АЛТЫНОРДА
Новости

«ШЕТЕЛДІ КӨРДІМ…»

Кейде бір ой келеді: – Егер сәбет өкі­меті тарқап кетпегенде, біз қазіргі игі­ліктерді көрер ме едік, көрмес пе едік?!.

Бәлкім, көрген де, көретін де болар­мыз: бірақ тап бүгінгідей емес, мүмкін 30-50 жылдан кейін…

Сосын ойланасың: – Темір тұғырлы то­та­литарлық жүйенің быт-шыт болып күй­регені, одақтас он бес елдің өз егемен­дігін алғаны, қазіргідей тәуелсіз елде өмір сүріп жатқанымыз қандай жақсы болған! – деп.

Жаңажылдық каникулға елден бір бауырымыздың баласы келген. Алматы­дағы «Достық-Плаза» кешеніне кірген. Жарқыраған, жалтылдаған ғимараттың іші-сыртын көрген соң айтқаны: – «Мен шетелді көрдім!».

Осыдан он шақты жыл бұрын Кен­таудан Досжан атты бір бала келген еді. «Алма-Арасан» шатқалындағы пло­тина үстінен жарқырай жанған Алматы қаласының түнгі шамдарын көріп, тамсанып тұрып: – «Мен шетелді көрдім» деген еді.

Араға он шақты жыл салып, мына бала да сол сөзді қайталап айтып тұр. Расында, қазір шетел не? Қазақстан не? Не керектің бәрі бар заман: әлемдегі ең бренд деген заттарыңыз қазақстандықтардың үстінде, қолында, астында жүр; ең сәнді деген үлгідегі киім, ең қымбат тұтыну бұйым­дары – айфонның неше атасы, көліктің ең соңғы қымбат нұсқасы бізге таңсық емес; Қазақ­стан азаматтары қазір құдалық рәсіміне дейін шетелдің ең қымбат деген мейман­ханасында өткізе бастады; кез келген елдің ең қымбат курортында демалады; Қа­зақ­стандағы той-томалаққа да шетелдің «мен деген» әнші, өнер­паздарын шақырады. Бәрін тізбелеп қайтейік, оның бәрін өзіңіз де күнде көріп, естіп, біліп жүрсіз.

Ұялы телефонның неше атасы – бала­лардың қолында. Жаңа туған балаға дейін қалтателефонның құлағында ойнайды. Ішкі функцияларын шемішкеше шағады. Шетелдік кинолардан көретін көріністің бәрі елдің көз алдында. Бұрын арман болса, бұл күнде кәдімгі үйреншікті көрініске айналған.

Осындайда сәбет өкіметі кезіндегі екі тиындық телефон будкалары еске түседі. Әр кварталға орналастырылған сол будкалардың көбісінде телефон трубкасы жұлынған, нөмір теретін нүктелері жұлып алынған, сымдары үзілген; әлдеқандай шұғыл себеппен қоңырау шалу қажет болғанда бір будкадан екінші бір будкаға жын ұрған адамша, шапқылап жүгірген не сән?!. Болмаса Абылай хан мен Жамбыл көшесінің қиылысындағы «Тілдесу тірегі» есіңізде ме? Шалғайдағы елді мекендерге қоңырау шалу үшін тапсырыс беріп, қаптаған кезекте сарыла күтіп, соңында «линия зақымдалған» деген желеумен сөйлесе алмай, басыңыз салбырап үйіңізге қайтатыныңызды ұмыттыңыз ба?..

Өзіміз мыңғыртып мал өсірсек те, тіскебасар қызыл етке жарымай, еттің кезегінде тұрған кездер ше?

Қанша сауын сиырымыз болса да, сүт өнімдеріне жарымай, қаймақ пен сүт алу үшін таңғы төрттен кәтөлегімізді қаңғыр­латып, орыстың кемпір-шалдарымен ке­зек­ке таласып, енді кезегіміз жете бер­генде сүт пен қаймақ таусылып қалып, ұн­жыр­ға­мыз түсіп, мойнымыз салбырап үйге оралатын кездерді де тез ұмытыппыз-ау!..

