АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ШАЛҚАР ШӘРІПҰЛЫ, ҚЫТАЙДАҒЫ «ШАЛҚАР» ҚАЗАҚ САЙТЫНЫҢ БАС РЕДАКТОРЫ: ҰЛТ РУХАНИЯТЫН САҚТАУ ҮШІН ТІЛДІ ҰМЫТПАУ КЕРЕК

56b6fd81caf9512695919_449677305227237_267549224_nСоңғы 5 жылда  Қытайдағы қандастарымызға Қазақстанның өнері мен мәдениетінен, әдебиетінен, саяси жетістіктерінен үздіксіз ақпарат таратып, Қытай қазақтарының Атажұртпен байланысына, рухани сұранысына қызмет етіп келе жатқан «Шалқар» сайтының негізін қалаушы әрі бас редакторы Шалқар Шәріпұлы «Қамшы» ақпараттық порталына сұхбат берді.

— Шалқар бауырым, Атажұртқа өзің келіпті дегенді естіп, алдыңнан шығып, атыңның шылбырынан ұстап жатқан жәйіміз бар. Қош келіпсің! Атажұртқа алғаш келуің бе?

— Рақмет, иә, отанымыз қазақ еліне алғаш рет жол түсіп, Алматыға бүгін ғана келіп отымын.

  Өзіңнің жолың алғаш түссе де, есімің ел арасында естіліп жүр, солай болса да «Қамшының» оқырмандарына өзіңді таныстыра кетсең!

— Мен Шалқар Шәріпұлы, арғы беттегі қазақтардың мәдени-танымдық сайты «Шалқардың» негізін қалаушылардың бірімін. Естай Табысұлы (Самғар) деген қазақтың бір баласы екеуміз осы сайттың жұмысын жүргізір отырған жайымыз бар. Ол қытайдағы қазақ тілді интернет контент арасындағы рейтингі ең жоғары, оқырманы ең көп сайт болып табылады. Өзім туралы айтар болсам мен Тарбағатайдың Шағантоғай ауданында туып өстім. 1992 жылы мамырдың 12-сінде анамыз жарық дүниеге әкеліпті. Бала кезімнен компьютер тіліне әуестендім, сайт дизайнын жасауды 7 сынып оқып жүргенде алғаш бастадым.Оқумен қатар түрлі сайттарды жобалау жұмыстарын істеп жүрдім. Сондай-ақ техниканың соңғы жетістіктерін жіті қадағалап, қазақ мектебін оқысам да қытай, ағылшын тілдерін жетік меңгеруге талпындым.

— Әңгімемізге өзек болып отырған «Шалқар» сайты қалай құрылды, нені басты мақсат еттің?

— Бұл сайтты ашу 2007 жылы алғаш ойыма келді, түрлі сайттардың дизайнын жасап, тәжірибе жинағаннан кейін 2011 жылы бұл сайт нақты жұмысын бастады. Енді бұны жасауға түрткі болған, Қытайдағы ханзудан өзге қазақты қоспағандағы ұлттардың түгелдей дерлік өз сайттары, форум беттері бар еді, түрлі тақырыптарға арналған, жасатарға, қоғамдық пікірге жұмыс істейтін қазақ тілді сайт мүлде жоқ болды. Ал, қазақстандық сайттарды көптеген оқырман әліпбиге байланысты оқи алмайтын және кейбір сайттар шектеулерге байланысты ашылмайтын. «Шалқар» сайты осы себептен де ол жақтағы қандастарыңыздың ана тілінде ақпарат алуына, тілін, мәдениетін ұмытпауына қызмет етер жүкті арқалады. Егер, алып империя астында жасап жатқан аз ғана этникалық қазақтардың, әсіресе ондағы жаңа өсіп келе жатқан, мектепте түгелдей қытай тілінде білім алып, қытайша ойлана бастаған жаңа буынға қызмет етер, қазақ мәдениетін, өркениетін, әдебиетін дәріптей бір сайт болмаса, соңғы 10 жыл ішіндегі алып ақпараттық дауыл қазақтарды жұтып кетер еді. Әрине, «Шалқар» сайтына дейін де, онымен қатарлас ашылған да қазақ тілді сайттар бар. Дегенмен барлық саланы қамтып, ақпараттық, танымдық, қоғамдық қызмет атқарып жатқан, оқырманы ең көп сайт ретінде «Шалқарды» атап өтуге болады. Қазақ тіліндегі ән-күйлер; видео блогтар; танымдық, деректі фильмдер; өзекті, тұрмыстық, қоғамдық мәселелердің талқылайтын форумдар; ел алдында жүрген азаматтардың, әр саланың мамандарының сұхбаттары сайт бетінде орын алып, өз оқырманына керекті рухани ортаға айналды. Біздің де көздеген мақсатымыз осы болатын.

