Қазақстанда заң жобасының барлығы ресми тілде жазылады да, соңында мемлекеттік тілге аударылады. Өз алдымызға егемен ел атанғанымызға 22 жыл толса да жағдай осы. Қазақтардың мұндай дәрменсіздігіне бертінге дейін күліп келген өзге мемлекеттер енді күйінетін жағдайға жетті. Өйткені өзіміздегісін айтпағанның өзінде Парламенттің қабылдауымен Президент қол қоятын немесе үкіметаралық деңгейде келісілген халықаралық шарттар мен конвенциялардың қазақ тіліндегі аудармасынан кейіннен масқара қателер табылады екен. Содан соң амалсыздан Сыртқы істер министрлігі мәміле жасасқан мемлекетке ноталар жөнелтіп, әлгіндей құжаттардың түпнұсқасын қайтаруды сұрап, ұятқа қалып жүр.
Әйтсе де, Әсет Исекешев басқаратын Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі ешкімді әуреге салмайын деді ме, өткен жылы Испаниямен жасасқан конвенцияны орыс және испан тілінде дайындап қол қойдырған да, қазақшасының заңды күші жоқтығын ескертіп жай аудармасы ретінде жанына қоса салған. Ал ең ірі ведомство Ауыл шаруашылығы министрлігіндегі заң жобаларын, Елбасы қол қоюына ұсынылатын қаулылар мен жарлықтарды жалғыз аудармашы аударып отыр.
Әділет вице-министрі З.Баймолдина жүргізген «Құқықтық нормалардың орыс және қазақ тіліндегі мәтіндерінің тең түпнұсқалығын қамтамасыз етудің мәселелеріне» арналған дөңгелек үстелде күйінгендер көп болды. Ендеше, 2012 жылы Парламент қазақ тіліндегі аудармасында орысшасымен салыстырғанда, біркелкі түпнұсқаның сақталмауына байланысты 46 заң жобасын қайта ғылыми лингвистикалық сараптама үшін кері қайтарса, ағымдағы жылдың үш айының өзінде мұндай жайт 8 рет қайталанған. Мәселенің тым күрделеніп бара жатқандығы алаңдатса керек, өткен жылдың аяғында Президент әкімшілігінің кеңсе басшысы М.Қасымбеков министрлік пен Үкіметтегі құжаттарды дайындайтын құрылымдардың жетекшілерін жинап, арнайы кеңес өткізіп, мемлекеттік тілге маңыз берілуін ескерткен. Сапасы сын көтермейтін жобаларды оқудан мезі болған депутаттардың дембіл-дембіл дабыл көтеруінің септігі ме, әйтеуір ақпан айында Әділет министрлігінің алқа мәжілісінде Премьер-министр
С.Ахметов те кемшілікті түзету жөнінде тағы да тапсырма беріпті. Енді құзыретті кеңселер мен құдіретті басшылардың тапсырмасы қаншалықты жүзеге асады? Өкініштісі, қазіргі бейғамдығымызға қарағанда әлі де біраз шетелді «күлдіретін» сияқтымыз.
Парламент депутаты Оразкүл Асанғазықызына рақмет, өзі құрамына енген комитетінің қарауына бұл сала жатпаса да басқосуға арнайы келіп, салған жерден кедергі мен келеңсіздіктерді тіліп айтты. Мұның бірінші кемшілігі әрбір министрлік заңды халықтың емес, өздерінің ыңғайына қарай пайдалы етіп жазып алады. Екіншіден, құжат тұтастай ресми тілде дайындалады да, асығыс-үсігіс қазақ тіліне аудара салады. – Айтыңыздаршы, аудармашының деңгейіндегі заң жобасын қабылдап, онымен мемлекеттік істі жүргізу мүмкін бе?! Елбасы Н.Назарбаевтың министрліктерді мемлекеттік тілге көшіру жөніндегі Жарлығын министрлер аудармашылар арқылы шешіп тастады. Шындығында, бұл қазақ тілінде іс жүргізе алатын мамандарды жұмысқа алумен шешілуі керек емес пе? Арнайы зерттедім, ең аз министрлікте 92 пайыз, ең көбінде 98 пайыз қазақтар қызмет атқарады. Заң жобасын аударумен алысқа бармаймыз, күлкіге қалғанымыз қалған.
Заң қазақ тілінде жазылғанда ғана оқылымдылығы мен орындалуына сын келмейді. Ол үшін министрліктегі мамандардың жетпіс пайызы ана тілінде сөйлеп, тиісті құжатты жазуы керек. Мұндай талаппен өзгелер кетіп қалады деп қиналудың қажеті жоқ. Зерттеу барысында байқағаным, босаған бір орынға отыз үміткер қатысады, оның 15-і тестен құлағанның өзінде қалған 13-і қазақ тілінде еркін сөйлеп, жаза алады, екеуі орысша. Біздің министрлер тура әлгі екі орыстілдіні алатынын қайтерсіз – деп, ашынды Оразкүл Асанғазықызы. Халық қалаулысының ойынша, әрбір министрліктің өздеріне қажетті заң жазып алуын тоқтату керек.
