АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Шекарадан 40 кг күміс алып өтпек болғандар ұсталды

mis_iuvelirnyeukrasheniia_brilliantyvserebre_2Қостанай шекара отрядының «Қайрақ авто» бақылау бөлімшесінде жаңа жылдың бірінші күні (01.01.15 ж.) сағат 15.30-да шекара наряды 38 және 45 жастағы ағайынды екі Ресей азаматын ұстады. Олар кішісінің меншігіндегі «Лада Приора» автокөлігімен біздің елден Ресейге қарай кетіп бара жатқан.

Көлікті тексеруден өткізу барысында оның бензин багында бөтен заттардың бар екендігі белгілі болды. Жалтара алмасын білген ресейліктер бұл бөтен заттардың салмағы 20 кг болатын өңделмеген күміс екендігін мойындағандай еді. Әрі қарай тексеру барысында автокөліктің артқы орындықтарының астынан тағы да бір түйіншек табылды. Бұл түйіншек салмағы 7 кг болатын әртүрлі зергерлік бұйымдар болып шықты.

Бірер сағаттардан кейін Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімінен тергеу тобы да келіп жетті. Шекарашылар мен полиция қызметкерлерінің қатысуымен бензин багы ашылды. Алайда, бензин багынан табылған күміс автокөлік иелері айтқандай 20 кг емес, 33 кг болып шықты.

Сонымен, автокөліктен шыққан күміс зергерлік бұйымдарды қоса есептегенде барлығы 40 кг күміс табылды. Ал, бұл ұсталған азаматтарда зергерлік заттардың құжаты бар, атап айтқанда, Ресейдің Дағыстан Республикасының Махачқала қаласында берілген жөнелтпе қағаздары мен фискалды чектер, бірақ бар-жоғы 5 данадан, 4770 дана, 64 атаулы бұйымға ғана. Қысқасын айтқанда – «шым-шытырық». Бұл түйіншекті енді Қостанай облысының Қарабалық аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері тарқататын болады.

 

ҚР ҰҚК ШҚ баспасөз қызметі