Өткен аптада Қырғызстанда террорлық топ ұйымдастырушы Қазақстан азаматы ұсталды. Қырғызстан арнайы қызметінің мәліметіне сүйенсек, «Ислам жиһады одағы» деп аталатын күдікті топ «Сириядан Қырғызстанға террористік-диверсиялық акцияларды іске асыру мақсатымен жіберілген. Олар тіпті Сирияда террорлық құрама қатарында үкімет күшіне қарсы әскери іс-әрекеттерге қатысқан делінеді… Биылғы 2013 жылы шетелдегі лаңкестік ұйымдардың қатарынан табылып, құрықталған қазақстандықтар. Ауғанстан, Пәкістан, Тәжікстан, Ресейден шығып жатыр. АҚШ-тың арқасында «әйгілі» болып кеткен ағайынды Царнаевтардың ісін айтпағанда қалған жайттардың бәрі қазақстандықтар үшін қалыпты жайтқа айналды. Өкінішке қарай, етіміз үйреніп барады.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаевтың мәліметінше, Пәкістан-Ауған аймағында түрлі лаңкестік діни топтардың құрамында 100-ден астам қазақстандық азаматтар жүр. «Олар бұл саяси топтарға әртүрлі жолмен тартылған, біз олардың аты-жөндерін де толық білеміз» деді комитет төрағасы. Оның айтуынша, қазақстандық жастар негізінен кавказдық лаңкестердің елімізге келіп, арбауынан сол топтардың құрамына өтіп кетеді. Қазақ жастары онымен қоймай өзінің табиғатына тән лидерлік қасиеттері арқылы сол діни топтардың жетекшілігіне де жылдам шығып кететіні бар.
Еліміздегі лаңкестік діни ұйымдардың қатарында жүріп сотты болғандардың 60 пайызға жуығының жасы 29-ға толмаған жастар. Олардың 95 пайызы – жұмыссыздар. Яғни мәселені бір ұшы тағы да әлеуметтік жағдайға келіп тірелетіні анық екен. Қазақстандық жастардың дені радикалды топтардың құрамында шетелде білім алып жүріп кіретіні белгілі. Қоғам өкілдері тарапынан, сарапшылар мен ресми органдардан, діни өкілдер тарапынан мұндай үрдістің алдын алу жолдары ретінде талай ұсыныстар айтылды. Дін Істері жөніндегі агенттік біршама елдердегі діни оқу орындарға бөлінетін гранттарды қысқартты, тыйым салды. Алайда елдегі радикалды діни көзқарастардың ықпалы әлі де болса бар екендігін күшейіп келе жатқанын көз көріп жүр. Әрине, мойындау керек, құқық қорғау органдарының жұмысының арқасында соңғы бір жылда ел ішіндегі террорлық оқиғалар сейілді. Бірақ бұл мәселе біржола шешілді деп айтуға келмейді, бәсеңдетілді дегеніміз дұрыс шығар.
Терроризм мен экстремизмге қарсы «дәріні» шетелден іздеудің қажеті жоқ
Жуырда шетелге оқуға кететін жастардың мәселесін шешу үшін олардың қай оқу орынға баратынын ҚМДБ-ның қарамағына тапсырып беру керек деген тағы бір ұсыныс айтылды. Алайда бүгінгі күн тәртібінде тағы бір мәселе туындап жатыр. Бұған дейін діни салада білім алу үшін шетелге кетіп жатқан жастардың мәселесі жиі сөз болды. Алайда қазір діни емес, кез келген сала бойынша білім алып жатқан жастардың діни көзқарасы радикалданып кетіп жатқаны байқалуда. Яғни оны бақылауға алу қиын. Оның үстіне мемлекеттік гранттармен, «Болашақ» бағдарламасымен емес, өздері тапқан әлдебір гранттармен, демеушілердің көмегімен оқып жатқандар көп. Шетелде жүріп, күмәнді «шейхтардан» жасырын сабақ алып келген жастар өзі уланған идеологиясын дастархан басында өзге қандастарымызға таратып жатыр. Оны да бақылауға алу ҰҚК қызметкерлерінің мойнына жүк болып артылады.
Өкінішке қарай, жаңа ғасырдағы бұл тенденцияның түбірін тап басып, шығу тегін қоғамға көрсетіп беру мүмкін емес. Өйткені күллі әлем күресіп жатқан экстремизм мен терроризмнің түбі геосаяси мүдделерге барып тіреледі. Әркімнің ойына не келгенін, әркімнің саясаты, идеологиясы нені көздейтінін сараптап шығуға ҰҚК мен барлау қызметінің физикалық тұрғыдан шамасы жетпес еді. Сондықтан оның жалғыз амалы – дәстүрлі идеологиялық иммунитет қалыптастыру. Бір қарағанда жауыр сөз болып естілетін бұл амалдан басқа жол табу қиын. Осы орайда, мектеп және ЖОО-дағы тарих пәнінің күшейтілуі, абайтану, алаштану пәндерінің енгізілуі мақтауға тұрарлық бастама.
Терроризммен күрес тек біздің ғана емес, аймақтағы елдердің барлығына маңызды бағыттардың бірі болып үлгерді. Мұны жуырда Қырғызстанда өткен саммитте ШЫҰ мемлекет басшылары қуаттады. Қазақстанда 2013-2017 жылдар аралығында Діни экстремизммен және терроризммен күрес жөніндегі мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру үшін 199 млрд теңге бөлінеді. Бұл қаражатты көп деп те, аз деп те айтуға келмейді. Бастысы, көңіл бөлінуде. Енді оның тиімді игерілуі ғана маңызды.
Ершат ОҢҒАРОВ, ҚМДБ-ның Уағыз-насихат және ғаламтормен жұмыс бөлімінің меңгерушісі, теолог:
– Мемлекетіміздің, ұлтымыздың қауіпсіздігі үшін діни кадрларды шетелде даярлауға тыйым салатын кез әлдеқашан жеткен. Оң-солын танып үлгермеген жастарымыз шетелге білім алу мақсатымен барғанымен, өзге ойлы ағымдардың жетегінде кетіп қалу фактілері кездесіп жатыр. Исламдағы ахмадилік, уахаббилік, салафиттік ағымдарға ден қойып кетеді. Ал шетелден білім алып келген жастар, байқасаңыз, көбінесе агрессивті болып келеді. Тәжікстандағы жағдай қайталанбаса да, уақыт өте келе мұндай қауіпті оқиғалар орын алуы әбден мүмкін. Тәжікстан Президенті түпкілікті зерттеулерден кейін шетелдерде діни білім алуға тыйым салды. Тіпті ата-аналарды өзге мемлекеттен діни сауат ашып жатқан ұл-қыздарын қайтарып алуға шақырды. Бұл, әрине, мемлекеттің қауіпсіздігін бірінші кезекке қойған саясаткердің шешімі. Біздің елде 70 пайыздан астам мұсылмандар тұрғанымен, оның барлығы шариғат жолымен жүре бермейді. Кейінгі кезде жастардың дінге көңіл бөліп жүргенін есепке алмасақ, біздің елде көпшілігінің діннен хабары жоқ. Елімізде дін мен саясат ажыратылғаннан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бұл мәселеге бел шешіп араласып, тыйым салатындай ресми өкілеттілігі жоқ. Діни басқарма өз кезегінде оқу орындарын, медреселер ашулар арқылы бұл үрдіске тойтарыс беріп отыр.
Автор: Сәдуақас КЕБЕКБАЙ