АСТАНА. 6 ақпан. BAQ.KZ — Өмірбаяны да, өнері де күрделі ойшыл ақын, ұлтымыздың ар-ұжданының қастерлі қорғанын сөзімен соғып, қасиетті ізімен қорып кеткен абыз Шәкәрім Құдайбердіұлы туралы жарияланған еңбектердің саны мен сапасы артып келе жатқаны қуантады. Расын айтқанда осы еңбектердің көбін әдебиеттанушылар, философтар, тілшілер қауымы атқарғаны анық. Ал қолымызға келіп түскен сиясы кеппеген еңбектің авторы кәсіби тарихшы, белгілі этнолог маман болуымен ерекшеленіп тұр. «Шәкәрім» атты ғылыми -танымдық бұл зерттеу «Ұлы дала тұлғалары» сериясы бойынша жарық көріпті. Еңбектің авторы – ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Сыдықов. Көлемі жиырма жеті баспа табақ зерттеу алты бөлімнен, отыз бір тараушадан, аңдату мен соңғы сөзден, Шәкәрімнің өмірі мен шығармашылығының негізгі кезеңдерін қамтитын анықтамалықтан құралған.
Ғалым Е.Сыдықов даланың даңғайыр тұлғасы, тұңғиық ой тербелісі сахараның сағымындай мұнарлы Шәкәрім феноменін тарихшының көзімен ашуға жол салады. Зерттеудің әдіс-тәсілі де, жүйе-жүлгесі де, құрылымы мен мағыналық бірлігі де осыған саяды. Еңбекті бір сөзбен «Шәкәрім: тарихшының көзімен» деп атауға да болатын секілді. Әрбір тарау мен тараушаны жеке оқысаң да, тұтас еңбекті түгел парақтасаң да, ақиқатқа қырағылықпен іздеу салынады, ол үшін бұлтартпас деректер мен қыруар фактілер алға тартылып, осы ізденістердің нәтижесінде Шәкәрімнің тау-тұлғасы бүгінгі оқырман қауымға кәдімгі сырлас замандасындай сыр ашып жақындай түседі. Яғни автор Шәкәрім тұлғасын адам-табиғат-қоғам үштігінің бірлігі тұрғысынан зерделеп, ар ілімін іздеген азапты абыздың жан әлемінің күрделі болмысы мен астарын оқырманға айқара ашып береді. Зерттеу нысанына байланысты кәсіби тарихшы кішкентай күмәнға жол бермегені, зәредей бұлдырлыққа орын қалдырмағаны автордың тақырыпқа деген адалдығы мен құрметін, біліктілігін танытқандай. Кітапта Шәкәрім тұлғасы арқылы замана шындығы талқыға түсіп, күрделі кезеңдегі қазақ қоғамының кескін-келбеті кеңінен көрініс тауып, тақырып аясына қатысты түйткілді де басы ашық мәселе қалмағандығы тарихшының бай дерек қорына жүгінуінен деуге болады. Автор архивтік деректерге, ақынды көрген, білген куәгерлерден жеткен ауызша мәліметтерге қатар сүйеніп Шәкәрім дәуірінің ішкі заңдылығы мен қайшылығын ақынның қалыптасу динамикасымен қабыстырып, тартымды тілмен шынайы баян етеді.
Шәкәрім құбылысының құдіретін ашу үшін ол өскен табиғатқа мән беріліп, ұлы дала, қасиетті Шыңғыстау, ұзын аққан Ертіс, қажылық сапарда тамаша қылған орыс орманы, Мәскеу, Киев, Стамбұл, Мекке шаһары, қажының ақиқат ілімін іздеп оңаша ой толғаған, Жаратушыға ғибадат еткен мекен-тұрағы ілгерідегі Кеңқоныс, кейінгі Саят қора хронотоптарының мән-маңызы ашылып, Шәкәрім философиясы замана-уақытпен ғана емес, мекен-кеңістіктермен үндес өріліп тұрған тұтас ілім екенін көрсетіп береді. Автор оқырманға белгілі деректерді бергеннің өзінде Құнанбай әулетінің осынау оқиғаларға деген қарым-қатынас деңгейін ашу арқылы Шәкәрім дүниетанымына ең алдымен отбасы өнегесі (Құнанбай тәлімі, Абай мектебі), ауқымдырақ айтқанда дала философиясы түпнегіз болғанын айпарадай ашып береді. Зерттеудің тұғыр-тұрғыларынан түркілік негіз, Шыңғыстауға аты жайылған Шыңғыс хан, Майқы би сұлбасы мұнарлана көрініп, бергі Кеңгірбай, әсіресе, рубасы, дала шонжары Құнанбай мырзаның ғазиз бейнесі Шәкәрім көзқарасын қалыптаған бірінші ұстаз, дана ата деңгейінде әділетті әспеттеледі.