Ол үшін Президентке немесе тікелей Үкіметке бағынатын заң жобасын дайындайтын мекеме құрылып, негізінен, үш талаппен мамандар іріктегені жөн. Қабылданатындардың 70 пайызы мемлекеттік тілді толық меңгеруі керек, 30 пайызы өмірдің әр саласында жұмыс істеп тәжірибе жинақтаса, 30 пайызын үш немесе төрт тілді меңгерген жастардан жинақтағаны дұрыс. Қазір Үкіметте мемлекеттік тілде заң жазудың стандарты жоқ осыны ретке келтіріп, онда қолданылған сөздердің ортақ болуын реттейтін лингвистикалық орталық құрып, құзыретін күшейту керек. Бұл шетелде қолданылатын жүйе.
Сыртқы істер министрінің орынбасары Қайрат Сарыбай халықаралық конвенциялардың қазақ тіліндегі нұсқасынан жиі-жиі қателіктердің шығуына байланысты мемлекетаралық деңгейде қол қойылған заңдарды нота жолдап, қайта алдыртудан әбден ұятқа қалатындықтарын ашына жеткізді. Бір құжат тіптен бес рет өзгеріп, ұлттың намысын көтереміз деп жүргенде абыройсыздыққа ұрынудамыз. Қараңызшы, Германияға, Түркияға немесе АҚШ-қа Қазақстанның атынан «заңның мемлекеттік тілдегі нұсқасында қателіктің шығуына байланысты қайтаруыңызды сұраймыз» дегендей мазмұндағы хатты үнемі жіберу қазақ мемлекетінің атына орасан сын келтірмей ме? Заңы да, заманы да әбден ресмиленген билікте оны ойлап отырғандар некен-саяқ секілді.
– Өзімізді өтірік жұбатуды қоятын мезгіл жетті, қалыптасқан мемлекетке айналдық. Меніңше, заң жобасының мазмұнын тексеретін мемлекеттік комиссия құрылып, оның төрағасын Президент бекіткені абзал. Кезінде Ататүрік арнайы агенттік құрған, оның шешімдері Үкімет шешімдеріне қарағанда жоға-ры саналды. Мемлекеттік амбудсмен қызметін атқаратындай етуіміз керек. Малайзияда да тілге байланысты осындай құрылым жұмыс істейді. Ол мекеме лингвистикалық сараптамадан өткізіп, бекітпей ешбір орган қол қоймайды, – дейді Қайрат Сарыбай. Осы тұста әңгімеге араласқан Оразкүл Асанғазықызына «Сол Малайзияңа біздің әрбір Тіл комитетінің төрағасы бюджеттің есебінен он реттен барған шығар, бірақ қандай пайдалы тәжірибе әкелгенін ешкім білмейді және ешкім сұрамайды» деген ойын ешкім теріске шығаруға тырысқан жоқ.
Үкіметтен жеткен өкілдердің де сөзінде жан бар. Алдымен, заң жобасын әзірлеуге қатысты мерзім сақталмайды. Министрлік наурыз айында жобаны Үкіметке, мамырда Парламентке енгізу қажет болса, С.Ахметовтың кеңсесіне сол мамырдың өзінде әрең жетіп, жауаптылар бірнеше күннен соң Мәжіліске жіберуіміз керек деп жанталасады. Қалыптасқан процеске сәйкес заңның алдымен ресми нұсқасы жазылады да, сарапшылар ары-бері аударыстырып, тиісті талаптарға сәйкестендіреді. Үкіметке жолдауға бір күн қалғанда, аудармашыларға қазақ тіліне аударуға береді. Тағы да жартыкеш бастықтар «таңертеңге дейін дайын болсын» дегенді қосып, мамандарды түні бойы жұмыс істетуге мәжбүрлейді. Орысшасы екі ай, қазақшасы екі күнде дайындалған жобадан қандай мазмұн күтесіз? Сірә, осындай жүйесіздіктен әбден шаршаған аудармашылар болса керек, артқы орындыққа жайғасқан бір топ адам қол соғып, дуылдағанына қарағанда көтерілген мәселе шындық.
Заң шығару институтының директоры, профессор Асылбек Смағұловтың мәлімдеуінше, еліміздегі қабылданған заңдар мен Президенттің Жарлықтарында орыс тіліндегі бір сөз қазақ тілінде төрт түрлі етіп аударылған. Оның бір себебі Терминком отырысының жылына бір-ақ рет отырыс өткізетін мардымсыз шала-жансар тірлігі мен қабылдаған сөздердің Үкімет қаулысымен бекітілмегендіктен заңды күші жоқтығымен байланысты. Сондай-ақ Парламенттен сапасыз аудармасына орай кері қайтарылған құжатты әзірлеген министрліктердің ғылыми лингвистикалық сараптама жасатпай-ақ Мәжілістің партасына тастай салатындығы анықталған. Қозғалған өзекті мәселенің әбден шыңына жеткендігі көрініп тұр, оның шешу жолдары да жан-жақты айтылды.
Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ
Астана қаласы