АЛТЫНОРДА
Новости

 Шетелдік маман он бір есе жоғары жалақы алады

Біздің елде еңбек ететін шетелдік мамандар жалақысының қазақстандық әріптестеріне қарағанда жоғары екені туралы аз айтылып жүрген жоқ. Ал енді шетелдіктер мен қазақстандықтар арасындағы еңбекақы айырмашылығы 11 есе екенін естіп пе едіңіз? Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінде өткен брифингте осындай ақпар таратылды. 


«Кейбір компанияларда­ғы жалақы айырмашылығы 11 есені құрайды. Мәселен, «Экспертиз с.р.л.» компания­сының Атырау облы­сында­ғы бөлімінде еңбек ететін са­па жөніндегі қа­зақ­стандық инженердің жалақысы 170 674 теңге, ал шетелдік әріптесінің жала­қысы 1 млн 908 550 теңге.
Батыс Қазақстан облы­сын­да да осындай 10 жағдай анықталды. Скважиналық опе­рациялар бөлімінің бірін­­ші деңгейдегі шетелдік инже­нері
2 млн  675 426 мың теңге  жа­ла­қы алады. Дәл сондай қызметті атқаратын қазақстандық ма­­­манның ең­бекақысы 375 823 теңге, яғни 7 есеге төмен. Бұл факті­лер негізінде жұмыс бе­руші­лер әкімшілік жауапкер­шілік­ке тартылады», – деді министр­ліктің баспасөз хат­шы­сы Ернұр Бурахан.
Бұл фактілердің барлы­ғы қаңтар, ақпан айында ең­бек инспекторларының құ­зыр­лы орындармен бірге шетел­дік мамандар еңбек ететін ком­панияларға жүргізген жоспардан тыс тексерулері­нен кейін белгілі болып отыр. Тексерілген 190 компанияның 51-інде 108 еңбекақы айыр­машылығы анықтал­ған. Ол компаниялардың 6-ы қазақ­стан­дық ұйымдар да, қалға­ны шетелдік ком­паниялар. Жалақысында айтарлық­тай алшақтық анықталған шетелдік ма­ман­дар Қытай, Түркия, Ита­лия, Үндістан, Корей, Ұлы­британия, Украи­на, Өз­бекстан, Сербия, Мол­дова, Канада, Дания, Польша, Азербайжан, Ресей, Румы­ния, Аустралия, Беларусь, Ве­несуэла, Филип­пин елде­рі­нен келген. Жа­лақы айыр­машылығы жиі кез­де­сетін өңірлер көшін Қы­зылорда мен Атырау облыс­тары бастап тұр. Одан кейін­гі орында Оң­түстік Қазақ­стан, Алматы облыстары келеді.

Негізінен, шетелдік жұмыс күші құры­лыста, тау-кен өндірісінде, қызмет көрсету саласында, соның ішінде жылжымайтын мүлікпен байланысты операциялар, тұты­нушыларға қызмет көрсету және өңдеу саласында тартылған. «Қазіргі таңда прокуратураның ұсыны­сы бойынша еңбек инспекторлары 22 жұмыс берушіге заң бұзушылықты жою туралы нұсқау беріп,  1 млн 99 мың теңгені құрайтын 27 әкімшілік айыппұл салды. Қазір бұл шараны жұмыс берушілер талқылауда. Тексерістің қорытындысы шығып, мәселе әлеуметтік әріптестермен талқыланғаннан кейін қолданыстағы заңнаманы жетілдіру­ге қатысты ұсыныстар жасалады», – дейді Е.Бу­рахан.

Ол қандай ұсыныстар болуы мүмкін?  Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Бақылау және әлеуметтік қорғау комитеті төрағасының орынбасары Төлеген  Оспанқұловтың айтуынша,   Әкім­шілік құқық бұзушылық кодекс мен Еңбек кодексіне өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Ол өзгерістер жұмыс берушілерге қолданылатын шараны күшейтуге бағыт­талған. Ал оның нақты қандай шара екенін ашып айтпады.
Осы тұста айта кетерлігі, әлгі заң бұзу­шылыққа жол берді деп танылған 51 ме­кеменің ішінде қателіктерін мойындап, жалақыны теңестіріп жатқандары бар екен. Арасында еңбек инспекторларының нұсқамаларымен келіспей, сотқа жүгініп жатқан компаниялар да жоқ емес. Солай екен деп аянып қалатын министрлікті көрме­дік. Олар жалақы теңестіруге келіспейтіндер­мен әңгімені сотта жалғастыруға ниетті. «Қазіргі күні нақты шара қолдандық деп айта ал­маймыз, табылған қателіктердің барлығына нұсқама берілді. Соның орындалуына қайтадан тексеру жүреді, нұсқама орын­далмаса, ол мекемелерді министрлік сотқа береді», – деді Төлеген Қапақұлы.

Біздегі дерек бойынша, Қазақстанға жылына 25-30 мыңдай шетелдік азамат келіп жұмыс істейді екен.Оларға жұмыс беріп отырған мекемелер саны 3 мыңнан асады. Бір анығы, шетелдік мамандардың барлығы бір­дей жоғары жалақы алып отыр деуге бол­майды. Негізінен, біздің елде қат болып тұр­ған кәсіби мамандарға ғана жоғары жалақы төленеді. Себебі шеттен келетін маманның талабы солай, ын­таландырмаса еліне кетіп қалады. Ал елімізде ондай маман жоқтың қасы. Сон­дықтан жұмыс берушіні жоғары жалақы төледің деп жазғыру қаншалықты қисынды деген ой келеді. Бұл жерде таяқтың бір ұшы жұмыс берушілерге қажетті кәсіби маман даярлап бере алмай тұрған білім беру саласына тиіп тұрғанын мойындауымыз керек емес пе?

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ
Астана

 

http://www.aikyn.kz