— Қытайдағы ең көп оқырманы бар қазақ тілді сайт деп жатырмыз, сонда «Шалқардың» күнделікті көрілімі қандай? Қандай жұмыстарды қолға алып жатыр?

— Сайтты алғаш ашқан жылы, бір жыл ішінде сайт 80 мыңнан астам рет күнде қаралатын деңгейге жетті. Сайт таныла бастағаннан кейін күнделікті оқырмандары 200 мыңға жақындады. Қазіргі күнде күнделікті 300 мың адам сайтты қарайды.

Енді, біздің сайтымыз мәдени сайт болғандықтан, өнерпаздардың өнерін насихаттап, туындыларын таратып қана қоймай, түрлі концерттер ұйымдастыру жұмыстарын да атқарады. Мысалы, қазақстандық өнер жұлдыздарының Қытайдағы қазақтар қоныстанған аймақтарды аралап концерт қоюын ұйымдастырамыз. Жұрттың жақсы көретін әншісін, актерін құлақпен ғана естуін емес, көзімен көруіне жағдай туғызып, Оларды күтіп алып, шығарып салуға дейінгі жұмыстарды мойнымызға алып жүрміз. Сұранысқа қарай қазақстандық әртістерді жиі шақырып тұрамыз.

Бұдан сырт, қазіргі ақпараттық ағын өршеленген заманда, қазақстандық өнер жұлдыздарының концертін ғана емес, «Қазақстан», «31» сияқты телеарналардың түрлі ақпараттарын, Қазақстандағы түрлі жаңалықтарды сайт бетіне орналастырамыз. Бұл «қазақ» телеарналары тарамайтын арғы беттегі қандастарыңыздың қажетіне жарайды, сұраныс бар. Соңғы жаңалықтар мен ел Атажұрттағы ақпараттардан олар да сусындап отыр. Әрі, Қытайдағы қазақ тілді арналар «Шыңжаң телевизиясы-8»,«Шыңжаң телевизиясы-3» сияқты арналардың да маңызды жаңалықтары, танымдық хабарлары сайтымызда орын алып, теледидар қарауға уақыт таба бермейтін оқырмандарымыздың сұранысын қанағаттандыруда.

Олай болса, «Шалқар» сайтының жауаптысы ретінде, арғы беттегі мәдени беталысты қадағалап отырған маман ретінде, ол жақтағы қандастарымыздың рухани жағдайы туралы айта кетсең? Оны дамыту, жаңғырту үшін біз не істеп беруіміз керек?