Адамның жадысы қанша мықты болса да, осындай кезеңдердің болғанын жылдам естен шығардық. Құдды жоғарыдағы жәйт­тердің бәрінің бізге еш қатысы жоқ секілді. Заман тап осы қалыптағыдай, бұрыннан осындай болғандай…

Астананың салынуымен Қазақстанның барлық облыс орталықтары, ірі қалалары жарыса дами бастады. Қазір «шетелді көру үшін» тым алысқа барудың да қажеті ша­малы. Шетелді көремін дегендерге әңгіме жоқ: қалтаңызда қаражат болса, әлемнің кез келген еліне жол тарта аласыз; туристік жол­дамамен кез келген мықты демалыс айма­ғына бару қиын емес; Елбасы бірқатар мықты мемлекетке визасыз бару мүмкіндігін жасап берді; қалай болғанда да шетел бүгінгі қазақстандықтар үшін баяғыдағыдай алыс арман болмай қалды. Сәбет өкіметі кезінде шетелге шығу екінің бірінің тағдыр-талайы­на жазылмаған болатын; зәуде бір бара қалса, міндетті түрде бір салпаң құлақ соңы­нан қалмайтын; Парижге барып, Мұстафа Шоқайдың үйінде қонақта болып, дас­тар­ханынан дәм татқаны үшін атақты Әміре Қашаубаевтың өнері де, өмірі де ерте сол­ды…

Партия, комсомол қатарына кіру кезін­де «Шетелде туысқаның жоқ па?» деген қатаң сұрақ алдыңнан шығатын. Шетел – зұлымдық пен жамандықтың ордасы ре­тінде санаға сіңдірілді. Соның салдарынан ұзақ жылдар бойы Қазақстан темір перденің саңылауынан сығалағаннан басқа, адамзат баласы пайдаланатын игіліктердің бәрінен жұрдай болып келді.

Біз қазір әлемдегі ең мықты отыз елдің қатарына кірудің қамындамыз. Спортшы биіктікке секірер болса, ең жоғары план­каны меже етіп алады. Біздің ел де сондай планканы меже тұтты. Несі бар, жақсы бастама. Алайда, қала мен ауыл қатар дамыса деген тілектің көкейді тескілейтіні анық. Былтыр Оңтүстік Корея елінде бол­дық. Әбден дамып кеткен ел. «Сырт көз – сыншы» дегендей, осы елдің әжетхана­ла­ры­на арнайы көз қырын сала жүрдім. Сеул­дегі бес жұлдызды мейманханалардағы әжетхана жабдықтары мен елдің астана­сынан 500 шақырым жердегі Тэджон қала­сындағы, тіпті оның маңындағы шағын мар­кеттер мен кішігірім асханалардағы әжетханада ешқандай айырмашылық жоқ. Бәрінде дәрет алатын жылы, ыстық, салқын су, адам жанына не керектің бәрі бар…Астана мен Алматының көпшілікке арнал­ған сауда, ойын-сауық орталықтарындағы қолайлы жағдай ауылда бар ма? Жоқ болса, қашан болады?!. Сірә, отыз елді біз қуып жетіп жатсақ, тіпті жақсы; болмаған күннің өзінде ауылдағы елді газбен, ыстық және суық сумен, әлгіндегідей әмбебап әжет­ханалармен қамтамасыз ете алған күннің өзінде қойған мақсатымыздың дұрыстығына көз жетеді.

«Барға – қанағат, жоққа – салауат» дейтін елміз. Біз енді бұрынғыша өмір сүре алмаймыз. Барған сайын болған үстіне бола түссе дейміз. Жақсарған үстіне жақсара берсе деп тілейміз. Қолда бардың бәріне әйтеуір, қанағат етіп отыра беру бізге жат. Қоғамның дені дұрыс болғаны, азамат­тар­дың жақсы да жайлы өмір сүргені – талай адамның ізгі арманы. Арманға қол жеткізу мүмкін де емес шығар… Ал мақсатқа қол жеткізуге болады.

Енді біз тоқтай алмаймыз. Тек алға, тек қана алға ұмтылу қажет.

Тоқтауға қақымыз да жоқ.

Өйткені әрқайсысымыз өз әлімізше «ше­тел­ді көрдік қой!..». Көрмесек, білмесек бір жөн еді…

«Мың өліп, мың тірілген» қазақ бала­сының да әлем халықтарының қатарында жақсы өмір сүруге толық қақысы бар!

Сенбесеңіз: шетелді көріңіз!

http://www.aikyn.kz/news/view/63260