АЛТЫНОРДА
Новости

Шетелдікпен істейтін жұмысымыз тең, айлығымыз 10 есе кем

Абай ОМАРОВ (коллаж)

Бүгінгі таңда Қазақстан әлемнің көптеген елдерімен іскерлік қарым-қатынас жасап келеді. Шетелдік инвесторлар экономиканың түрлі саласында қызмет жасай бастады. Шикі­затқа бай біздің елімізде химиялық элементтің барлығын да табуға болатыны белгілі. Өзге елдің қаржысы мол компаниясы қазақ жерін­де еңбек етуіне барлық мүмкіндіктер жасалған. Біздің де олардың жұмыс жасауына ешқандай қарсылығымыз жоқ. Десе де, соларға байланысты біршама түйткілдер де баршылық. Бастысы, онда еңбек ететін шетелдік және отандық мамандардың жала­қысы жөнінде айтылатын әңгімелер жетерлік. Шекара асып келген қызметкер шекесі шыл­қи­тын айлық алады. Өкінішке қарай, қазақ­­стан­дық маман одан бірнеше есе төмен ақша­ны місе тұтуға мәжбүр. Бұл мәселе бірнеше жыл­дан бері қозғалып келеді. Әйтсе де аталмыш әлеуметтік мәселе әлі күнге дейін кездеседі.

Рас, кезінде тек шикізатқа арқа сүйеген Қазақ­стан үшін кейбір салаларда мамандар жетіспейтіні тағы бар. Осыны алға тартып, өз елінен қызметкер алып келетін компаниялар аз емес. Оған да еш­кім­нің дауы болмас. Біліктілігі жоғары мамандар ком­панияның қалыпты жұмыс жасауына септігін тигі­зері анық. Дегенмен дәл сондай маман өзіміз­де болғанымен, оны қаншама жерден аттай қалап шақыруға не себеп? Бұл жерде кейбір шетелдік ин­весторлар құйтырқы саясат ұстанатынын несіне жа­сырамыз? Алып келген маманға қомақты қар­жы береді. Сондай қызметтегі қазақстандық ма­ман шетке ысырылып қалады. Болмаса, ауыз тұ­шыт­пайтын айлық алады. Бұл – біздің еліміздің қай аймағында да кездесіп отырған жағдай.

Сыр бойында да қаншама шетелдік компания бар. Басым бөлігі тау-кен саласының еншісіне тие­ді. Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеу­­меттік қорғау департаменті осы мақсатта то­ғыз мекемеге тексеру жүргізді. Оның қорытындысы көпті ойландырады. Әуелгі әңгімені өңірдегі іргелі ком­пания – «Петро Қазақстан» акционерлік қоға­мы­нан бастасақ, мұнда да талай кемшілік орын алған. Қытайлық инвесторлар өз елінен келген учас­ке шеберіне 3 млн теңгеден асатын жалақы қо­йыпты. Өкініштісі, дәл сол қызметтегі қазақстан­дық азамат одан он есе аз айлық алады екен. Сонда қы­тай­лық учаске шебері біздің еліміздің маманынан он есе артық жұмыс жасай ма? Атқаратын қызметі бір­дей. Онда айырмашылық неге жер мен көктей? Қы­тайлық компания жер астындағы қазба бай­лық­ты өз елінен арқалап алып келген бе? Қазақтың бағына бұйырған кен орнынан «қара алтын» өндіріп жатыр. Ендеше, айлық жөнінен не себепті алалауға жол беріліп отыр?

 Абай ОМАРОВ (коллаж)

Сондай-ақ «Петро Қазақ­стан­да­ғы» жетекші инженердің жала­қы­сында 8,3, топ жетекшісінде 4,3 есе айырмашы­лық бар. Мұндай жағ­дай «Қаз­гермұнайда» да кездеседі. Жергілікті бас геолог 350 мың теңгедей ақ­ша алса, ше­телдік әріпте­сіне 1,3 млн тең­ге жала­қы берілген. Осын­дай ке­лең­сіз көрініс «СНПС «Айданмұнай», «Азер­корпу», «Ак­корд-Окан» компания­ла­рын­да байқалды.

