АЛТЫНОРДА
Новости

Шет елде жүрген қазақстандықтардың құқын қорғайтын тәуелсіз топ немесе орталық құру керек пе?

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)

Басқа елдермен терезесі тең мемлекет атанған қазақ елінің өткені мен болашағының маңызы жоғары. Әсіресе, шетелдермен қарым-қатынаста қазақстандықтардың құқының тең дәрежеде қорғалуы, одан бөлек өзге елде жүрген азаматтардың мүддесін қорғауда даулы жағдайлар жиі кездесіп тұратыны жасырын емес.. Бәлкім, еліміздің сыртқы істер министрлігінен тәуелсіз Қазақстан азаматтары мен сол елдерде тұрақты тұратын қандастырымыздан құралған арнайы топ құрып, ол топқа шетелде жүрген қазақстандықтардың құқығын қорғау міндетін берген жөн де шығар.

Сіз қазақстандық азаматтардың құқықтарын қорғайтын ҚР сыртқы істер министрлігінен тәуелсіз топтарды құру туралы «Алаш айнасы» газетінің ұсынысына қалай қарайсыз?

Қайшы пікір

 

Қолдаймын…

 

Досым САТПАЕВ – саясаттанушы:

–Мен бұл идеяны түбегейлі қолдаймын. Себебі, Қазақстанның сыртқы істер министрлігі, елшіліктер мен консулдықтары Қазақстан азаматтарының құқықтарын кез келген уақыттарда қорғай алмайды. Бізде әлі мұндай топтарды құру идеясы жаңа пайда болса, жұрт оны әлдеқашан құрып қойған. Мәселен, Орта Азиядағы Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан сияқты құқықтарына қысым жасалатын еңбек мигранттары көп елдерде тіпті Ресейде де осындай ұйымдар құрып алған. Қазақстанды алсақ, шетелдерде мұндай ұйымдар қазақ диаспоралары мен құқық қорғау ұйымдарының қатысуымен құрылуы тиіс деп ойлаймын. 

Бұл топ Қазақстанның мемлекеттік құрылымдарымен топтар бір-бірімен қарама-қайшы түрде жұмыс істейді деген түсінік тумауы тиіс. Керісінше, бұл дегеніңіз ендігі кезекте Қазақстанның сыртқы істер министрлігі мен дипломатиялық қызметкерлеріне Қазақстан азаматтарының шетелдерде туындаған күрделі мәселелер туралы ақпарат беретін, белгілі бір көмек көрсете алатын қосымша көмекшілері пайда болар еді. Дегенмен, Қазақстан азаматтарын заңдық және қаржылық негізде қорғау жүгі сыртқы істер министрлігінің құзырында болады. 

Егер мұндай топтар шетелдердегі қазақ диаспораларының қолдауымен құрылған болса, олар шетелде тұратын Қазақстан азаматтарының құқықтары мен қауіпсіздіктерін қамтамасыз ету үшін қазақстандық елшіліктер мен консулдықтарға саналуан ақпараттарды ұсына алған болар еді. Сонымен қатар, бұл топтар сол елдердегі шетелге сапарға шығушыларға алдағы уақытта сол елге төну мүмкін қауіп-қатерлер туралы арнайы ұсыныстар даярлайтын еді. 

Сыртқы істер министрлігіне тәуелсіз топтар еліміздің азаматтары оқыс оқиғаларға тап болған кезінде екі бағытта көмектесе алар еді. Біріншіден, Қазақстан азаматымен болған белгілі бір құқықтық заңсыздықтар ол елдегі кәсіби заңгерлерді іздестіру қажет. Бұл орайда сол заңгерлердің төлемін сол елде келеңсіз оқиғаға тап болған азаматтар немесе қазақстандық мемлекеттік құрылым тарапынан төленуі тиіс. Екіншіден, бұл азаматтар шетелдерде белгілі бір себептермен төтенше жағдайға тап болған азаматтарымызға моральдық және психологиялық қолдау көрсете алар еді. 

Мен шетелдердегі қазақ диаспораларының қатысуымен құрылған мұндай топтар залалынан гөрі пайдасы көп болатынына нық сенімдімін. Бұл орайда осындай тәуелсіз топтарды қаржылай қолдау және ұйымдастыруға қазақстандық мемлекеттік құрылымдар мүдделі болғаны дұрыс болар еді. Бір атап кетерлігі әлемнің көптеген елдерінде өз диаспоралары арқылы басқа мемлекеттерде отандастарының құқықтарын қорғайтын, сонымен қатар өз мемлекеттерінің беделін арттыру жұмыстарымен айналысатын құрылымдарды баяғыда ақ құрып алған. Сонда мұндай топ құру арқылы біз де өз азаматтарымыздың құқықтарын қорғауға мүмкіндігімізді арттырамыз емес пе?!. 

Өзге елдердегі қазақстандықтардың құқықтарын тілдік кәсіби және басқа да белгілерімен құқықтарына қысым жасалған жағдайда жаңағы топтар біріншіден қазақстандық мемлекеттік құрылымдар мен еліміздегі қоғамға сол елдегі мәселелер туралы нақты құлақтандырып отырар еді. Екіншіден, осы мәселені шешуі тиіс қазақстандық билік өкілдерін тарта отырып, болған келеңсіз мәселелерден шығудың жолдарын ұсына алады. Қай жағынан алсақ та, елімізден сырт аймақтардағы қазақстандықтардың мүддесі мен құқықтарын қорғауда сыртқы істер министрлігіне тәуелсіз топтарды құру дұрыс деген ойдамын.

 

Қолдамаймын…

 

Марат ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» республикалық газетінің бас редакторы. 