— Әрине, Қытайдағы қандастарыңыз әлі де мәдениетінің қаймағын бұзбай сақтап отыр, оған жыл сайын өткізіліп тұратын айтыстар, дәстүрлі, халықтық ойындар куә. Солай болса да тілдің шұбарланып бара жатқаны ақиқат, ол бір шетінен заңдылық та, себебі біздің қарап отырған ақпаратымыз, тұтынып жатқан бұйымдарымыз, дамып жатқан ғылым өзге тілде. Заман көшінен қалмау үшін сол басым болып тұрған тілде сөйлеуге міндеттісің, соңғы кездері сол тілде ойлануға мәжбүрлеп барады. Тіл ұлт руханиятының басты қорғаушысы, қазынасы. Кейбір кісілер тілді сақтау үшін мәдениет керек, дінді дамыту керек деп жатады. Оған келіспеймін, меніңше ұлт руханиятын сақтау үшін, тілді ұмытпау керек, ғылымды, күнделікті тұрмыстық бұйымды өз тіліңде сөйлету керек. Компьютер, телефоннан бастап, оның бөлшектері, басқа да байланысты құралдары қазақ тілінде сөйлеуі керек. Программалау тілдері өз тіліңде сөйлейтін болса, тұтынушылары да ең қолданылатын зат болғандықтан ана тілін ұмытпайды. Және, оны біреу емес өзіміз қолға алуға, жасауға тиістіміз. Өз арамызда мүмкіндігінше ана тілінде сөйлеуге, ана тілінде ақпарат алуға тиістіміз. Біз неліктен қытайша, орысша көруіміз керек? Сол сияқты түрлі онлайн сервистер, тамақ өнімдерін жеткізу, киім-кешек саудасы, банктік, коммуналдық төлемдер сияқты қызметтердің интернет банкинг, мобильді банкинг арқылы жасалуы да өз тіліңде сөйлейтін болса, онда тұтынушылар да өз тілін ұмытпайтын болады. Сондықтан да біз осы, телефон арқылы түрлі төлемдер жасау, әр түрлі қызметтерге тапсырыс беру, жеткізіп беру сервистерін қазақша сөйлетуге тырысып жатырмыз. Бұл дегеніңіз ғылым мен техниканың қазақ тілінде сөйлеуі қазіргі таңда ана тілімізді сақтап қалудың басты құралы деген сөз.

Егер біз оған талпынбай, өнер қуып, орынсыз сауық пен дарақы той тойлап кетсек, техниканың тілін игеруге, оны өз тілімізде сөйлетуге ұмытылмасақ, әнші болып, атаққа құмар болып кетсек тіл туралы сөз қозғау қиын. «Бүгін өз әскеріңді баға алмасаң, ертең өзгенің әскерін бағасың» деген даналық бар екен. Сол сияқты бүгін өз ұлтыңа қызмет етпесең, ертең қу өңештің қамы үшін өзге ұлтқа жұмыс істеуге мәжбүр қаласың. Атқа мінер ағалардан тартып, біздің қатарымыздағы жаңа буын да тілімізді, руханиятымызды ертеңгі ұрпаққа тұнық қалпында жеткізуге қызмет етуге тиіспіз. Бұл міндеттің шекарасы, үлкен-кішісі, шені жоқ. Бұл үнсіз ғана атқарылуға тиісті жұмыс. Мысалы мен, жоғарыда айтып өткендей бірнеше тілді білетіндіктен, программалау тілін еркін меңгергендіктен қазақтың ғана емес, қытай, ұйғыр сияқты басқа да ұлттың компанияларын, түлі тақырыптық сайттарын мықты программисттердің деңгейінде жасап бере аламын. Яғни, өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте демекшімін ғой. Бұл қай жердегі қазақтың болсын есінде сақтауы тиіс ең басты қағида.

— Өнер деп қалдың, «Шалқардың» оқырмандарына өнерді насихаттап жүрген, оқырмандарыңа ғана емес, ол жақтағы қандастарымызға Атажұрттан әртіс шақырып, концерт ұйымдастырып жүрген өнерге жанашыр жан ретінде өзіңнің қазақ эстрадасына көзқарасың қандай, оқырмандарың қандай пікірде?

— Иә, біз күнделікті мәдени, әдеби жаңалықтарды қарап, жарық еткен ән мен жылт еткен өлең болса бірден «Шалқардың» оқырмандарына құлағында қазақтың әні жүрсін деп ұсынатын болғандықтан, өнер сұйылып бар жатыр деп айтуыма әбден болады. МС Сайлаубек сияқты сайқымазақ «өнерпаздардың» абройының дәстүрлі әншілерден асып, тіпті бүгінгі эстрада жұлдыздармен таласуы еш көңіл көншітер нәрсе емес. Сол сияқты қырғыздың, өзбектің, орыстың әндерінің де қазақ сахнасына жиі шығуы, тойларда шырқалуы көңіл қынжылтады. Ақан сері, Біржан сал деген әншілеріміз болғанын білмейтін жастар өсіп келе жатыр. Өнерді өрге сүйрейтін емес, ақша қуған, табысты ғана мақсат еткен тойға арналған әндер, басқа халықтардан ұрланған әндер де өнерді лайлап бітті. «Алашұлы», «Тұран» сияқты этнографиялық топтар мен Бекболат Тілеухан, Роза Әлқожа, Ақылбек Жеменей сияқты әншілердің патриоттық әндері шынайы сұранысқа ие. Эстрадамен өңделген халық әндерінің шырқалуы тойдың, жастардың сұранысын ғана орындап қоймай, ұлт руханиятының жүгін арқалайтыны да анық. «Өнерге әркімнің таласы» болғанымен, өнер тозбауға тиіс. Мазаққа айналмауы тиіс. Жаңғырып, жетіле беруге тиіс.