Шәкәрім мен табиғат. Бұл ақын¬ның әлемін қалыптастырған күрделі категория екендігін Е.Сыдықов зерттеуінде ұдайы еске салып оты¬рады. Ғалым Шыңғыстау, Орда, Қарауыл, Доғалаң туралы аңыздарды Шәкәрімнің немере ағасы Халиолланың 1892 жылы жариялаған нұсқасымен баяндау арқылы да Шәкәрім танымымен етене жымдастырады, «Дала мен қала әуені» деген тарау¬шада ұлы ақынның алғаш Семейге барған сапары 1875 жылы екендігін нақтылап, ұшы-қиыры жоқ дала тұрғынының алғашқы қаланы көргендегі таң¬данысын, Ертістен паром арқылы өткендегі таңырқанысын ақын жан дүниесіне сілкініс тудырған өзгеше өткелектер деп байыптайды. Тақуалыққа бет бұрып ар іліміне жол ашқанда 1912 жылдан пана болған мекені Кеңқонысты большевиктер 1924 жылы тартып алғаны да дәлелденеді. Осылайша, талант пен табиғаттың, тұлға мен қоғамның үнқатысуын (диалог) дәйекті де тұжырымды мәліметтермен өру арқылы ақынның таным эволюциясына нанымды талдау жасай алады.
Тарихшыға тән нақтылық, жүйелілік кітаптың өнбойынан табылып, жарқ еткен жаңалықтарымен, немесе бізге белгілі деректерді логикалық қисындармен топшылап, басқа қырынан сараптауымен оқырман санасына тың леп тудыра алады. Мысалы, Абай данышпанның Өскемен өңіріне сапарда болғандығы туралы оқырман осы кітаптан хабардар болады. «Михаэлис Өскеменге көшкеннен кейін де олар хат жазысып тұрды. 1893 жылы Абай Өскеменге бірнеше күнге оған қонаққа барды, бұл Семей уезінен ешқашан шықпаған ақын үшін тосын жайт» деп жазады автор Абай аяқ басқан кеңістікті ұлғайтып (84-б).
Шәкәрім дүниетанымына темірқазық болған діндар Құнанбай мырзаның образы дана ата бейнесінде сомдалып, Абайдың әкесінің кісілік келбеті ашыла түскені сіресіп қалған қасаң түсініктердің сеңін бұзғандай. Автор Құнанбай бейнесін ашып көрсеткенде оның «Абай жолы» романында жағымсыз сомдалған кертартпа бейнесінің әдеби шарттылық екенін, оған сол кезеңдегі қызыл идеологияның салқыны тигенін де ескертіп, сонымен қатар, эпопеяда Шұбар деген атпен Шәкәрімнің де бұрмаланған тұлғасы суреттелгенін парасат биігінен пайымдайды.
Жалпы, Е.Сыдықов қазақ қоғамындағы байлар мен рубасылар кім болған деген сұраққа көшпелі өркениеттің ішкі заңдылығын білетін маман ретінде әлеуметтанулық талдау жасап былайша жауап береді: «Қазақ байларының қаскөйлігі туралы әдеби түсініктер әлі де болса бар. Бұқара халықтың мұндай пиғылдан ада екендігі күмәнсіз. Қысылғанда бір-біріне қол ұшын беретін, халықтың өзара көмек көрсететін әдет-ғұрпы ғасырлар бойы құрметтеліп келеді. Ауқатты рубасылар қашанда рудың қамын ойлады және мұқтаждық көрген адамға бірінші болып қол ұшын созуға ұмтылды. Шындығына келгенде, олар өз игілігі үшін емес, өз руының гүлденуі үшін байитын» (71-72-б).
Зерттеушінің бұл тұжырымды көзқарасы осы кітапта келтірілген Шәкәрімнің «Өзге жұрт қазақ жайын қанша білемін десе де, анық жете білмейді» деген пікірін толықтап тұрғандай, әмбесінде отан тарихын жаңа методология тұрғысынан зерделеуге белгілі дәрежеде көмек болатындай бағыт танытады.
Е.Сыдықов Шәкәрім даналығының түптамыры кемеңгер Құнан¬байдың тәлімі мен тәрбиесінде екендігін дәйектілікпен ашып көрсетіп, жалпы қазақ жұртының әулеттің алтын тірегі болған әкеге деген құрметі мен ізетін, сыйластығы мен сыпайылығын би Құнанбай тұлғасына топтап, айшықты дәріптейді. Өрімдей Шәкәрімнің өмірге қалыптаса бастаған балғын кезеңі туралы «Бұрынғы ата-бабаларымен қатар қазіргі тірі рубасыларының, ең алдымен Құнанбайдың даналығын бойына сіңірді, атасынан қазақтардың сөз өнеріне деген құштарлығын, сөздің алуан қырлы мағыналарынан бағдар тауып, мәңгіліктің тілінде сөйлеуге деген құмарлықты үйренді» деп қазақ халық педагогикасында атаның үлес салмағының айрықша екендігін ғаділетпен паш етеді.