Нұрлыбек ЖОЛДАСБАЕВ, Қызылорда облысы бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің басшысы:

– Кейбір компанияларда лауазым­дық еңбекақысы мен аумақтық үстем­ақы­сымен қоса, еңбек және ұжымдық шартта көрсетілмеген төлемдер төлен­ген. Атап айтқанда, шетелдік қызмет­кер телефон байланысы кезекшілігі, ұя­лы телефон байланысы, сыйақы, на­рықтық үстемақы, вахта ауысымы үшін үстемақы, жекеменшіктің сақтанды­ры­луы секілді көмектер алып келген. Со­ны­мен қатар арнайы жұмыс жағдайы мен медициналық, қаржылық, жұмыс берушінің жауапкершілігін сақтандыру, заттарын сақтаумен байланысты шы­ғын­дарға, балаларының оқуына, өкілді шығындарға, жеке табыс салығы секіл­ді үстемақылар берілген. 

Қысқасы, шетелдік мамандар ағыл-тегіл ақшаға кенелген. Алайда қазақстан­дық қызметкер ондай сыйақы мен үстем­ақыдан қағылып келген көрінеді. Қалай десек те, бұл жерде шетелдік компанияның өзімбілермендігін байқау қиынға соға қоймас. Бірақ Қазақстанның бұл тұрғыда өз заңдылығы бар емес пе? Біздің заңы­мыз­ға бағынбай, әркім ойына келгенін жа­сай беруге бола ма? Әрине, жоқ. Қай уақытта да шетелдік компаниялар сол ел­дің талабына бас шұлғуы тиіс. Дегенмен біздің әлсіз жағымыз да бар секілді. Осын­дай жөнсіздікке жол берген компания ке­ле­шекте аяғын тартып жүретін талаптарды неге қоймаймыз? Оның қандай тетігі бар? Біздің осы тұрғыда ойланғанымыз артық­тық етпейді. Әйтпесе қаншама жылдан бері өз айтқанымен жүріп келген компа­ния­лар аяғының ұшымен баса қоя ма?

Тағы бір айта кетерлігі, шетелдік ком­па­нияларда жергілікті мамандар көбінесе жоғары қызметтің құлағын ұстай алмайды. Яғни екінші және үшінші сатыдағы жұ­мыс­тардан аспайды. Былай алып қарағанда, қоғаммен байланыс және өзге де кәсіп­тер­ді місе тұтады. Жалпы, шетелдік және жергілікті мамандардың біліктілік қабіле­ті таразыға тартыла ма? Яки шетелдік ин­вестор кімді қай қызметке қойғысы келеді, оны өзі шеше ме? Өйткені елдің арасында сауатты, өз кәсібі бойынша тәжірибесі мол, біліктілік деңгейі жоғары мамандар да аз емес қой.

Қазіргі таңда ондай компанияларда жер­гілікті мамандардың санын өсіруге мән беріліп жүргені белгілі. Әйткенмен ше­тел­дік инвесторлар техникалық маман­дық­тарға бейімделген қызметкерлерді да­йындауға онша құлықты емес екені аңға­рылады.

Қырымбек КӨШЕРБАЕВ, Қызылорда облысының әкімі:

– Біз инвесторлардың шетелдік жұмыс күшін тарту мақсатын түсінеміз. Әлемдік тәжірибеде ондай үрдіс бар. Елбасымыз қазақстандық мазмұнды арттыру жөнінде тапсырма берген. Сол тапсырма міндетті түрде орындалуы қажет. Шетелдерден кәсіпорындардың аяғынан тұрып кетуіне ықпал жасайтын мамандардың шақырылып жатқанына күмәніміз жоқ. Дегенмен олар жергілік­ті мамандар мен жастардың арасынан қазақстандық мамандардың санын өсіруге көңіл бөлгені орынды болады. Алдағы уақытта Қызылорда облысы бо­йынша бақылау және әлеуметтік қор­ғау департаменті компанияларға жалақы төлеудегі сәйкессіздік туралы ақ­паратты жолдап отырады. Келешекте бұл тұрғыда ешқандай сәйкессіздік бол­мағаны дұрыс. 

Шындығын айтқанда, бізде жастардың техникалық мамандықтарда білім алуы әлі де кемшін түсіп тұрған жайы бар. Келе­шекте сол дұрыс жолға қойылса, шөміштің сабын да өзіміз ұстай алар едік. Өзіңнің қамыңды өзің ойламасаң, өзгенің бас ауырта қоймайтынын осындай жағдайлар көрсетіп отыр емес пе?

Автор: Әділжан ҮМБЕТ, Қызылорда облысы

http://alashainasy.kz/main/42051/