–Меніңше бұл тұрғыда әңгіме қозғаудың өзі артық. Себебі, аталған мәселелер тұтастай алғанда еліміздің сыртқы істер министрлігі мен сол елдегі елшіліктер мен консулдықтардың құзырында. Ал, ешкімге белгісіз белгілі бір мандаты жоқ құрылған топ еліміздің азаматтарының құқығын қорғай алатынына өз басым сене алмаймын. Біріншіден, ешқандай шетелдік, мемлекеттік ұйымдар бұл құрылған топқа белгілі бір ақпараттарын бермейді. Тіпті, өз елінің журналистері мен белігілі бір ұйымдарының өкілдері де ондай ақпарат алу құқығын алуы екіталай. Мәселен, қандай да бір төтенше жағдай, не болмаса апатты жағдай орын алған кезде де, қазақстандықтардың жағдайын осы шағын топтар біліп бере алмайды. 

Әрбір істі жасамас бұрын ең алдымен одан қандай нәтиже шығарын ойлау қажет. Ал, сыртқы істер министрлігіне тәуелсіз топ құрып, оның қазақстандықтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауда белгілі бір нәтиже шығарады-ау деген сөз қисынсыз. Бүкіл бір елде жүрген қазақстандық азаматтардың жағдайын біліп, олар туралы нақты ақпаратты елімізге жеткізу мұндай топтар арқылы қалай жүзеге асуы мүмкін?. Біріншіден белгілі бір шетелде мұндай топ құрылған күннің өзінде топтағы бес-алты азамат тұтас бір мемлекеттегі қазақстандықтардың құқықтарын қорғайды деген сөз ақылға сыймайды. Екіншіден өз бетімен қазақстандық тараптың заңды ұсынысы мен негіздемесіз белгілі бір әрекет жасай алмайды. Мұндай құқық тек сол елдегі арнайы елшілігіміз бен сыртқы істер министрлігінің заңды өкілінің құзырында ғана болуы тиіс. 

Ал, шетелдерде белгілі бір төтенше жағдайға немесе келеңсіз бір оқиғаға тап болған азаматты анықтап, ол туралы нақты бір мәлімет беру де мұндай топтың қолынан келмейді. Тіпті сол төтенше жағдай болған аймаққа мұндай топтардың мүшелерін жібермейді де. Ең бастысы олар қашан, әрі қай уақытта төтенше жағдай боларын білмейді ғой. Ол тек бір құдайға ғана аян. Сондықтан, тәуелсіз топтардан белгілі бір хабар күту бос әурешілік.   Мысалы, Бразилияда қазақстандық бір азамат қиындыққа тап болды делік. Ол азаматты тауып алып, оған көмек қолын созу тіпті де мүмкін емес қой. Ал, шетелге барған әрбір азамат сол елдегі елшіліктің заңды тіркеуінде болады. Сол арқылы отандасымыздың туралы барлық мәліметтері оның қай жаққа бағыт алғаны, қандай мақсатпен жүргені олардың назарында болмақ. Демалысқа барған қазақстандық азаматтар да осы елшіліктер мен сыртқы істер министрлігінің арнайы тізіміне орналастырылады. Ал, ешқандай мәліметі жоқ, белгілі бір құжаты немесе ұйымдармен еш байланысы жоқ топтардың ел азаматтарының мүддесін қорғап қалуы мүмкін емес дер едім. 

Басқа елдерде мұндай ұйымдар құрылса да олар сыртқы істер министрлігімен тікелей байланыста болады. Ал, тәуелсіз жеке әрекет етіп, белгілі бір нәтиже шығаруға болмайды. Оқыс қандайда бір оқиғаға тап болған, жуырда елге оралған спортшымыз сияқты жағдайда да, бұл құрылған «тәуелсіз тобымыздың» істері шамалы. Жақсы, осындай топ құрылды дейік. Жаңағы шетелде болған жағдайда азаматтарымыздың құқықтарын мен мүдделерін қорғап қалу үшін ол адамдар мықты заңгер, әрі саясаттан хабары бар, әрі дипломат, әрі сөзге шешен ділмар, тағы да басқа қасиеттері болуы тиіс. Әрі шетел тілінде таза сөйлейті, сол елдің заңдарымен салт-жоралғысымен етене таныс болғаны жөн. 

Салт демекші, мұндай топ құрылған жағдайда олар еліміздің сырт аймақтарда салт-дәстүрлерін насихаттау, елімізді таныстыру мақсатындағы шаралармен айналысқаны дұрыс деп есептеймін. Бұл бір жағынан еліміздің сырт елдердегі имиджін көтеруге ықпал етсе, екіншіден сол жердегі қазақ диаспораларының еліміз туралы көбірек мәлімет алуына мүмкіндік болар еді. 

Шетелдердегі тілдік және қоғамдық үлкен күрделі мәселелерге келсек бұл тұрғыда жаңағы топтардың әрекетінен бірдеңе шығады деудің өзі артық. Мәселен, тілдік кемсітушілік, ұлтшылдық мәселелеріне келсек бұл мемлекеттік мәселелер мемлекеттік деңгейде қаралуы тиіс. Тек мемлекеттік деңгейде жүйелі әрекет еткен жағдайда ғана өзге елдердегі қордаланған мәселелерді шешуге мүмкіндік болады. Сондықтан, азаматтарымыздың құқықтары мен мүдделерін қорғауда тәуелсіз топ құрудың нәтижесі бұлыңғыр деген пікірдемін.

Қысқасы мұндай қадам жасамастан бұрын жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс деп есептеймін.

Автор: Абзал АЛПЫСБАЙ

http://alashainasy.kz/culture/48638/