басталған болатын, бүгінгі күні соңғы сериалары түсірілуді. Туындын «Хабар» телеарнасынан қараша айында көрсетіледі деп жоспарлануда.