— Сайттың көрінімі 300 мың деп отырсың, сайтыңның қызметтік құрамы мен табысы қалай?

— Енді «Шалқар» сайтын алғашында жалғыз құрдым. Іс жүзінде «Шалқарда» қазір екі-ақ адам жұмыс істейміз. Жоғарыда айтқанымдай сайттың дизайны, басқа техникалық жұмыстары түгелдей өзімнің мойнымда, оған қоса сайтқа медиа контент жүктеу жұмысын да өзім атқарамын. Сондай-ақ сайттың мазмұны, тақырыптары да  өз мойнымда. Форум өз алдына жұмыс істейді. Ал, күнделікті көп көрінімнің сыры не дейтін болсаңыз, білесіз, Қытайда Tencent(қытайшасы腾讯-тыңчун) компаниясына қарасты wechat(қытайшасы微信-уэйчин)микроблог желісі бар. 600 миллионнан асатын қолданушысы бар осы әлеуметтік желінің көп салалы функциясы бар. Соны пайдаланып SMM жүргізетін Самғар дейтін бауырыңыз бар, ол сайттың оқырман тарту, әлеуметтік желіде жарнамалау сияқты барша жұмыстарын атқарады. Табысымыз негізінен жарнамадан түседі.

— Болашақ жоспарың қандай?

— Болашақ жоспар туралы айтар болсақ, қазір бәрінен де қымбат, ең бағалы нәрсе уақыт болды ғой. Сол уақытты үнемдеу үшін қытайда ерекше дамып жатқан бір сала онлайн сервис көрсету. Атап айтқанда сізге такси керек болды делік, смартфоныңыздан тиісті гаджетті ашып, бірнеше секунд жұмсап бір түймесіне басып қаласыз, сіздің орналасқан жеріңізге такси жылдам жетіп, подъезіңізде күтіп тұрады. Сол сияқты қажетті асыңыз, киіміңіз, телефоныңыздың бірлігі, киноның билеті, медициналық қызмет бәрі-бәрі электрондасқан. «Шалқар» сайтының мақсаттарының бірі осындай қызметтерді елге келіп, әр кімге қол жетімді әрі ана тілінде жұмыс істейтін сервистік қызметтерді жолға қою, сондай-ақ «Шалқар» сайтының аудиториясын әлемдік деңгейде кеңейту. Дүниежүзі қазақтарына қолжетімді, түсінікті, сұранысқа ие сайт ету. Бұнымен қоса телефон, компьютер сияқты кейбір электронды бұйымдардың бөлшектерін қазақ тілінде шығару.

— Қытайдағы оқырмандарыңа, қандастарымызға «Қамшы» ақпараттық агенттігіндегі осы сұхбат арқылы қандай сәлем жолдайсың?

— Екі елдің дипломатиялық қатынасы дами берсін деп бастаймын ең әуелі, мәдени, әдеби қарым-қатынасымыз үзілмей, рухани тамырымыздан қан жүгіре берсін. Тарыдай шашылған қазақтың қай-қайсысы болса да, туған ұлтына, Атажұртына қызмет етуге міндетті. Сол жолда, сол мақсатта талмай жұмыс істей берейік. Қазақ тілді БАҚ-тың алғашқы ондығына енген «Қамшы» сайтына да тұрақты оқырманы ретінде бұдан да биік белестер тілеймін, алдағы уақытта әріптестік қызметтеріміз жандана береді деп ойлаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

— Сұхбатыңызға рақмет! Мақсаттарыңызға жете беріңіз!

Сұхбаттасқан Ерлан ТӨЛЕУБАЙ

«Қамшы» сілтейді