Он төрт жасар бала Шәкәрімнің есею үдерісіне әйелге тән кесте тігіп, сырмақ сырып қана қоймай ерлерше пышақ, тебен-ине соға алатын анасы Төлебикенің бойындағы ұсталық қасиеті де зор әсер еткеніне назар аударылады. Бала Шәкәрімнің ата-бабадан қалған аңыз-мифті өмірмен ұштастыра алатын жасампаз тұлға болып қалыптаса бастағандығын жасөспірім психологиясына тән төмендегі детальмен сабақтастықта нанымды аша алады. Оқиға былай болған екен: анасынан ұсталықты игерген Шәкәрім бірде бүркітін арқарға салып тұяғын сындырып алады. Оның есіне «Абылайхан жау¬ды бүркіттің темір тырнағындай шеңгелдейді» деген аңыз түсе кетеді де, ұста бала жезден тұяқ соғып, оны қыранның шеңгеліне қондырып, кейіннен бұл құс Жезтұяқ деген атпен даңқы шығады (31 -б).
«Жезтұяқ туралы тосын жаңалықты естіген жұрт көруге келіп жатты. Малшылар құсты айналсоқтап қарап, қолдан жасалған тырнаққа бас шайқай таңғалатын еді, жез тырнағы бар жыртқыш құстың ертегідегі бейнесін шындыққа айналдырған аңшының шеберлігіне таңданбаған адам аз» деп жазады ғалым.
Автор Шәкәрімнің өмір өткелектеріндегі түйінді кезеңдерін зерделегенде бұлтартпас деректермен өрнектеп, оқиға желісін шынайылықпен өрбіткені оқырманның ұлы ойшылдың ғұмырбаянына деген құмарлығын арттырып, зердесіне нәр құя түседі. Мысалы, Шәкәрімге алғаш орыс тілін үйрету үшін Абай ақын Нұрпейіс деген адамды жалдағаны, Шәкәрім Семейге барғанда түсінбесе де орыс тілді екі кітапты алғаны, мұның бірі астық өсірудің анықтамалығы, екіншісі апостолдардың апокрифтік өмірбаяны болғандығы, қаладан сатып алған скрипкасының құны алты рубль (2 қойдың бағасы) болғандығы секілді көптеген шыншыл мәліметтер ақынның өмір шежіресіне айғақтық сипат дарытады.
Шәкәрімнің екі мәрте болыстыққа сайланғаны, 1887 жылдан бастап 12 жыл би болғаны, 1907 жылы Әлихан Бөкейханның ықпалымен Мемлекеттік Думаға депутат ретінде ұсынылып, одан бас тартқаны, Ә.Бөкейхан, М.Дулатовтың ақыл-кеңесімен әлеуметтік-саяси, сот жүйесі, шаруашылық, әкімшіліктерді жергілікті басқаруға маңызы аса зор аймақтық земствоға оқыған азаматтармен бірге Шәкәрімнің де қатысып, сайлауда жеңіп мүше болуы, Алашорданың ресми биі болуы секілді мәліметтер жиыны Шәкәрімді сөз зергері, ақын немесе дін жолындағы тақуа ғана емес қоғамның күретамыры болған заң-ережелерді қадағалаған, сұрыптап жетілдірген, әділет үшін үкім кескен заңгер болғандығын айқындай түседі.
Шәкәрімнің заңгерлік қыры талданған тұстарда ұлы ақынның даланың дана би-шешені Құнанбай мырзаның нағыз мұрагері екендігі менмұндалап көрініс табады. Профессор Е.Сыдықов Шәкәрімнің даланы билеуге арналған заң-жарғыларды жетілдіруге бағыт берген мақаласы Шоқанның сот реформасы туралы ой-пікірлерімен үндес екендігін салыстыра келіп «Шоқан да, Шәкәрім де мазмұны бойынша сот ісінің дәстүрлі жүйесін сақтау керек екендігін айтады» деп түйін жасайды.
Филологиялық, философиялық бағыттағы зерттеулердегідей Шәкәрімнің поэтикалық әлемі, тақуалық жолы, ақиқатты іздеп ар¬палысқан ішкі жан дүниесінің сырына үңіліп қана қоймай, тарихшы маман Е.Сыдықов керісінше, ұлы ақынның қоғамдық-саяси істерге табандылықпен араласқан ер-азамат, елді уысында ұстаған болыс, қабырғалы би, ата жолына мирасқор қажы, Алашорда үкіметіне мүше болған қайраткер қырын құнды деректермен сомдайды. Сол себептен де бұл кітап Шәкәрімнің шығармашылық құпиясы мен поэтикалық қуатының тарихи себеп-салдарын ашуға серпін беретін ізденіс аймағы кең зерттеу болды деуге толық негіз бар.
Ақеділ ТОЙШАНҰЛЫ,
филология ғылымдарының кандидаты.
http://baq.kz/